Паспорттар мен банк карталары: Индонезияда Сұлтан Сәрсемәлиевтен не тәркіленді
Тәркіленген заттардың қатарында ұялы телефондар мен жеке куәліктер де бар. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл заттардың бір бөлігі Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған отбасы мүшелеріне тиесілі болуы мүмкін.
Қазір тәркіленген құжаттар мен банк карталарының кімге тиесілі екені және олардың Мирамгүл мен Наурызға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Еске салайық, отбасы жоғалғаннан кейін Наурыз мессенджерлер арқылы байланысқа шығып отырған. Хат алмасуда ол анасына шұғыл ем қажет екенін айтып, малды сатып, қаражатты Несіп Өтешқалиева атына рәсімделген банк картасына аударуды сұраған.
Желіде өзін хакермін деп таныстырған адамның ақпараты да тарады. Оның айтуынша, Наурыздың телефоны белгілі бір уақыт аралығында Өзбекстан мен Индонезия аумағында тіркелген, ал қаза тапқан әйелдің банк картасынан зейнетақы төлемдері шешілген. Алайда бұл деректер ресми түрде расталған жоқ.
Белгілі болғандай, Ақбаян мен оның жұбайы Жангелдинге 2–5 қараша аралығында келген. Әлеуметтік желілерде Индонезия полиция бөлімшесінен түсірілген кадрлар жарияланып жатыр, онда Ақбаян жағдайға қатысты пікір білдірмей, абдырап тұрғаны байқалады.
Туыстары отбасының жоғалуына қатысты барлық мән-жай анықталады деп үміттенеді.
— Ақбаянның тірі табылғанына қуаныштымыз. Сұлтан не болғанын айтып береді деп сенеміз. Шындық ашылып, Ақбаян қажетті көмек алып, балаларына оралады деп үміттенеміз, — деді туыстарының бірі.
Қазіргі таңда бес бала мемлекет қамқорлығында. Оларды әжесі барып көріп тұрады.
Соңғы мәлімет бойынша, Сұлтан мен Ақбаянды Қазақстанға экстрадициялауға дайындап жатыр. Тергеу жалғасуда.