Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:34, 10 Қазан 2023

Парламент қандай келісімді мақұлдағанын біле ме?

парламент
Фото: Ж. Жумабекова

Биыл 20 қыркүйекте Қазақстан мен Қытай өз азаматтары жайлы ақпарат алмасатыны туралы келісімді Мәжіліс мақұлдаған. Өткен аптада бұл заң сенатта қолдау тапты. Енді президент қол қойса, құжат ресми күшіне енеді.

Алдына келген әрбір заңды талғаусыз «жұтатын» мәжілісмендер мен «ақыл тоқтатқан» сенаторлар бұл келісімнен бізге еш қауіп жоқ екенін айтып отыр. Бірақ екі ел баспасөзінде желдей ескен ақпараттар көңілге күдік ұялатады. Әсіресе қытайлық БАҚ жұтынып тұр. Олар осы заң арқылы «бетімен кеткен қазақты» жөнге салмақ ниетте. «Келісім күшіне енген соң қытай азаматы (қытай қазағы) Қазақстан азаматтығына өткісі келсе, міндетті түрде Қытайдың келісімін алуы қажет. Сондай-ақ, Қытай үкіметі талап етсе, Қазақстан үкіметі Қытайдан көшіп, Қазақстан азаматтығын алған кез келген адамды кері қайтаруға міндетті», – деп жазып жатқан сайттар бар.

Бірақ біздің ресми органдар «бәрі бақылауда» деп арқаны кеңге салып отыр. Әрине, бұл заңға сүйеніп қытайлар әр қазақты желкелеп әкете алмайтын шығар. Бірақ қауіп етпеске болмайды. Бұл келісім бес-он, тіпті бір-екі қазаққа зиянын тигізсе де, біз үшін оңай жоғалту болмайды. Егер өздеріне еш пайдасы болмаса, қытайлар екі елді дүрліктіріп, мұндай заң шығармас еді.

Күмәнді келісімнің біздің елге пайда-зияны жайлы сұраққа шенділер жөнді жауап бермей жүр. Бәрі бұл заң «қандастарды қудалауға себеп болмайды» деп сендіргісі келеді. Бірақ нақты неге сүйеніп, осындай уәде беріп отырғандары белгісіз. Тіпті сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың өзі құжатта нақты не жазылғанын анық білмейді.

Ол: «Бұл – ІІМ құзыретіндегі мәселе. Толық жауап бере алмаймын. Бірақ менің білуімше, бұл құжат екі ел арасындағы қос азаматтықпен жүрген азаматтарды анықтап, заңсыздыққа жол бермеу үшін жасалып отыр. Карантиннен кейін мыңдаған қандас елге келді. Бұл біздің Қытай тарапымен тығыз жұмыстың нәтижесі, сондықтан бұдан қорқудың еш қажеті жоқ. Тек заңсыз құжатпен жүрген азаматтарды анықтауыүшін жасалып жатыр», – деді.

Осы келісімнен елге еш қауіп жоқ екенін айтқан министр де, депутат та сөз соңында «кейбір адам заңсыз құжатпен жүр» немесе «кейбір адамда қос азаматтық бар» дегенді айтады. Мәселені бәрі осы «кейбір» деген сөзде тұр. Қытай кез келген адамды осы «кейбірдің» қатарына қосып жіберуі мүмкін. Өйткені біздің билік қытайлар айтып жүрген «қос азаматтық» дегеннің не екенін білмей жүрген сияқты. Тіпті құқық қорғаушы, заңгерлер де мұның мән-жайын білмейтін болып шықты. Демек, Қытай бір қандасқа «қос азаматтығы бар» деп айып таға қалса, оған билік те, заңгерлер де ара түсе алмауы мүмкін.

Дүниежүзі қазақ қауымдастығы Алматы бөлімшесінің бастығы Омарәлі Әділбекұлының айтуынша, бұрын «қос азаматтық» деген проблема болмаған.

