Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 15 Қазан 2024

Партия құра алмаған, президент бола алмаған Әлиев және одан ақшасын ала алмай жүрген кәсіпкер

Жұматай Әлиев
Фото: ашық дереккөз

Редакциямызға Сейтмұрат Әбсадық есімді кәсіпкер хабарласып, өзінің 65 миллион теңгеге жуық қаржысын ала алмай жүргенін айтты. Оған берешек болып отырған компания екі рет ҚР президенттігіне үміткер болған Жұматай Әлиевке қарайды екен.

Бірнеше жыл президент аппаратында, ассамблеяда жауапты қызметтер атқарып, 2012-2016 жылдары мәжіліс депутаты болған ол ЖШС-ын баласы арқылы басқарып келген. Кәсіптің қазіргі жетекшісі – Ерлан Тілеубаев. Аты-жөніне қарағанда, Әлиевтің қайын ағасы не қайын інісі. Ең қызығы, бұрынғы шенеунік кейіпкерімізге қарызыңды қайтармаймын, қайда барсаң онда бар, соттассаң да пайда жоқ деп ашығын айтқан.

Сейтмұрат Әбсадық 2021 жылдан бастап құрылыс саласында тапсырыстар алып, оларды орындаумен айналысқан. Осы жылы SKY DEVELOPMENT ЖШС-мен келісімшартқа отырып, жұмысқа кіріскен. Бірі – «заказчик», екіншісі – «подрядчик» атанған құжатпен біз де таныстық. Онда заңды өкілдер мен мекенжай, есеп-қисап пен қаржылай төлем жағы, екі жақтың міндеттемелері, жұмысты тапсыру мен қабылдап алу, сапа бақылауы, жауапкершіліктер, келіспеушіліктерді шешу реттілігі секілді пункттер қамтылыпты. Директор Ербол Толыбаевтың қолы мен мөрі де тұр.

Мұндағы жоба – Алматы қаласындағы Брусиловский көшесінде салынып жатқан тұрғын үй кешені. Ол 12 қабатты, 8 блоктан тұрады, жобамен 500 пәтер. Сейтмұрат Әбсадық осы 8 блоктың өзіне тиісті жұмыстарын толық атқарған. Металл конструкциясымен айналысқан. Алайда тек 3 блоктың келісілген сомасы төленіпті. «Әуелде келісілген қаржы тұрақты түрде түсіп тұрған соң, сенім артып, қалған жұмысты да жалғастырдық», – дейді кәсіпкер. Бірақ 2022 жылы мәселелер басталған. Сол уақыттарда директор Толыбаев кетіп, орнына Жұматай Әлиевтің ұлы Елдар Әлиев келген. Ол қарызын қайтаратынын айтып, күтуді өтініпті. Ал кәсіпкер қаржыдан қысылған соң басқа жоба алып, соны атқарып жүрген. 2023 жылдың жазында кіші Әлиев кәсіпкерді қайта шақырып, бұрын алған жұмыстарының бір-екі тұсы дұрыс емес екенін, соларды реттеп, тағы басқа шаруаларға көмектесуін сұрайды. С.Әбсадық болса келісімшарт жасауды ұсынады. Осы кезде партия туралы әңгімелер алға шығады.

Еске сала кетейік, Ж.Әлиев 2022 жылғы желтоқсанда құжаттары ұсынылғаны расталып, партия ретінде тіркелуге күш салған «Ел тағдыры» партиясының лидері. Олар өз кезегінде құрылтай өткізбек болып сынға да қалған. Партия өкілдері «концерт көруге келіңдер, фуршет болады» деп, халықты алдап шақырған. Жиылғандар өздерінің саяси шарада отырғандарынан мүлде бейхабар болса керек. Мұны растайтын видеолар да тараған. Тағы бір дереккөздер «келушілерге 2-5 мың теңгеден беріледі» деген «жарнама» туралы айтады. Ал 2023 жылдың басында әділет министрлігі «Ел тағдыры» және «Ұрпақтар жалғастығы» саяси партияларының құжаттарын қарастырып жатқаны хабарланды. Осы кезеңнен сәтті өтіп, ақпандағы тіркелуге үлгерсе, Ж.Әлиевтің партиясы мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысуға мүмкіндік алар еді. Алайда олай болмады. Осыдан соң кіші Әлиев арқылы партия ашу жұмыстары көзделген көрінеді.

Соттасуға батпай отырмыз

– Олар маған құжат бойынша 40 млн, құжаттан тыс 16 млн теңгеге жуық қарыз. Соңғы соманың жобасын келісімшартсыз атқардық. Себебі Елдар Әлиев құжаттарға қол қоя алмайтынын айтты. Партия құруға қатысты рәсімдерді сылтауратып, түсіністік танытуымды сұрады. Әкесінің партиясы өтпеген соң, баласының атынан маған анық мән-жайы белгісіз істер басталған-ау шамасы. Партия жиыны деп шақырғаны да есімде. Бірақ мен келісімшартсыз жұмыс істей алмайтынымды айттым. Ол болса ақшаны алдын ала беріп отырамыз деп келістірді. Бірақ ақшаны сол күйі алмадық. Одан соң, бартерге істеуді ұсынды. Жұмыстың жартысы біткенде сондағы автокөліктердің бірін атыңа аударып береміз деді. Тіпті фотолары мен құжаттарын да көрсетті. Кейіннен Алматыдағы кешендерінің бірінен, одан соң Астанадан пәтер беріп, есептескісі келді. Оған да келістім. Дегенмен бұлардың ешбірі де сөзден іске айналмады. Ақыры соңында, Елдар Әлиев «жұмысты дұрыс орындамағансыңдар» дегенге көшті. Алайда бастапқы 40 миллиондық жобаны қабылдап алғаны туралы құжаттардың бәрі бар. Онда тиісті мөрлер мен сол кездегі басшының қолы да тұр.

Мәселе тек ушығып жатты. Жұмысшылардың айлығы төленбеген. Алынған материалдардың шығыны 30 миллионнан асады. Соның бәрін жамап-жасқап, өз қалтамнан шығардым. Ақыры жұмысты орындамағансыңдар деген соң, құқық қорғау органдарына жүгіне бастадым. Алдымен сотқа бардық. Ондағы істі жалғастыру үшін 1,5 млн теңге жарна қажет болды. Мұндай қаржы табылмағандықтан, істі кері алдық. Сөйтіп, Алматы қалалық еңбек инспекциясына жүгіндік. Олар тек еңбек келісімшарты бойынша ғана жұмыс істейтіндерін айтқан соң, Алматы қалалық прокуратурасына жол тарттық. Ақырында іс Бостандық аудандық ІІБ-не айналып келді.

Құқық қорғау органдарына жүгінген кезде келесі тарапқа «претензия» жазып, жолдадық. Көптен үнсіз кеткен адамдар сол кезде ғана байланысқа шығып, тіл қатты. Елдар Әлиев қарызды бес күнде есептеп қайтарамыз деді. Бірақ бұл да сол баяғы бос сөз бен уәде күйінде қалды.

Осы «күрес» барысында нотариусқа жүгінуге кеңес бергендер көп болды. Оны да көрейік деп, нотариусқа бардық. Құжатпен танысқан мамандар «бейресми» кеңес берді. Қолдағы құжаттар арқылы 40 миллионды дәлелдеуге толық мүмкіндік бар екен. Сол арқылы қарыз компанияны «арестке» қоюға да болады. Бірақ одан пайда жоқ. Себебі SKY DEVELOPMENT ЖШС атында мүлік қалмаған. Олар барлығын «жуып-шайған». Құжаттарға қарасақ, жағдайы банкроттың сәл алдында тұрғандай-ақ. Осыны ескерткен мамандар компанияның мүлігі мен ақшасы болмағандықтан, олардан қарызды өндіріп алу ықтималдылығы нөлге жақын деді. Ал ЖШС-да ресурс болмаса, оның басшыларына немесе сол секілді жеке тұлғалардың шоттары мен мүлкіне қарап арыздана да, ақшаны өндіре де алмайды екенбіз. Осының бәрін біле тұра, соттасуға соншама ақша жұмсауға батпай отырмыз, – дейді мердігер компанияның иесі Сейтмұрат Әбсадықов.

Сотта жеңсең де өндіріп ала алмайсың

Жағдай осындай сипат алып, шимай-шатпағы көбейген шақта кәсіпкерге үлкен Әлиев хабарласып, шақырған. Қыркүйекте жұбайы Нұрзия Тілеубаеваны ертіп келіп, өз ғимараттарының бірінде кездесу ұйымдастырған. Сейтмұрат Әбсадық сол кездегі әңгіменің сақталғанын, бірақ оны таратуға немесе сотта қолдануға болмайтынын айтып ашынады:

«Жұматай Әлиевпен екінші рет сол кезде кездестім. Ол: «Бұл компанияның «фактический учредителі» менмін. Қолыңа 15 млн теңгеңді беремін, сонымен қой. Бәрібір қарызыңды ала алмайсың. Қолыңдағы қағаздың бәрі «туфта», онда қол қойғандардың бәрі алаяқ. Сотқа барсаң да, жеңсең де өндіріп ала алмайсың», деп ашығын айтты. Заңды жұмыс істеп, үлкен құрылыс жүргізіп жатқан компанияның мөрі мен директордың қолы қалайша өтірік болады? Олар жай ғана өз «күшіне» сеніп тұр. Бұрындары Елдар Әлиев те «әкемнің кім екенін білесің бе, ол кез келген жерден шығарып алады» дегенді жиі меңзейтін. Қолымда жазбалар мен аудиолар да сақталған. Бірақ оларды тарату қаншалықты заңды екенін білмеймін. Заңгерлер сақ болуды ескертеді».

Иә, «әкесінің кім екенін» білеміз. Бірнеше жыл президент аппаратында, ассамблеяда, мәжілісте жүрген «белді» шенеунік президент сайлауына да қатыспақ болған. 2019 жылы комиссияның мемлекеттік тілді меңгермеген деген шешімі тұсап қалыпты. Ал 2022 жылы бұл сынақтан өткенімен, жинаған қолы жетпеген.

Біз кәсіпкердің заң кеңесшісі Ғайни Жұмағұловпен де тілдестік. Оның айтуынша, мердігер жағы да құжаттарға мұқият болмаған. Алайда олардың істеген жұмысын дәлелдеп, тиісті қаржыны алу мақсатында іс Бостандық ауданында қаралуда. Процестің қанша уақыт алатыны және нендей шешім шығары да белгісіз дейді ол. Ал SKY DEVELOPMENT ЖШС үнсіз. Қазіргі басшысымен байланыс орнату мүмкін болмады. Ал уәде беруден жалықпайтын бұрынғы директор Елдар Әлиев амандық-саулық сұрасқан соң, сұрағымызға жауап бермей, үнсіз қалды. Өзінің де, анасының да атында бірнеше ЖК мен ЖШС-сы бар, әкесі «президенттікке үміткер» Әлиев неге ғана берешегінен құтыла алмай жүргені белгісіз. Бәлкім, партия құрамын деп, қалтасы жұқарып қалған болар...

Баян Мұратбекқызы