Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:06, 04 Сәуір 2023

«Парламент конституцияны біле ме?»

None
None

Еліміздегі саяси жаңғырулардың нәтижесі ретінде VIII шақырылымдағы парламенттің бірінші сессиясы өз жұмысын бастады.

Жаңадан сайланған депутаттар Ант берді. Алайда тағы да 2021 жылдағыдай Ата заңға қайшы, ел басшысы Тоқаевтың өкілеттігін шектеу әрекеттері қайталанып, депутаттар заңдарға сәйкес Ант бермеді.

Конституциямыздың 44-бабында, Қазақстан Республикасының президентi парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін Антын қабылдайды делінген. Демек Ант қабылдау бұл тек қана мемлекет басшысы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігі.

 Кешегі өткен мәжілістегі салтанатты рәсімді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жүргізіп отырды. Мәжіліс депутаттарының Антын Конституцияға сәйкес қабылдайтын ең жоғары лауазымды тұлға – Президент Қ.Тоқаев осы отырыста болмады. Бірде-бір депутат берген Антын растап, қол қоймады. Ант қабылдау рәсімі қалай өтеді және ол заңдарда көрсетілген бе?

 Бұл мәселе Қазақстан президентінің «Мемлекеттік қызметшілердің, Қазақстан Республикасының парламенті депутаттарының және Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты судьяларының Ант беру қағидаларын» бекіткен жарлығының 3,7-тармақтарымен реттелген. Жарлықта сенат және мәжіліс депутаттары парламенттің тиісті палаталарының отырыстарында Ант береді деп көрсетілген. Ары қарай 7-тармақта, Ант берудің салтанатты рәсімі антты қабылдаушы лауазымды адамның кіріспе сөзімен басталады. Ант беретін адам мінбеге шақырылады. Қазақстан Конституциясына қолын қойып тұрып, ол Анттың мәтінін айтады немесе оқып береді, содан соң оған қол қояды және Антты қабылдаған лауазымды адамға береді делінген.

 Біз көрген рәсімде Ант қабылдаушы президент болмады, кіріспе сөз айтылмады, депутаттардың берген Антын растап, қол қойғанын көрмедік және олар ешкімге Ант парағын ұсына алмады.

 Сенаторлар да осы жылғы 26 қаңтардағы отырыста «Қазақстан Республикасының парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» конституциялық заңының 6-бабында парламенттiң бiрiншi сессиясында, сенат төрағасы сайланғанға дейiн, сенат отырыстарында республика президентi төрағалық етеді деген норманы орындамады. Тоқаевқа төрағалықты бермей, жиынды О.Перепечина орыс тілінде өзі жүргізді. Антты қабылдауды сенат төрағасы М.Әшімбаев өткізді.

 Сонымен келтірілген баптарды зерделей келе жаңадан сайланған депутаттардың әрекеттеріне менің берер қорытындым, Ант беру рәсімі Конституцияға қайшы өтті. Менің талабым – Қазақстан Конституциясына сәйкес VIII шақырылған парламент сенатының, мәжілісінің депутаттарының Ант беру рәсімі Антты қабылдаушы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен қайта өткізілуі керек.

 Депутаттардың Антын қабылдау арқылы президентiміз: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға… салтанатты түрде Ант етемiн» деген сөзін өзі де іс жүзінде көрсетеді...

Тегтер: