Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Парламент кінәнің бәрін Үкіметке артып, каникулға шықты

Парламент
Фото: ашық дереккөз

Сегізінші рет сайланған парламент үшінші сессиясын тәмамдап, жазғы каникулға кетті. Маусым соңында қатарынан екі рет бірлескен отырыс өткізген парламент өткен аптаның жұмасында үкіметтің жұмысын бағалаған еді.

Бектенов командасының атқарып жатқан жұмысына сын көзбен қараған болып, сөзбен шымшып қоя берді де, кешегі дүйсенбіде қайта жиналып, енді өз жұмыстарын қорытындылады. Үкіметті мұнда да сынады. Сөйтіп, өз пайымдарына салғанда қарбытып жұмыс атқарған парламент осы сессиясын табысты аяқтап, жазғы каникулға алаңсыз бара жатқан сияқты. 

Парламенттегі шағын спектакль

Жазғы демалыстан бұрын өткен аптадағы бірлескен отырыс жайлы бірер сөз. 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуына арналған отырыста Магеррам Магеррамов пен Азат Перуашев өз фракциялары атынан сөйлеп, үкімет есебін қабылдамайтынын мәлімдеп, қарсы дауыс берді. Онысын өз бетінше түсіндірген депутаттар дерек-дәйектерін келтіргенімен, көңіліміз иланбайды. Алдымен, соған көз жүгіртіп көрейік.

Магеррам Мамедұлының айтуынша, үкімет есебін қабылдамауға мынадай бірнеше себеп бар. Біріншіден, республикалық бюджеттің 23,2%-ы Ұлттық қор қаражаты есебінен қамтамасыз етілген. Бірақ дамыған елдердегі сияқты, айталық, әлем тамсанып көз тігетін Норвегиядағыдай Ұлттық қорды бөлектеп, болашаққа қалдырып, тек салық, айыппұл, инвестициялық табыс секілді кіріс көздерімен күн көру біздің елде жақын уақытта орындалмайтыны түсінікті. Соған қарамастан, депутат Магеррамов осыны Бектеновтің бетіне салық қып басады.

Екіншіден, мұнай секторынан түсетін салық түсімі 2023 жылмен салыстырғанда 16,4%-ға азайған. Мысалы, Жоғары аудиторлық палата есебі бойынша 2024 жылы кірістер жоспары 98,1% деңгейінде орындалған. Алайда бұл жоспар қалай орындалып отыр? Трансферттер көлемі ұлғайған және қарыз алу көбейген. Олай дейтін себебі, 2023 жылы бюджет шығысының 53,8%-ы мұнай саласынан басқа көздерден түскен кірістер есебінен қамтамасыз етілген. Алайда бұл көрсеткіш былтыр 45,9%-ға дейін төмендеп кеткен. Бұл дегеніңіз – республикалық бюджеттің қара алтын саудасына, Ұлттық қорға және қарыз қаражатына тәуелділігі арта түскенін білдіреді. Мұндай жағдайда қайдағы экономика?!

Әріптесінің осындай сарындағы сөзін тағы бір фракция – «Ақ жол» партиясының төрағасы әрі мәжілістегі депутаттар тобының жетекшісі Азат Перуашев те қостап, ол да өзінше түйткілді мәселелерін ортаға салды. Айтуынша, әлеуметтік саланы қаржыландыру – өткен жылы 12%-ға өсіп, 9,6 трлн теңгеге дейін жеткен. Ал нақты секторға, керісінше, инвестициялар 2,9 трлн-ға дейін азайып, 20%-ға қысқарған. Демек, үкімет болашақ кірістің қамын ойлаудан гөрі, құмға сіңген судай әлеуметтік шығындарға 3 есе көп қаражат жұмсап отыр.

Екіншіден, квазимемлекеттік сектор әлі күнге «өзінше бір төбе» болып келе жатыр.

«Ақ жол» фракциясы 2024 жылға арналған бюджет жобасын талқылау кезінде Бюджет кодексіне квазимемлекеттік кәсіпорындардың барлық пайдасын бюджетке алуды талап еткен. Оның орнына «Самұрық-Қазына» қорының өзі таңдайтын ірі компаниялары кірісінің 50%-ын ғана бағыттау туралы норма қабылданды. Нәтижесінде, «Бәйтерек» холдингіндегі барлық даму институты мен банкі, жүздеген ӘКК, әкімдіктер мен министрліктердің жанындағы ЖШС-лардың табыстары тағы да бюджеттен тыс қалды», – дейді ол.

Қос депутаттың айтып отырған мәселелерінің өзекті екені сөзсіз. Бірақ тап сол айтылған түйткілдерді үкіметтің дәл қазір шеше алатын дәрмені жоқ. Оны осы депутаттардың өздері де біледі. Өйткені Ұлттық қор қаражатынсыз, мұнайдан түсетін табыссыз бюджеттің күні қараң екенін түсіну үшін экономист болудың қажеті жоқ. Ал тығырықтан шығу үшін үкімет биыл елдегі салық режиміне өзгеріс енгізіп, оның үстіне, ірі-ірі деген бірнеше компанияның дроперлік былығын әшкерелеп жатқаны осы Магеррамов пен Перуашевтардың көз алдынан өтіп жатыр. Осы тақырыпта Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжіліске әлденеше рет келіп баяндап, депутаттық корпуста талай рет қызу талқыға түскені баршаға мәлім. Ендеше, бюджеттің мұнайға, Ұлттық қорға тәуелділігі деген сықылды көп жылдан бері жауыр болған тақырыптар қазір жұртқа қызық емес. Соған қарағанда, бұл біздің парламенттегі «Әділетті Қазақстан» көрінісін бейнелеген шағын көрініске көбірек ұқсайды.

Айтпақшы, осы төменгі палатадағы қарсы дауыс беру үрдісі сонау Айқын Қоңыровтың кезінде ерекше көзге түскен. 2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет басшылығына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынғанда тап осы «Халық» партиясы фракциясының сол кездегі жетекшісі Айқын Қоңыровтың қолдамай қойғаны бар. Қарсы шығып жарытпаса да президенттің ұсынысын қолдамау сол кездегі қалыптасқан дағды бойынша көзге жат көрініс еді. Онда да қолдамайтынын нақты мысалдармен көрсетіп берудің орнына Айқын Ойратұлы: «Үкімет елден теріс айналды» деген сарында жалпақ сөзбен сырғытып өте салған. Төрде отырған мемлекет басшысы да оны «қолдамау деген қарсы шығу емес» деп қағытып, жиналыс әрі қарай өрби берген. Осы жолы да «Халық» партиясының фракциясы сол әдетінен жаңылмай, ел аузында жаттанды болған өзекті жайттармен шектеліп қалды.

Қошановтың сөзіндегі былтырғы сарын

Екі күн демалып алған депутаттар кешегі дүйсенбіде қайта жиналып, енді өз төрағаларының жарты сағаттық баяндамасын тыңдады. Қос палатаның табысты жұмысын жіпке тізгендей етіп сөйлеген Ерлан Қошанов та үкіметке қарата біраз сын айтты.

«Заңға сәйкес, қосымша қаржыны талап ететін ұсыныстар мен түзетулер үкіметтің қорытындысын қажет етеді. Өкінішке қарай, біз заң жобаларын қарау барысында үнемі үкіметтің қорытындыларын ұзақ күтуге мәжбүрміз. Кейде оларды 7 айға дейін күтеміз. Бұл жайт мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуын, халық күтіп отырған маңызды заңдардың уақытылы қабылдануын кешеуілдетеді», – дейді ол.

Сондай-ақ оның сөзінше, депутаттардың бастамаларына қатысты үкіметтің ұстанымы нақты болмайтын кездері де аз емес. Мәселен, депутаттар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң жобасымен жұмыс барысында Жер кодексінің бір бабына екі түрлі көзқарасты қамтитын түзетулер дайындаған. Ал берген қорытындысында үкімет ұсынылған екі нұсқаны да қолдаған. Сонымен қатар кейбір мемлекеттік органдардың әрекеттері де жүйелі жұмысты қажет етеді. Мәселен, үкімет бір палатадағы депутаттардың түзетулерін қолдамайды. Алайда дәл сол түзетулерді басқа палатада талқылау кезінде кенеттен олармен келісе кетеді.

Қошановтың сөзіндегі осы мысалдың көбі былтырғы мәтінінде де болған еді. Айталық, заң жобаларына қатысты министрліктердің қорытындысын 7-8 ай күтетіні былтыр да айтылған. Одан қалды, үкімет мүшелеріне жүздеген депутаттық сауал жолданатыны, оған лайықты жауап болмай, қайта сауал жолдатып, ақырында мәселенің шешімі шұбатылып кететіні де былтырғы мәтіннен келе жатқан сарын. Сонымен қатар министрліктердің заң жобасын дайындауға келгенде қитұрқылыққа салып, бар ауыртпалықты мәжілісмендердің мойнына артып қоятынына налыды.

Оның айтуынша, депутаттармен қатар, үкіметтің де заңға бастамашылық етуге құқы бар. Алайда заң жобасын өздері әзірлеудің орнына, министрліктер мәселені депутаттардың түзетулері арқылы немесе парламентке хат жазу арқылы шешуді әдетке айналдыра бастаған.

«Үкімет регламенті бойынша заң жобасын мәжілісте талқылау кезеңінде түзетулерді енгізу туралы норма бар. Бірақ министрліктер тарапынан ол нормаға тым жиі жүгіну орын алып отыр. Кейде ондай түзетулер, тіпті жалпы отырыс өтетін күні келіп түсіп жатады. Осы сессияда аталған тармақ бойынша үкіметтен келіп түскен хаттар саны екі есе артты. Ал бұл тармақ ерекше жағдайларда, мемлекет басшысының шұғыл тапсырмаларына немесе дереу шешуді қажет ететін маңызды мәселелерге ғана қолданылуы керек. Негізінде мұндай маңызды мәселелер үкімет қабырғасында жан-жақты пысықталып, терең зерттеліп, хат түрінде емес, заң жобасы ретінде рәсімделіп барып парламентке түсуге тиіс. Мұның бәрі заң жобаларының парламенттен өтуін қиындатады және сапасын төмендетеді», – дейді Ерлан Жақанұлы.

Мәжіліс төрағасының сөзіне салсақ, үшінші сессия барысында парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, сенат пен мәжілістің 39 жалпы отырысы өткен. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болып, оның 89-ы қабылданып қойған. Солардың ішінде үш бірдей кодекс – Салық, Бюджет және Су кодекстері жаңартылып, қабылдануы ерекше атап өтерлік жағдай болған. Бұған дейін бірде-бір заң жобасы жаңа Салық кодексі сияқты кең талқыланбаған шығар. Жұмыс тобы отырыстарына қатысқан мамандар мен түрлі сала өкілдерінің саны 300 адамға дейін жеткен.

Қалған сөзі түгел осы сессия барысында атқарған жұмысымен таныстыру болды. Әйтеуір, үкімет пен министрліктерге қалауынша сын айтқан қос палатаның мәтіндерінде президент пен парламентте мін жоқ сияқты. Енді олар екі ай жаздың рахатын көреді. Бірақ буынып-түйініп курорт аралаудан бұрын алдымен елге барып, ауыл-аймаққа төбе көрсетіп кететін дағдысы бар. Сол сапарынан келер отырысқа мол азық жинап алады. Сөйтіп, қыркүйекте қайтып оралғанда министрлерге төніп сөйлеуге дайын отырады.

Ербол Тұрымбет

Астана

Тегтер: