Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 10 Қазан 2024

Патерналистік көңіл күй және әлеуметтік сана

патерналистік көңіл-күй
Фото: из открытых источников

Қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – патерналистік көңіл күй мен әлеуметтік масылдықты төмендету.

 Еліміз бүгінде ілгері дамуды, өркендеуді, экономиканы жақсартып, нарықты қайта құруды басты бағдарға қойып отыр. Алайда қоғамдағы патерналистік көңіл күй, тіпті әлеуметтік тәуелділік күшейе түсуде. Әрине, бұл күтпеген жерден пайда болмайды. Елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы мен халықтың нақты кірісінің төмендеуінен басқа, патерналистік көңіл күйге саяси, әлеуметтік, мәдени факторлар да әсер етеді. Соңғы кездері қоғамдағы патерналистік көңіл күй, тәуелділік, әлеуметтік масылдық туралы және олардың алдын алу шараларын жоғары мінберлерде айтып та жүр. Қазақстанда патерналистік көңіл күй соншалықты күшті ме? Оларды мемлекеттік саясаттың әлеуметтік құрамдас бөлігін төмендетпей азайту үшін не істеу керек? Осы тақырып аясында Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мен психолог Гүлдана Матыжан, педагог Ұлдай Андировадан сұрап көрдік. 

Оразкүл Шайхықызы: Патерналистік көңіл күй жемқорлықпен тығыз байланысты

– Қазір «Алма піс – аузыма түстің» уақыты емес. Кез келген жеттістікке үлкен еңбектің арқасында ғана жетуге болады. Қоғамдағы ең қорқынышты көріністің бірі масылдық. Әлеуметтік масылдық тек қана қайыршылықпен өлшенбейді. Қоғамымызда аяқ-қолы сау бола тұра мемлекеттен көмек алу үшін өзіне жұмысқа жарамсыз деген анықтама алып, ай сайын мемлекеттен ақша алатындар да бар. Осындай құбылыстың да себебі, қоғамымызда қалыптасқан жемқорлықпен тығыз байланысты. Барлығы өз жұмысын адал атқарса, шынымен мұқтаж жандар мемлекет көмегіне ілініп, ақ пен қараның жігі көрінетін еді. Адал еңбекпен жетістікке жеткендерге қарағанда мемлекеттік қызмет арқылы, пара алу арқылы байлыққа жеткендер көп. Пара беріп мұқтаж жандар тізіміне іліккендер нағыз әлеуметтік масылдықтың мысалы бола алады. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа адал еңбек етуді, адами құндылықтарды үйрете алмайтын қоғамға айналу – ең сорақы іс. Бүгінде мемлекет мүмкіндігі жоқ жандарға әртүрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақыларды тағайындап, жұмыссыздықпен күрес те жүргізіп келеді. Сондай-ақ білімі жоқ адамдардың кәсіптік оқуына жіті көңіл бөлініп, шағын және орта бизнес өкілдеріне жасалатын жағдай да молайды. Бірнеше жылдан бері жастардың ел игілігіне жұмыс істеуіне жол ашылып, шетелде оқуына қомақты қаражат бөлініп жатыр. Шыны керек, жұрт үшін жасалатын мұндай жан-жақты көмек бүгінде кейбір елдерде жоқ. Солай бола тұра кейінгі жылдары жұмысқа қабілетті адамдар мен келешегі бар мамандықтың иелері де мемлекет беретін игілікті пайдаланып қалудан кет әрі емес екенін көріп жүрміз.

Матыжан Гүлдана: Адамдар арасында «жеңіл ақша тапсам» деген түсінік пайда болды

Өкінішке қарай, қоғамда патерналистік көңіл күй мен әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Жұмыс жасамай, елден көмек күтетіндер қазір тым көбейіп кетті. Ал масылдық сана – ғасырлар бойы қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені рас. Масылдық пиғыл барлық әлеуметтік топтар арасында көрініс берді. Адамдар арасында «жеңіл ақша тапсам» деген түсінік пайда болды. «Масылдық» пен «әлеуметтік инфантилизм» бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бұл қасиеттерді кез келген адамның бойынан кездестіруге болады. Неге десеңіз, біз бірден үлкен болып туа салған жоқпыз ғой. Бәріміз нәресте, бүлдіршін, бала болған кезден өттік. Ал кішкентай нәрестенің бойында масылдық психологиясы терең орнығып алады. Өйткені ол өзі ештеңе жасамайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын, кез келген адамда баяғы ертегідей: «Маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам. Бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы психологиялық заңдылық. Еңбекке бірден құлшынбайды. Еңбек еткісі келмейді. Ерінбей еңбек етуді отбасында әке-шешеміз үйретсе, мектепте мұғалімдеріміз үйретеді. Адам еңбекке бірте-бірте дағдыланады. Басында біреу маған көмектесе қалса деген оймен жүріп, келе-келе оған өзінен басқа ешкім көмектеспейтінін түсінеді де, жұмыс істеп, ақша табуға мәжбүр болады. Сөйтіп, белгілі бір деңгейде біреуге масыл болудан арыла бастайды. Былайша айтқанда, өз күнін өзі көруге бейімделеді.

Ұлдай Андирова: Баланы тәрбиелемес бұрын ата-ана өздерін тәрбиелеуі керек

Баланың дұрыс қалыптасып, дамуына ата-ананың рөлі ерекше. Баланы тәрбиелемес бұрын олар өздерін тәрбиелеуі керек. Олай деп отырғаным, кейбір отбасында ата-аналар балалардың алдында бір-бірімен конфликтіге түсіп, ауыр сөздер айтып, ішімдік ішіп деген секілді әрекеттер жасайды, мұның бәрі балаға кері әсерін тигізеді. Осындай жағдайлар жастардың психологиясына, өмірге деген көзқарасын өзгертеді, қызығушылықтарын төмендетеді. Жұмыссыздықтың салдарынан, білімге деген құштарлықтарының болмауынан жастардың қоғамда өз орнын таба алмауына себеп болады. Осының бәрі ақырында оларды қылмыс әлеміне ұрындырып, құқықбұзушылардың қатарының көбеюіне әкеледі. Мысалы, жұмыс болмаған соң, әрине, кіріс болмайды, ақша болмайды. Осыдан жастар теріс қылыққа, яғни ұрлыққа баруы әбден мүмкін. Кейбіреулері жеңіл жолмен келетін қаражатқа құнығып, құмар ойын ойнап, қарызға белшесінен батады. Денсаулығына зиянды әрекеттермен айналысып, темекі, алкоголь өнімдерін пайдаланады. Мұндай жолға айналысатын тіршілігі, ісі болмаған соң баратыны белгілі.

Дайындаған Сәруар БАҚБЕРГЕН