Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:17, 10 Желтоқсан 2021

Партия айтты, партия шешті

None
None

Әйелі біраз құпиясын әшкерелеген  депутат мандатынан айырылды

Биыл қаңтарда жасақталған мәслихаттың бұрынғы мәслихаттардан өте көп ерекшелігі бар. Оның себебі айтпаса да белгілі. Бұған дейінгі депутаттар жеке мандат бойынша, ал бұл жолы  партиялық тізіммен сайланғаны белгілі.

Сайланды деген – аты ғана. Мандаттардың ендігі тағдыры партияларға тәуелді. Депутаттың бәрі партияға байлаулы. Партия төрағаларының (облыс, аудан, қала әкімдерінің деп түсініңіз) қас-қабағына қарайды, солардың айтқандарына жаутаңдайды.   Партия айтты, партия шешті. Партия кімді қаласа – сол депутат болады. Қарсы келгендер, партияның сызып берген шеңберінен шығып кеткендер  дереу мандатынан айырылады. Басқа өңірлерді қайдам, Түркістан облысында қаңтардан бергі аралықта біраз мандат қолдан-қолға өтіп қойды. 

Сайлаудан кейін екі ай өтер-өтпестен Кентау қалалық мәслихатының ең жас депутаты Диана Сидорина мандатын өз еркімен тапсырып кетті. Диана Кентау қаласындағы балабақшада мұғалім болып жұмыс істейді. Сайлау науқаны кезінде ол депутат ретінде туған жердің гүлденуіне үлес қосқысы келетінін, қазақ тілінің мәртебесін көтеруді өз міндеті санайтынын айтқан-ды.

– Менің ұлтым бөлек болғанымен, жаным – қазақ. Бұл додада бақ сынауымның басты мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Тілі мен ділін ұмытқан ұлттың болашағы бұлыңғыр екенін келешек жастарға ұғындыру, – деген екен сайлау науқаны қызып тұрған кезде Диана Вячеславқызы.

Арада бар-жоғы екі ай өтпей жатып, Диананың көп мақсаты мен қадау-қадау жоспарынан айнып қалуына не себеп? Біз осы жөнінде Диананың өзімен сол наурызда тілдескен болатынбыз. Оның айтқанынан түсінгеніміз, әу баста оның депутат туралы түсінігі басқаша болған сияқты. Бақса, депутат болу дегеніңіз оңай шаруа емес екен. Жиналыстарға, іс-шараларға, басқа да шаруаларға шапқылауға уақыт тапшы болыпты. Оның үстіне отбасылық проблемалар туындаған. Диананың сөзімен айтқанда, «бастық болуға уақыт керек». Ал оның уақыты тығыз болыпты. Әңгіме барысында ол «Nur Otan» партиясына сайлаудың алдында ғана өткенін айтып қалды.  Қазақ тілінде жақсы сөйлей алатын орыс қызын сайлау кезінде үгіт-насихат шараларына  пайдалану кентаулық «нұротандықтар» үшін өте ұтымды тәсіл болса керек.  Әрі мәслихатқа жастар мен нәзік жандылардың квотасын да қоса орындайды. Алайда  «бір оқпен екі қоянды атып алмақ» болған атқамінерлердің әрекеті осылайша сәтсіз аяқталды.

Одан бергі аралықта облыстық мәслихатта да біраз мандат иесін жаңартып үлгеріпті. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, жуырда аталған мәслихаттағы депутат  Жансерік Мұсаханұлы да мандатымен қош айтысқан. Оның да өзіндік себебі бар.  

Жансерік Мұсаханұлы ұзақ жылдар Сайрам аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған.  Осыдан біраз уақыт бұрын оның  жұбайы КТК телеарнасындағы  «Астарлы ақиқат» бағдарламасына барып, күйеуінен көрген зәбірін ақтарып салған болатын. Түн ішінде жеңін түріп қойып, далаға шығып су төккені үшін күйеуінен таяқ жеп, үйінен қуылған бейбақ әйел балаларын өз қолына алғысы келетінін мәлім етті (осы жерде Ж.Мұсаханұлының діни көзқарасы туралы да түрлі әңгімелердің барын айта кетейік). Әрине, бұл мәселеге тереңдеудің қажеті жоқ. Әр отбасы өзінше бақытты, өзінше бақытсыз. Ыдыс-аяқ сылдырламайтын үй болушы ма еді?!  Айтса айтқандай, арада аз уақыт өтісімен күні кеше күйеуінің бүкіл құпиясын әшкерелеп берген әйел қателескенін мойындап, кешірім сұрап, ғаламтор арқылы видео таратты. Бірақ бәрі де кеш екен.

Осы жайсыз оқиғаның салқыны тисе керек, жақында Жансерік Мұсаханұлы мандатын тапсырған. Ол депутаттыққа биыл жазда сайланған болатын. Облыстық мәслихаттағы мандаттың қызығын көру үш-төрт  айға ғана созылды.

Жансерік Мұсаханұлының өзімен тілдесу мүмкін болмады. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының басшыларымен хабарласқанымызда, олар халық қалаулысының мандатты өз еркімен тапсырғанын растады. 10 желтоқсанда өтетін сессияда мәслихат осы жөнінде шешім қабылдайтын көрінеді. Бос мандатқа кімнің иелік ететіні сол сессияда белгілі болып қалуы мүмкін.

Ендігі кезек кімдікі?

Тегтер: