Парламент сот жүйесі туралы. Конституциялық заңға өзгеріс енгізе ала ма?
Қарапайым халықтың сот пен судьяға деген сенімі билік пен мемлекетке деген сенімімен бірдей.
Сол үшін сот жүйесін жетілдіріп, сот реформасының жүзеге асыруда жұмыстарды сапалы жүргізудің маңызы зор. Бұл заң үстемдігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.
Кейінгі кезде сот жұмысын реформалап, заң үстемдік құратын, билік халықты тыңдайтын, адам құқығы сақталатын жаңа Қазақстан құру жайлы көп айтып жүрміз. Бұл мақсаттарға жету үшін ең бірінші елде қарақылды қақ жаратын әділ сот жүйесі қалыптасу керек. Қазақта «ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді» деген сөз бар. Яғни өзге органдар заң бұзса сот жазалайды, ал соттың өзі заң бұзса, әсте болмайды.
Биыл 14 маусымда парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгеріс енгізу жөніндегі жобаны бірінші оқылымда мақұлдады.
Біз сөз етіп отырған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын парламент депутаттары бастамашы болып дайындаған. Жаңа заң жобасы сот төрелігін атқару сапасын жақсартып, судьялардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында әзірленген.
Депутаттардың бастамасымен жазылып, мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми және заң қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен әзірленген заң жобасы былтыр 28 желтоқсанда мәжіліс қарауына түскен. Араға жарты жылға жуық уақыт салып, бірауыздан мақұлданып отыр.
Конституциялық заң жобасы сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін және олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттырып, сот саласындағы құқықтық тетіктерді жетілдіруді мақсат етіп отыр. Түсінікті сөзбен айтқанда, бұл жұмыс сот жүйесін одан әрі дамыту мақсатында жасалған.
«Заң жобасына енгізілген түзетулерді 3 бағытқа бөлуге болады. Түзетулердің бірінші бағыт – Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге арналған. Екінші бағыт –сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның ұйымдастырылуы мен қызметінің тәртібі өзгереді. Үшінші бағыт – судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға қатысты», – деді сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров.
Заңға енген өзгеріске сәйкес, судьяларға қатысты өрескел заң бұзу фактілері бойынша істі қараған кезде сот жюриінің қатысуымен материалдарды тексерудің жаңа тетігі енгізіледі. Мұндай шешім судьялар тарапынан заң бұзушылық әрекеттерінің болмауына оң әсерін тигізеді деген болжам бар. Басқаша айтқанда, өрескел заң бұзған судьяларға қатысты істер бойынша материалды Жоғарғы сот кеңесі жанындағы сот жюриі міндетті түрде тексереді.
«Судьяға қатысты сот ісін қарау кезінде заңдылықтың өрескел бұзылуының әрбір фактісі бойынша тәртіптік іс материалдарын Сот жюриінің тексеруінің жаңа тетігі енгізіледі. Бұл судьялар тарапынан жасалатын заң бұзушылықтардың алдын алуға оң әсерін тигізеді. Егер жоғары тұрған сот төменгі тұрған судьяның ісін қарау барысында заңдылықтың өрескел бұзылу фактісін анықтаса, онда облыстық немесе Жоғарғы соттың төрағасы тиісті пленарлық отырыс шақырып, судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту немесе тартпау туралы мәселені талқылау жөнінде Сот жюриіне ұсыныстар береді», – деді Бекназаров.
Заң жобасында қаралған таңы бір маңызды мәселе – дербес кассациялық соттар құру. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмасын орындау үшін Жоғарғы сот тиісті ұсыныстар дайындады. Бұл ұсыныстар екінші оқылымға дейін қаралады.
Жаңа заң жобасы қабылданып, қолданысқа енсе, Жоғарғы сот салмақты құзырынан айырылып, енді кассациялық инстанция болмайды. Заң жобасында республикада арнайы кассациялық соттар құрып, бұл өкілеттікті соларға беру қарастырылған.
Республика бойынша осы бағытта жұмыс істейтін үш түрлі сот құру жоспарланып отыр. Олар тиісінше әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық шағымдарды қарайды. Олар заңдық мәртебесі бойынша облыстық соттардан бір саты жоғары тұрады. Заң жобасын таныстырған мамандар бұл өзгеріс азаматтардың соттарға деген сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деп сеніп отыр.
Талқылаудан кейін дауыс берген парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады.
Құжат Қазақстанның сот саласына үлкен өзгеріс әкеледі деген болжам бар. Тіпті оны кей сарапшы сот ісіндегі «тарихи бетбұрыс кезеңі» деп атап жүр. Мәжіліс депутаттары да заңнамаға енген өзгерістер судьялар жұмысының сапасын арттырып, олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасайтынын айтты.
«Негізінен депутаттардың түзетулері «заңдылықты өрескел бұзу» ұғымын нақтылауға, материалдарды Сот жюриіне жолдау рәсіміне және судьяның сот ісін қарау кезінде заң талаптарын өрескел бұзуына байланысты тәртіптік іс жүргізуді қарау ережесіне қатысты. Сондай-ақ Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамына отставкадағы судьяның мүше болуы, шалғай жерде орналасқан соттардағы бос лауазымдарды Сот төрелігі академиясын бітірген тұлғалармен толтыру және қазір жұмыс істеп жүрген судьяларға арналған әлеуметтік және материалдық кепілдіктер кіреді», – деді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева.
Жаңа өзгеріске сай судьялар президенттікке, парламент мәжілісі немесе мәслихат депутаттығына үміткер бола алады. Мұндайда кандидат болып тіркелген судьяның лауазымы мен отставкасы уақытша тоқтатылады.
Парламенттің қос палатасы аталған конституциялық заң жобасын биылғы екінші сессия аяқталып, депутаттар каникулға кеткенге дейін қабылдауды жоспарлап отыр. Құжатты екінші оқылымға дайындау үшін қос палата өкілдерінен тұратын бірлескен комиссия құрылды. Комиссия 21 маусымға дейін жұмыс істейді.
Қуан Өмірхан