Парламент қандай жолмен сайланса, халықтың оған деген сенімі де сондай болады
Жас-кәріміз түгел елеңдеп, құлақ түрген парламент сайлауы да өтті. «Нәтижесі де белгілі» болды.
Сол сайлаудан бірге үміт күткен көңіл де су сепкендей басылды. Өзіміз өмір сүретін елдегі биліктің көпе-көрнеу көзбояушылыққа барып, мыңдаған, миллиондаған азаматтардың пікірін назарына ілмегендігі үшін оған деген жағымсыз сезім адамдардың бойын жаулап алғандай. Сайлау қорытындысында айтылған санның бәрі қазіргі билік үшін үлкен минус болды. Өйткені «Аманаттың» әдеттегідей жоғары дауыс жинауы көптеген адамдардың бірден күдігін тудырғаны анық. Себебі қоғам талабына мойынсынбаған билік – үнемі заңды аяқасты етіп жүргені белгілі. Биліктің шын мәнінде плюралистік сайлау өткізуге жағдай жасамағаны, кейбір саяси партиялардың сайлауға қатыспай қалғаны және бірқатар тәуелсіз үміткерлердің сайлаудан шеттетілгені оларға қысым, қиянат жасағанының белгісі. Алайда қысымға қарамастан, халық тәуелсіз үміткерлерге дауыс берді. Халық ол дауыстардың қалай бұрмаланғанын көрді. Халықтың ар-намысына тиді. Сайлаудың әділет ауылынан мүлдем алыс екенін халық көрді.
Көп жылдан бері алғаш рет әлеуметтің «Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан басқаша бола ма?» деген үміті оянып, халықтың ерік-жігерін еркіндікке жіберіп, әділ сайлау өткізсек, парламентке еркін ойлы, өзіндік ұстанымы бар, көзқарасы мен пікірін тайсалмай ашық айтатын, көпшілікке жол бастайтын азаматтар келер еді деген сенімі болды.
Оппозициялық партиялардың құрылуы, тәуелсіз үміткерлердің парламентте орын алуы тек қоғам үшін емес, билікке аса қажет. Алайда оппозицияны, өзіндік пікірі бар партияны, тәуелсіз үміткерлерді бүгінгі парламентке жолатпау арқылы билік жағдайды ушықтырып алды. Бұқара халықтың қарсылығына тап болды. Кешегі өткен митинг, шерулер осының кесірінен туындап отыр.
Бүгінде қоғам «Жаңа Қазақстан» дегенді бұрынғы «Ескі Қазақстан» кезіндегі әділетсіздіктен құтылу, мүмкіндігінше оларды өзгерту деп қабылдайды. Демократиялық қоғамдағы басты әділетсіздік – адам құқығы мен еркіндігінің бұзылуынан басталады. Ал демократиялық құрылымдардың ішіндегі ең маңыздысы – ерікті, әділетті сайлау жүйесі. Демек «Ескі Қазақстаннан» құтылудың басты шарттарының бірі – халықаралық ұйымдар тарапынан да, өзіміздің азаматтардың да сынына ұшыраған бұрынғы сайлау жүйесін өзгерту. Алайда бұл парламент сайлауы да бұрынғы сайлау сияқты өзгермеген күйі қалды. Демек бүгінгі биліктің жалаулатып, ұрандатып жүрген «Жаңа Қазақстан» саяси процесінде ескі тәсілді қолдану. Бұл дегеніңіз – елдегі билік өзгермейді, маңызды саяси, экономикалық өзгерістер болмайды, жалғандық, өздері қалаған нәрсені алуға тырысу, билікті халық сенімінен гөрі қоғамды бақылауда ұстау көбірек қызықтырады деген сөз. Мұндай әрекетпен қоғамның сенімі артпайды.
Бүгінгі билік өзгерген жағдайда бейімделуге және қоғамның демократияландыру туралы талаптарына толықтай қабілетсіз екенін көрсетіп, жағдайды одан сайын қиындатып жатыр. Демократиясыз қоғам – тұрақсыз қоғам. Тұрақтылық дегеніміз – қоғамдағы барлық пікірлерді ұштастырып, оның жүйесін тауып отыру. Бұл – тек демократиялық жолмен келеді. Халықтың ойымен, санасымен, көзқарасымен ұштастырмай мемлекет басқару мүмкін емес. Ұштастырып, үйлестірудің жолы біреу-ақ – ол демократиялық сайлау өткізу, елдің сайлау мен сайлану құқын сақтау, партия құруға мүмкіндіктер туғызу, сөз бостандығын шын мәнінде жүзеге асыру. Осы жүйеде ғана мемлекет дұрыс жолмен дамиды. Биліктің тактикалық міндеттерді жүзеге асыру үшін ғана халықтың тағдырын қыл үстіне қоюға қақысы жоқ.
Енді билік өз әрекетіне байыппен көз жүгіртіп, жауапты шешім қабылдайтын кез келді.