«Бұрын Қазақстан азаматтығын алған соң қызыл паспортты біртұтас қалалық көші-қон полициясына өткізетін. Полицейлер оны Сыртқы істер министрлігіне, ал олар Қытай елшілігіне беретін. Бұрын мұны аса қаузамайтын. 2016-17 жылдары Қытайда қуғын-сүргін басталғанда Қытайдағы тіркеуін консулға барып өшіру керек деген заң шықты. Бастапқыда барған адамдардың тіркеуін тез өшіріп тұрған. Кейін бұл процесс қиындап кетті. Әсіресе мемлекеттік қызметте болған кісілерден бұрынғы жұмыс істеген мекемесінен анықтама әкелуді сұрап отыр. Ол анықтаманы алу қиын. Осы мәселе үлкен кедергі болып отыр. Бірақ Қытай осы заңға сүйеніп, Қытайдан келген қазақтарды қайта шақырып алады деп ойламаймын», – дейді көші-қон мәселесімен көптен айналысып жүрген маман.

Бұған дейін «қос азаматтық» мәселесін Қытай қолдан жасап отырғанын жазған едік. Бейжіңнің өз заңы бойынша «өзге елдің азаматтығын алған адам Қытай тіркеуінен шығады». Бірақ Қазақстан азаматы атанғанына он жыл болған адамдардың өзі қызыл паспорттан құтыла алмай жүр. Қытайлар түрлі сылтау тауып, Қазақстан азаматын бұрынғы тіркеуінен шығармай отыр. Тіпті тіркеуден шығарған күннің өзінде, сөзінен танып кетуі мүмкін. Қытайтанушы-журналист Қалиакбар Үсемханұлы Қытай азаматтығынан шыққаны туралы анықтамаға сенім жоқ екенін айтады. «Бейжің кез келген күні қандастар қолындағы анықтаманың жалған екенін айтып, базадағы бұрынғы азаматтықты тірілте салуы мүмкін», – дейді.

Бұл жай болжам емес, мұндай жағдай жақында болды. Қазақстанға 2006 жылы көшіп келіп, 2010 жылы азаматтық алған Жанбота Айдын 2023 жылы Қытайда «қос азаматтық» дауына тап болған. Ең маңыздысы, ол 2018 жылы Қытай тіркеуінен ресми шыққан екен. Қолында тіркеуден шыққаны жөнінде анықтамасы бар, ол құжатпен біз де таныстық. Бірақ қытайлар өзі берген анықтаманы өздері мойындамай отыр.

«Қазақстанға 2006 жылы көшіп келіп, 9-сыныптан бастап мектепте оқыдым. 2010 жылы көк паспорт алдым. 2006 жылдан 2018 жылға дейін Қытайға барған жоқпын. 2018 жылы онлайн тіркеліп, Харбин қаласына докторантураға оқуға түстім. Сол жылы қыркүйекте Қытайға өтіп, сол жақтағы тіркеуден ресми шықтым. 2020 жылы қаңтарға дейін сол жақта оқыдым. Кейін коронавирус болып, екі жыл онлайн білім алдық. Ал биыл ақпанда Харбинге диссертация қорғауға бардым. 10 наурыз күні университеттің шетелдік студенттерге жауапты қызметкерлері келіп, қос азаматтық пайдаланғанымды айтып, полицияға баруың керек деді. Ал мен Қазақстан елшілігінен адамы келмесе, полицияға бармайтынымды жеткіздім. Осыдан кейін олар мені 13 күн жатақхана бөлмесіне қамап қойды, тамақ берген жоқ, тек су ішіп жаттым. Тіпті жаңағы қызметкерлер «өміріңе қауіп төніп тұр» деп ашық қорқыту әрекетіне барды. 23 наурыз күні видео түсіріп, VPN арқылы халықаралық құқық қорғаушылар мен үйдегілерге жібердім. Содан хабар тапқан болу керек, полицияға бармауыма рұқсат беріп, бір жылға виза ашып берді. Мәселе осылай шешілгендей болған. Бірақ 17 мамырда тағы бәле іздей бастады. Университет қызметкерлері түсініксіз бір құжаттар әкеліп, қол қоюымды сұрады. Тіпті бопсалап, қол көтерді. Телефонымды тартып алуға тырысты. Осыны естіген соң үйдегілер «оқу мен дипломды ұмыт, амандығың маңызды, елге қайт», деді, өзім де осыны жөн көріп, елге қайттым», – дейді Жанбота.

Қазақстан азаматтығын алғанына бірнеше жыл болса да Қытай тіркеуінен шыға алмай жүрген қазақ көп. Біздің редакцияға 2014 жылы көк паспорт алған Әбіл Дәлелхан (сұрауы бойынша аты-жөні өзгертілді) деген кісі келді. Оның айтуынша, азаматтық алғанына 10 жылға жуықтаса да, Қытайдағы тіркеуі әлі өшпепті. Мұны оған сол жақтағы полицейлер айтыпты. Ал Күпәш есімді тұрғын қызыл паспортын қиғыза алмай жүргендер әлеуметтік желіде арнайы топ құрғанын айтты. «Паспортты қидыру үшін Қытай консулына бару керек, олар кезек береді, кезек 3-4 айдан кейін келуі мүмкін. Одан кейін де біршама құжат жинауға тура келеді. Менің ойымша, паспортын қидырып, тіркеуден шыққандар аз. Бәрі жұмысын бітіре алмай жүр», дейді ол.

Осы мысалдар көп сұраққа жауап болары анық. Аталған келісім күшіне енсе, Қытайдан келген кез келген қандас Жанбота сияқты әуреге тап болуы мүмкін. Сол үшін қазақ билігі бұл мәселеге бей-жай қарамай, түбін зерттегені жөн.

Біздің заңгерлер мен шенділер қандастарды екі елден зейнетақы алады деп кінәлап жүр. Бірақ Қытай заңы бойынша азамат шетелге көшіп кетсе де оған зейнетақы төлей береді екен. Демек, қандастарымыз Қытайда ондаған жыл қызмет істеген маңдай терінің өтеуін алып жүр деген сөз. Омарәлі Әділбекұлы Қытайдың зейнетақы жүйесін түсіндіріп берді.

«Қытай зейнетке заңды түрде көшкен адамға зейнетақы төлей береді, оны тоқтатпайды. Ертеректе Қытайда «Батыс өңірді ашу» деген саясат жүріп, шекара өңірде жұмыс істейтін қызметкерлердің шекара саудасын істеуге рұқсат беріп, зейнетке шығарған. Кейін «Қос тілді оқыту» саясаты кезінде қытай тілінде сабақ өте алмайтын мұғалімдерді де жалақысының 80-90%-ын сақтай отырып, зейнетке шығарды. Мұның бәрі мемлекет саясаты бойынша заңды зейнетке кеткен кісілер.

Осы мәселені ШҰАР саяси кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбілмәжін біздің елге келгенде көтеріп, заңды түрде зейнетке шығып, Қазақстанға келген адамдардың зейнетақысын тоқтату дұрыс емес екенін айттық. Осыдан кейін Қытай тарапы оларға зейнетақы төлеуге рұқсат берді. Мен кезінде Бейжіңде оқығанмын, сол кезде бірге оқыған қытай таныстарымның кейбірі қазір Канада, Аустралия сияқты елдерде тұрады. Олар әлі Қытайдан зейнетақы алып отыр. Қытайдың Астанадағы бұрынғы бас елшісі Чжан Ханьхой «Қытайда жұмыс істеп зейнетке шыққан адамдардың зейнетақысы тоқтамайды. Өйткені олар социалистік құрылыс пен төңкеріске үлес қосты. Олар Африкада жүрсе де, Америкада жүрсе де зейнетақысын тоқтатуға ешкімнің қақысы жоқ» деген.

Бірақ Қазақстан заңы бойынша екі елден зейнетақы алуға болмайды. Дегенмен Қазақстан үкіметі қай елден зейнетақы алуды азаматтардың өз таңдауына қалдырып отыр. Қытайда зейнетақы жоғары болғандықтан, көбі сол елден алуды таңдайды. Бірақ кейінгі кезде Қытайда зейнетақы төлейтін орган ауысқандықтан, кей кісінің зейнетақысы тоқтап жатқан жағдайлар бар», – дейді Әділбекұлы.

P.S. Қытайдың азаматтық туралы заңының 9-тармағына сай өзге ел азаматтығын алған адам Қытай тіркеуінен автоматты түрде шығады. Екіншіден, Қытай шетелге көшкен азаматтарына да зейнетақы төлейді. Демек, қазақ билігі Бейжіңнің «қазақтар қос азаматтық пайдаланды» және «екі елден зейнетақы» алды деген айыптауына ермегені жөн. Қандастар арасында заңсыз құжат пайдаланып жүргендер болса, заң аясында жекелей жазалауға болады. Сол үшін халықаралық келісім жасап, бүкіл қазақты қытайға жығып берудің қажеті қанша?!

Қуаныш Қаппас