Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:11, 22 Қаңтар 2024

Пәтері қымбат Петропавл

квартира
Фото: из открытых источников

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласында пәтер жалдау мен сатып алу құны жылдан жылға шарықтап, қымбаттап барады.

 Пәтер мәселесімен айналысатын риелторлар мен қарапайым халық қазіргі кезде қаладағы пәтерлерді жалдау немесе сатып алу құны еліміздің мегаполистеріндегі пәтер бағасынан артық болмаса, арзан емесін айтады. Бұл проблемалар оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына да кері әсерін тигізіп отыр. Халықты терістікке қоныстандыру мемлекет үшін аса маңызды. Алайда бағдарламаның орындалуына келгенде жергілікті билік те пейілді емес. Тіпті мәжіліс депутаттары солтүстікке келген жұрттың кері қайтып жатқанын да мәлімдеген.

Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағыдай миллиондаған тұрғыны жоқ болса да, Петропавлда үй жалдау бағасы өте қымбат. Жаңадан салынып біткен үйлер түгел сатылып кеткен.

Десек те, екінші деңгейдегі ескі үйлерге деген сұраныс та төмендеген емес. 2022 жылғы көршілес Ресей еліндегі жағдайға байланысты шекарадан бері ағылған халық пәтер жалдау құнын аспандатып жіберген еді. Алайда арада бір жылдан аса уақыт өтсе де, жағдай тұрақталғанына қарамастан, қаладағы пәтер бағасында өзгеріс жоқ. Керісінше, күн санап қымбаттап барады. Петропавлда пәтерді жалға берумен айналысатын Юлия Новикова сұранысқа қарай бағаның да көтерілетінін айтып: «Бұрындары мамыр-тамыз айларында пәтерді жалға алу құны біршама арзандайтын. Сұраныс бола бермейтін. Ал соңғы 2-3 жылда жылдың кез келген мезгілінде сұраныс та бар, соған қарай баға да артып жатыр»,– дейді.

Риелтордың сөзіне қарағанда күндік пәтер жалдауға деген сұраныс өте жоғары екен. Екінші деңгейлі ескі үйлердің жоғары қабатындағы бір бөлмелі шағын пәтердің күндік жалдау ақысы – 8-9 мың теңгеден басталады. «Ал ортаңғы және төменгі қабаттағы дәл сондай пәтерді 10-12 мың теңгеге жалға береміз. Сондай-ақ баға үйдің орналасқан ауданына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, орталық маңайында 10-12 мың теңгеге күндік пәтер жалдай алмайсыз. Ең арзан дегенде, 13-14 мың теңгеге тапсаңыз, қуана беріңіз», – дейді риелтор Оксана Исмаиловна.

Қаланың «Достық» сауда үйі орналасқан ауданы орталық саналады. Міне, осы ауданнан 1,2-бөлмелі пәтерді 200-250 мың теңгеден арзан табу қиын. Ал «Северный» дүкені маңында сондай пәтерлер 150-200 мың теңгенің айналасында. Жаңа ықшам аудан ДСР-ден 120-150 мың теңгеге пәтер табуыңыз мүмкін. Алайда бұл ауданның өзіндік проблемалары жетерлік. Электр жарығы сөнсе, суыңыз, жарығыңыз, тіпті ас ошағыңыз да бірге сөнеді. Өйткені барлығы электрмен жабдықталған. Ал бұл ықшам ауданда жарық жиі өшіп қалады, мұнан бөлек, Петропавл қаласындағы жылу беру орталығының сонау кеңес дәуірінің жәдігері екенін ескерсек, қалада қыс айларында жылусыз қалмайтын үй табу оңай шаруа емес.

Қалада жалдайтын пәтер берумен жарнама жасайтын әлеуметтік желілер мен сайттарды сүзіп шығып, бірнешеуіне арнайы хабарласып көрдік. Алдымен тәуліктік пәтерді жалға берушілерге қоңырау шалдық. Жарнама сайтында көрсетілген тәулігіне 7 500 теңгелік пәтер иесі ә дегеннен ондай бағаның бүкіл қалада жоғын алға тартып: «Сайттағы ескі жарнама. Менің екі пәтерім бар. «Есіл» ресторанына жақын маңдағы 1 бөлмелі, үшінші қабаттағы пәтерімді тәулігіне 13 мың теңгеге беремін. Ал «Тайга» дүкені маңындағы 2-қабаттағы 2 бөлмелі пәтерімді 15 мың теңгеге беремін. Себебі ол пәтерде ыдыстан бастап, үтікке дейін бәрі бар. Сонымен қатар аптаның сәрсенбі күніне дейін ғана осы бағамен беремін. Аптаның соңына қарай баға көтеріледі», – деді.

Келесі қоңырауымызға жауап берген Елена Александровна бір тәуліктік пәтеріне екі тәуліктің құнын алатынын айтты. Мұнысын ол сақтық үшін деп түсіндірді. Әлемнің кез келген еліне барған адам арзан жатын орынды сол жердегі хостелдерден табатыны белгілі. Мәселен, Астана, Алматы қалаларындағы хостелдің бір кісілік жатын орынның тәуліктік бағасы 800-1000 теңгеден басталады. Ал Петропавлдағы дәл сондай орынды 5000 теңгеге тапсаңыз, қуана беріңіз.

Бәлкім, Петропавлда пәтерді бір айға жалға алу тиімдірек болар деген оймен тағы біраз кісіге телефон шалдық. Жарнама сайтындағы ең арзан деген пәтерді жалға берушіден: «Береке» ықшам ауданындағы бір бөлмелі, бесінші қабаттағы пәтерді 130 мың теңгеге жалға беремін. Пәтердің ішінде бір киім шкафынан басқа ештеңе жоқ. Төсеніш, кір жуу машинасы, тоңазытқыш жоқ. 130 мың теңге бір ай жалдау құнын, сосын коммуналдық қызмет ақысы үшін алдын ала 15 000 теңге, сақтық депозитіне – 30 мың теңге, риелтордың қызмет ақысына 35 мың теңге төлейсіз»,– деген жауап алдық. Әлі қызметін тұтынбаған газ, су, электр үшін неге алдын ала 15 000 теңге алатынын сұрағанымызда, «төлемей қашып кетпеуі үшін» екенін алға тартты. Тәуліктік пәтерге 10-15 мың теңгені қымбатсынған адамға пәтерді айға жалдау да тиімсіз болары сөзсіз. Себебі бір айға арзан деген 130 мың теңгелік пәтерді жалға алу үшін қалтаңызда кемінде 205 мың теңгеңіз болуға тиіс. Алайда бұл сома ең арзан пәтер үшін екенін ескерсек, айлық жалдау құны 250-300 мың теңгелік пәтерді жалдауға әмияныңызда кем дегенде 400-450 мың теңгеңіз болуы керек.

Қаладағы пәтер құнының бұлай бейберекет қымбаттауының себебі неде? Бұл сұрағымызға таяуда ғана Алматы облысынан Солтүстік Қазақстан облысына арнайы бағдарламамен қоныс аударған Нағима Есқараева:

«Менің түсінгенім – бұл жақта бәсекелестік орта жоқ. Бәсекелестік жоқ жерде тұтынушыда таңдау болмайды. Соның салдарынан да пәтерін жалға берушілер ойына келген бағаны айтып отыра береді. Қазақстанның ең үлкен үш қаласында да болдым. Бірде-біреуінде осы Петропавлдағы сияқты шарттарды кезіктірмедім. Алдын ала коммуналды қызмет үшін ақы алады, ол аздай, қосымша депозит ақысын да алады. Өткен аптада ғана қаланың «Айсберг» дүкені маңынан ескі үйлердің бірінде 4-қабаттағы 2 бөлмелі пәтерді 150 мың теңгеге жалдадық. Пәтерді жалдаудың жалпы құны – 225 мың теңгеге шықты. Риелторға 35 мың теңге, депозитке 30 мың теңге, алдын ала коммуналдық қызметке деп 15 мың теңге бердік. Енді әр ай сайын 150 мың теңгеден төлеп отырамыз. Алматыда пәтердің ішінде түк жоқ дегенде, ең болмаса ескі кілемдері мен шкаф, жатын орын, кір жуғыш машинкасы мен тоңазытқышы міндетті түрде болады. Ал мұнда аңырап бос тұрған пәтерді 150-200 мың теңгеге береді екен. Ашығын айтқанда, таңғалдым. Алатын жалақым 70 мың теңге. Жолдасымның айлығы – 80 мың теңге. Мемлекет тарапынан бір жыл бойы пәтер жалдау үшін 70-80 мың теңге беріледі екен. Енді есептей беріңіз, ай сайын үш баламызбен өмір сүруімізге қанша қалатынын», – дейді.

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы мәліметіне сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздегі жалақы көрсеткіші ең төмен аймақтың қатарына кіреді. Соған қарамастан, қаладағы жалға берілетін пәтер құны мен сатылымдағы пәтер бағасы удай қымбат. Сонымен қатар бұл өңір – «Оңтүстіктен-Солтүстікке» көші-қон бағдарламасы жүзеге асырылуға тиіс аймақ. Алайда мынадай қымбатшылық қоныс аударам, теріскейдегі халық санының артуына үлес қосам деген ағайынның аяғына тұсау болмай ма? Жергілікті билік өкілдерінің қолдан жасалған бұл қымбатшылықтан хабары болмауы мүмкін емес. Десек те, пәтерін жалға берушілерге тоқтау салатын қауқар да танытпай отырғаны өкінішті. Климаты қатал Солтүстік Қазақстан облысына күнгейден ешкім еріккеннен көшіп келмейтіні бесенеден белгілі. Қоныс аударушылардың басым бөлігі туған жерінде өз баспанасына қол жеткізе алмай, теріскейге табан тіреп, үй мәселесін шешермін деген үмітпен келеді. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан ұлттық бағдарлама жасалып, Солтүстік Қазақстан облысының демография проблемасын шешуге миллиардтап қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, бұл аймақтағы мынадай қымбатшылық келем деушілердің сағын сындырып отыр. Естеріңізге салып өтейік, соңғы бес жылда оңтүстіктен-солтүстікке көші-қон арнайы бағдарламасы бойынша бюджеттен 450 миллиард теңге бөлінген. Теріскейдің төсін мал-жанға толтырсын деп, ел қазынасынан қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан, соңғы 5 жылда Солтүстік Қазақстан облысы халқының саны 20 мыңнан астам адамға азайған. Жергілікті билік өкілдерінің қымбатшылық атты басты проблемаларды реттей алмауының салдары солтүстіктегі жұрттың үдере көшуіне түрткі болып отырғаны жасырын емес. Шымкенттің орталығында 100 мың теңгеге пәтер жалдап, «Қырғы базардан» арзанға алма сатып алып, «Көктем» базарына апарып екі есе бағаға сатып, отбасын асырауға мүмкіндігі бар адам Петропавлдағы кеңес дәуірінен қалған ескі үйді 200 мың теңгеге жалдап, 150 мың теңгелік айлыққа жұмыс істей ме? Солтүстік Қазақстан облысының атқамінерлері осы сұрақтың жауабын білмейді дегенге сіз сенесіз бе? Әлде теріскейдегі шенді-шекпенділер мемлекет тарапынан арнайы жасалған көші-қон бағдарламасының жүзеге асқанын қаламай ма? Қалай ойлайсыз?

Меруерт ХУСАИНОВА

Солтүстік Қазақстан облысы

Тегтер: