Партиясыз депутаттар Құрылтайдан дәмелі ме?
Президент референдумнан кейін белсенді жастармен өткен кездесуде 15 наурыздың тарихқа айналып, Конституция күні болып белгіленгенін жеткізді. «Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын», – деді.
Біз бір мандатты округтен сайланған мәжіліс депутаттарының Құрылтайдан дәмесі бар ма? Қандай да бір партияның мүшесі бола ма? Тілшіміз бірді-екілі белсенді депутатқа хабарласып, алдағы науқанға дайындығын сұрады.

Ермұрат БАПИ, Парламент мәжілісінің депутаты: Бір-екі партиядан жасалған ауызша ұсыныс бар
– Бірпалаталы Құрылтай еліміздің саяси өміріне оң ықпал етері сөзсіз. Бұған дейінгі заң шығару процесі бойынша заң жобасы әуелі Мәжілісте талқыланып, одан кейін Сенатта қаралып, қажет болған жағдайда қайта Мәжілісте қабылданып, соңынан Сенат мақұлдап, содан кейін ғана президентке жіберілетін. Бұл – көпсатылы процесс. Дәл қазір күн сайын, тіпті сағат сайын өзгеріп жатқан әлемдегі геосаяси жағдайда Қазақстанның арқаны кеңге салып жүруге мұршасы жоқ. Құрылтайға келіп түскен заң жобасын шұғыл қарау қажеттігі тууы әбден мүмкін. Мәселен, Таяу Шығыс елдерімен арадағы қарым-қатынас туралы әлдебір конвенциялық құжатты жедел қарап, қабылдау керек болса, біз оны бұрынғы көпсатылы жүйемен ұзақ мыжып отыруға уақыт жоқ. Яғни бірпалаталы парламентте бұл процесс әлдеқайда шұғыл әрі тез жүреді.
Құрылтайдың сайлауына қатысам ба, қай партияның құрамында қатысуым мүмкін? Әзірге бұл сұрақтарға жауап іздеп, саяси қам жасаған жоқпын. Сайлауға дейін әлі біраз уақыт бар. Елдегі партиялық конструкциялар қалай өзгерері белгісіз. Олар әлі ішкі реконструкциялық іске кіріскен жоқ. Қабылданған Ата заңның негізінде Парламент сайлауына қатысты ең бірінші кезекте «Партия туралы», «Сайлау туралы» және тағы басқа конституциялық заңдар қабылдануы керек. Әсіресе «Партия туралы» заңға қандай өзгерістер енгізіледі, елдегі саяси партиялардың реформалық жаңару процесі қалай болады – бәрі соған байланысты. Содан кейін көреміз. Осы жұма күні бірқатар конституциялық заңдардың жобасы Парламентке түсуі керек деп жоралғы жасап отырмыз. Ол заң жобалары Мәжілістің қарауына қабылданған соң жұмыс топтары құрылып, талқылау басталады.
Егер тиісті заң жобасына енгізілетін өзгерістер көңіліме қонса, онда бір партия мүшесі болудың қамын қарастыруым мүмкін. Әзірге ол жағын ойланбадым. Ең алдымен заң жобасы келген соң партиялар өз арасында реконструкция жасай бастайды. Сосын съезін өткізеді, одан соң сайлауға қатысу жөнінде мәселесін зерделейді. Сайлауалды бағдарламасы, ұранын қабылдайды. Міне, осы сияқты партиялық жұмыстар жүргізіледі. «Үміткер бір партия тізімінде болуы керек» деген талап қойылса, мен таңдағанмен, қай партия мені қабылдай қояды? Бұл енді олар съезд өткізген соң мәлім ғой. Әрине, бір-екі партиядан жасалған ауызша ұсыныс бар. Маусым айының аяғына дейін уақыт бар. Ал сайлау шілде және тамызда өтеді.

Абзал ҚҰСПАН, Парламент мәжілісінің депутаты: Приоритет – «Аманат» партиясы...
– Біріншіден, бұл мәселе менің жеке қалауыммен ғана шешілетін шаруа емес. Ең алдымен халықтың қолдауы, одан кейін партия басшылығының шешімі маңызды.
Екіншіден, мен әзірге қандай да бір партияның қатарына ресми түрде кіре қойған жоқпын. Сондықтан бүгіннен бастап «міндетті түрде қатысамын» немесе «қатыспаймын» деп кесіп-пішіп айту мен үшін әлі ертелеу. Шынымды айтсам, мен осы референдумның нәтижесін күттім. Енді алдағы уақытта саяси жағдайды, партиялардың ұстанымдарын саралап, қайсысы менің көзқарасыма және бастамаларыма жақын екенін анықтап, содан кейін ғана сайлауға қатысу мәселесін қарастырамын.
Өйткені соңғы үш жылда айналысып жүрген бірқатар заңнамалық бастамаларым бар. Соның ішінде көптен бері талқыланып келе жатқан «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы да бар, ол үлкен кедергілерден өтіп Мәжіліс өндірісіне күні кеше қабылданды. Бұдан бөлек те құқықтық реформаларға қатысты ұсыныстарым бар. Егер сол бастамаларды әрі қарай ілгерілетуге мүмкіндік болса, әрине, саяси қызметті жалғастыру туралы ойланамын.
Приоритет – «Аманат» партиясы, өйткені ол парламенттік басымдыққа ие. Алдағы уақытта да сол позициясын сақтап қалады деп ойлаймын. Заң шығару ісінде әр депутаттың дауысы маңызды екенін ескерсек, басым дауысқа ие партияның рөлі айтпаса да түсінікті шығар. Бірақ түпкілікті шешімді уақыт көрсетеді. Ең бастысы, халықтың сенімі мен қолдауы.
Динара Мыңжасарқызы