Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 19 Қараша 2023

Партиялар мен уәделер. Адасқан «Ақ жол»

ак жол
Фото: из открытых источников

«Ақ жол» ҚДП – Қазақстандағы ең егде партиялардың бірі. «Нұр Отанмен» бірге жасасып келеді десек те болады. Бірақ қазіргі «Ақ жолды» 2002 жылы оппозиция өкілдері құрған партиямен салыстыруға болмайды.

 Содан бері «Ақ жолдың» жолы сан мәрте өзгерді. Биліктен оппозицияға, оппозициядан билікке секірді. Кейінгі он жылда тұрақты түрде мәжіліске өтіп жүр. Сарапшылар бұған партияның билікпен ымыраға келгені себеп болды деп санайды.

«Ақ жол» қазақ қоғамын дүр сілкіндірген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысынан бөлініп шықты. 2005 жылы партияның өзі екіге бөлініп, «Нағыз Ақ жол» партиясы құрылды. Жаңа партия басшылары бұрынғы «Ақ жолды» оппозицияға опасыздық жасады, демократиялық топтарды іштен ыдыратты деп айыптаған. Осыдан кейін екі «Ақ жол» да әлсіреді. Билік «Нағыз Ақ жолды» тіркеген жоқ. Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейін партия біртіндеп саяси сахнадан кетті.

Ал Әлихан Бәйменов бастаған бұрынғы «Ақ жол» еш қиындықсыз тіркелді. Бірақ ел арасындағы беделі мен белсенділігі қатты төмендеді. 2007 жылғы парламент сайлауында жеңіліске ұшырады. 2011 жылғы президент сайлауына кандидат ұсына алмады. Қаржы мәселесі де қолбайлау болды. Осындай қысылтаяң сәтте партия түбегейлі өзгеріске ұшырап, 2011 жылы 2 шілдеде партия төрағасы қызметіне оған дейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын басқарған Азат Перуашев келді. Ең қызығы, Перуашев содан бірнеше күн бұрын ғана «Нұр Отан» қатарынан шыққан. Ал Бәйменов мемлекеттік қызметке оралды. Осыған қарап сарапшылар «Ақ жол» биліктің етегінен біржола ұстады деп топшылады.

«Нұр Отаннан» шыға салып, екінші партияға төраға болған жалғыз Перуашев емес. Ұзақ жыл экс-президенттің сенімді серігі болған Ермұхамет Ертісбаев 2022 жылы аяқ астынан «Қазақстан халық партиясының» (бұрынғы коммунистер) төрағасы болып шыға келді. 2012 жылдан 2023 жылға дейін мәжіліске осы 3 партия ғана өтіп жүрді. Олар биылғы сайлауда да мәжілістен мандат алды. Соған қарағанда, бұрынғы нұротандықтар басқарған партия парламентке төте жол табатын сияқты.

«Ақ жол» өзін парламенттегі оппозиция деп сипаттайды. Тіпті «Алаш» партиясының рухани ізбасарымыз дейтіні тағы бар. Бірақ партия жұмысынан оппозицияның да, алаштықтардың да бейнесі байқалмайды. Керісінше, биліктің сойылын соғатын, сызған сызықтан шықпайтын тәртіпті саясаткерлерді көргендей боламыз. Перуашев бастаған партия оппозициядағы ұтымды әрекетімен емес, экс-президентке шын берілген ниетімен есте қалды. Мысалы, 2019 жылы Назарбаев биліктен кеткенде Перуашев өзінің «оппозиция өкілі» екенін естен шығарып алып, егіліп жылағанын ешкім ұмытқан жоқ. Партия «Алаштың» атына жармасып жүргені болмаса, Алаш арыстарының ізін жалғайтын әлі ештеңе істеген жоқ. От кешіп жүріп, отаршылармен алысқан Алаш ардақтылары кім, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүгірген «Ақ жол» кім?..

«Ақ жол» партиясынан мәжіліске 2012 жылы – 8, 2016 жылы – 7, 2021 жылы – 12 депутат өтті. Биылғы сайлауда 6 мандат бұйырды. Қазақстан тарихында «Нұр Отаннан» кейін ең көп депутат дәл осы «Ақ жолдан» шыққан. Бірақ көп депутат аз жұмыс тындырды. «Ақ жолдың» қол таңбасы қалған іргелі іс есімізге түспей отыр.

2022 жылы Ресей билігін түлен түртіп, тамыры бір туысқан жұрты Украинаға соғыс ашты. Тұтас әлем Кремльді айыптап жатқанда «алашшыл партияның» атынан сайланған Азамат Әбілдаев есімді депутат Ресейге ашық қолдау білдірген. Кейін ол мандатынан айырылып, партиядан шығарылды. Бірақ партияның идеологиясы мықты болса, білдей партия төрағасы «Путинді және соғысты қолдаймын, Украина билігінде ұлтшылар отыр» деп жар салмас еді. Соған қарағанда, «Ақ жолдың» кей мүшесінде ұлы Алаш идеясы емес, КСРО-дан қалған коммунистік идея басым сияқты.

