Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:10, 15 Ақпан 2024

Патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендету, қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру

1
Фото: osken-onir.kz

Патерналистік көңіл күй мен әлеуметтік масылдықты төмендету үшін халық арасында ақпараттық жұмысты күшейту басты міндет. Себебі ел болғасын неше түсініктегі адамдардың болуы заңдылық.

Қоғамға бір көз салып қарасаңыз, қазір барлық жағдайымыз жеңілдеген сайын біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбей, жеңіл табыс табуға ұмтылу белең алып бара жатқан сияқты.

Ұлы Абайдың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген данышпандығы айна қатесіз келе бастады.

Бүгінгі нарық заманында тайға таңба басқандай көрініп тұр. Адамдар арасында әлеуметтік масылдық пайда болды.

Адамды да тұлға ретінде дамытпайтын, қоғамға да кері әсерін тигізетін бұл үрдістен қайтсек арыламыз?

Неге қарапайым, ауыр жұмыс көздерінен қашқақтаймыз? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек» дегені есімізде.Бұл жағдайды алдын-ала қолға алу керек.

Иә, Қазақстанды табысты түрде дамытудың маңызды факторы болып кәсіпкерлік мәдениетті дамыту, іскерлік алғырлыққа және жеке бастамаларға бағытталған құндылықтарды қолдау болып саналады. Бұл тұста «кәсіпкерлік мәдениет» дегеніміз, мағынасы жағынан «патернализмге» мүлдем қарама-қайшы дүниелер. Ал патернализм дегеніміз не? Егер жай сөздермен айтар болсақ, онда бұл ел азаматының өз өмірі үшін жауапкершілік алуға аса құлық танытпай, әл-ауқатының жақсы болуына деген барлық үмітін негізінен мемлекетке артып қоятын көңіл күй ұстанымын білдіреді. Бұндай жағдайлар көп кездесіп жатыр.

Басқаша айтқанда, патерналистік құндылықтар өмірлік ұстанымына айналған азаматтар өзінің жетістігін де, сәтсіздіктерін де тек өзінің ұмтылыс талаптарымен ғана емес, сонымен қатар көп ретте өзі қамқоршы, жарылқаушы деп санайтын мемлекеттің рөлімен де тығыз байланыстырады. «Патернализм» ұғымы «әлеуметтік инфантилизм», «әлеуметтік масылдық» түсініктеріне өте жақын.

Қазақстан Президенті Жолдауда негізгі басымдықты әлеуметтік саясатқа, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арнады. Жолдауда елімізбен қатар қаламыздың тұрақты дамуы, экономикалық өсімі, халықтың денсаулығы мен білімінің сапасы, руханияты мен мәдениетінің дамуы қамтылған. Сондықтан қазақстандық әр азаматқа жүктелер міндет те, артылар сенім де айрықша. Ең басты міндет – ел болып біріге еңбек етіп, қарқынды дамуды күшейте беру. Жолдаудың мәні де, мақсаты да осында. Қазақстанның азаматы болып мойынымыздағы міндетті жауапкершілікпен қарауымыз керек.

Елордада ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін екі бейімдеу орталығының құрылысы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар тұрғын алаптарда төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Мұның бәрі халықты масылдықтан арылтуға, патерналистік көңіл күйді жоюға бағытталған іс-шаралар деп түсінген абзал. Дене шынықтыру кешенін салу, жастардың көңіл-күйін жою болады.

Масылдық көңіл күйге әсер ету үшін аталған санатқа жататындар жиі шоғырланған аудандардан, облыс емес, аудандардан жұмыс бастаған жөн. Сонда ғана жалпылама деректерден, көмек беруден сәл де болса арылып, жалқыға көшеміз. Жұмыс көріне бастайды. Нәтижелі істі көрген өзге азаматтар өздері келетін дәрежеге жету керек. Ол қалай десеңіз, мемлекеттен беріліп жатқан әлеуметтік көмектерді қолжетімді етіп, сол бойынша психологиялық «шабуыл» жасаған дұрыс. Бұл саланы зерттеп жүрген азаматтар, мемлекет көмегімен масылдық көңіл күйді түбегейлі болмаса да айтарлықтай деңгейде жеңуге болатынын айтады. Оларды жетектеп оқуына түсіріп, жұмысына кіргізіп, былайша айтқанда, балық ұстап бермей, қолына қармақ ұстатқанда ғана қимылдай бастайды. Осыны басты бағдарға ұстаған дұрыс.

Тұтастай бір ұлттың мінезіндегі мұндай көңіл күймен күресудің жолы қайсы, масылдықтан құтылатын әрекет бар ма? «Адамды адам еткен еңбек», «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «еңбегімен ер сыйлы». Бұл қағидалардың бәрі ертеден ел санасына сіңісті болған тәлім еді. Қазақ ұл-қызын еңбекке осылай баулыды. Балабақша, мектеп, университет те жасөспірімнің, жастардың айналасына осындай атмосфера қалыптастырды. «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті», «жатқанға жан жуымас, жалқауға мал құралмас», «Жалқаудың жауы–жұмыс» деп еріншек, керітартпа, жатыпішерлерді айыптады, қоғам болып мұндай көңіл күйдегі адамнан жиренді. Мұның бәрі қарапайым адамды еңбекті сүюге үйретті. Шын мәнінде, осындай мақал мәтелдер өсіп өнуді, өркендеп, баюды мақсат еткен кез келген адамның өмірлік бағыты, ұстанатын бағдары болды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қазақ халқы осы тәрбие мен тәлімнен ажырап қалды. Қоғамды масылдық көңіл күй мен жатыпішерлік, тоғышарлық жайлады. Оңай табыс, арзан күлкі, арсыз ұйқыға үйір буын пайда болды. Жастардың арасында бір бірін алдап кету, біреудің ақшасын малдану, кісі ақысын жеу, еңбексіз баюға ұмтылу секілді алаяқтыққа алып баратын әрекеттер көбейді.

Жеке адамдарға қатысты болатын себебі, адамдардың өзінің ішкі мотивациясы, өсуге деген, еңбек етуге, табыс көздерін табуға деген ішкі ұмтылысының төмен болған жағдайында масылдық туындайды. Сол себепті адамдардың масылдықтан арылып,керісінше еңбек ете білгені өте дұрыс болар еді.

Екіншіден, адамның пассивті қалауларын сол өмір сүріп отырған қоғам, мемлекет, жүйе, әлеуметтік , экономикалық жүйе және оның ортасы, қоғам құптайтын болса, сондай ортада да оған қалаулы жағдай жасалатын болса бәрі жақсы болар еді.

Мәселен, адамдардың сапалы білім алып, кәсіби маман болып, одан кейін сол саласы бойынша және соның әсерінен қоғамдағы жұмыссыздармен түрлі әлеуметтік топтарға төленетін төлемдер бізде көбейсе онда біз масылдылықты жоя алмаймыз.Себебі, біз халықты әлеуметтік қорғау арқылы масылдықтың себебімен емес, салдарымен күресеміз. Біз осыған жол бермейтін жағдайды алдын ала орнатсақ әлеуметте мұндай көңіл күйде... Бұл қазір өкінішке орай ешқандай ұят емес болып қалды. Біз тек сонымен күресуге ғана күш салып отырмыз. Бұдан бөлек, кедейлік қақпаны деген ұғым бар. Яғни адамдарға әлеуметтік төлемдер төлеген сайын адамдар ары қарай ұмтылмайды. Демек сол мемлекеттен алатын көмектер оның белгілі бір деңгейде күнкөріс деңгейін қамтамасыз етеді, ол соған қанағат қылады. Тағы бір мәселе, кейінгі туған балалардың бойындағы масылдық, енжарлық, жұмысқа қызығушылықтың болмауы немесе төмен болуы бұл бір жағы әке шешесінің шектен тыс еркелетуі қателіктен деп ойлаймын. Сол себепті баланың бойына құнды қасиеттерді сіңіре білуіміз керек. Қазақстанның болашағы осы балалардың қолында. Біз баланың бойына жауапкершілікті арттырып, жақсы жағынан өзгертуіміз керек. Әрбір ата-ананың мойында. Егер біз балаларымызға бойына жақсы қасиеттерді, соның ішінде, жалқаулықтан, еріншіктіктен бойын аулақ қылсақ, қоғамға үлесін тигізетін ер-азамат болады. Сол себепті балаларға осы құндылықтарды үйрету басты талабымыз болу керек.

Фото: osken-onir.kz