Бұл дау-дамай 2023 жылғы парламент сайлауынан 2 ай бұрын ғана болды. Соған қарамастан, мүшелері соғысты ашық қолдайтын партия сайлауда жеңіске жетті. Осының өзі біздегі саяси мәдениет пен сайлауға күмән туғызады. Өркениетті елде мұндай саяси қателік жіберген партия халықтан бірде-бір дауыс ала алмас еді.

ак жол
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Сайлауға дейін

«Ақ жол» 20 жыл бойы түрлі сайлауға қатысып жүрген кәнігі партия ретінде сайлауалды бағдарламасын қатырып тұрып жазды. Оның көбі өздері кейінгі он жыл бойы айтып жүрген мәселелер. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедтің «кей партия сайлауалды бағдарламасында бұрын қолға алған мәселелерін тағы көтеріп, соны жалғастырады» деген сөзі дәл осы «Ақ жолға» арналғандай. Өзін шағын және орта бизнестің жанашыры деп санайтын партия кәсіпкерлікке кедергі жасаған шенділерді жауапқа тартып, несие мөлшерін 5-7 пайыздан асырмауға және девальвацияға тоқтау салуға атсалысамыз деп уәде етті. Бұдан бөлек бай мен кедей арасындағы алшақтықты жойып, экономиканы монополиядан шығарамыз, кедейлікті жоюдың жолын тауып қойдық деп жар салған. Жер қойнауын пайдаланатын шетел кәсіпорындарымен келісімшартты қайта қарап, мемлекет үлесін арттыруды, шетел асқан ақшаны елге қайтаруды талап етеміз, жемқорларды түрмеден шыққан соң да шетелге жібермейміз деп белсенген. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына, жастарға арналған ипотекалық бағдарламаларды тиімді етеміз дегені тағы бар. Алты бағыттан тұратын партияның саяси бағдарламасында бұдан бөлек демократия мен парламентаризмді дамыту және тәуелсіздік пен Алаш ұлттық идеясын нығайту ұсынысы болды. «Ақ жол» кезең-кезеңімен президенттік жүйеден парламенттік республикаға көшейік деп жүргеніне де біраз уақыт болды.

ак жол
Фото: informburo.kz

Сайлаудан кейін

«Ақ жол» мәжілістегі тәжірибелі партия ретінде біршама маңызды мәселенің басын шалыпты. Әрине, әр уәжін жоғары биліктің көңіліне тимейтіндей майдалап жеткізуді де ұмытпайды. Біз бұған дейін жазған 3 партия ат ізін салмаған кейбір саяси мәселені «Ақ жол» аз да болса қозғап көріпті. Мысалы, «Парламенттік тергеу туралы» заң жобасын дайындап, үкіметке ұсынған. Шенділерді алдымызға шақырып алып тергесек деген талпыныстары қолдауға тұрарлық. Мұндай мүмкіндік кезінде Жоғарғы кеңесте болған, бұл әділдікке жетуге үлкен көмек берер еді. Бірақ қазіргі конституция бойынша депутаттарда мұндай мүмкіндік жоқ. Демек, «Ақ жол» парламент құқығын күшейткісі келсе, алдымен осы түйінді шешкені жөн. Бұдан бөлек діни теріс ағымдарға заңмен тыйым салу жөніндегі депутаттық сауал да дер кезінде жолданды деп ойлаймыз. Бірақ бұған қарап «Ақ жол» тау қопарып жатыр деуге келмейді. Біріншіден, бұларды партия өкілдері жеке-дара көтерген жоқ. Екіншіден, екі мәселе де әлі оң шешім таппады.

Партияның ресми сайтындағы ақпарат бойынша, фракция мүшелері сәуірден бері 50 депутаттық сауал жолдапты. Оның бәрімен танысып шықтық. Көбі күнде айтылып жүрген, ешкімнің қытығына тимейтін қарапайым мәселелер. «Ақ жолдықтар» машина жасау, тасымалдаушылар құқығы, Fly Arystan бағасы, автонесие, ұлттық кино сияқты мәселелерді көтеріп жүргенде партияның саяси бағдарламасындағы маңызды бағыттар ұмыт қалыпты. Мысалы, бағдарламада бірінші орында тұрған Алаш идеясын нығайту жайлы мәжілісте екі-ақ рет сөз болған. Ал парламентаризм жайлы екі, жемқорлық жайлы жалғыз депутаттық сауал жолдапты. Бағдарламадағы алты ірі бағыттың үшеуіне 5 сауал ғана арнаған. Демек, басқа кезде «Ақ жол» да шеңберден шықпайтын бейбіт тақырыптарды қаузады деген сөз.

Біз бұл материалды ашық дереккөз бен партияның ресми сайтындағы мәліметтерге сүйеніп жаздық. Нақты ақпарат алу мақсатында партия өкілдеріне хабарласып, бірнеше сұрақ жолдаған едік. Екі күн күтіп, екі ауыз жауап ала алмадық. Соған қарағанда, «Ақ жол» сайлауалды бағдарламасын ғана емес, халық алдындағы жауапкершілігін де ұмытқан сияқты. БАҚ-қа жауап бермегені – халыққа есеп бермегені. Сайлау алдында қалай сайрауды, сайлаудан кейін қалай алдауды әбден меңгеріп алған «мәңгілік депутаттар» елді алға жетелейді дегенге сену қиын.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: