Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:15, 20 Желтоқсан 2023

Патернализм инфантильді түсініктерден пайда болады

Патернализм
Фото: из открытых источников

Отбасы үйдегі кішкентай жастағы баласына қалай қамқорлық танытып, жауапкершілік алса, мемлекет те дәл солай халық үшін көптеген жауапкершіліктерді алады деген жаңсақ түсінік бар. Қоғамда бұлай ойлайтын, соған сәйкес өмір салтымен өмір сүретін азаматтар жоқ емес. Өкінішке қарай олардың қатары артпаса кеміп жатқан жоқ. 

Оның кері әсері әлеуметтік өмірдің барлық саласында, жалпы қоғамдық динамикада көрініс беріп жатады. Даму мен жарқын болашақты бетке алған мемлекетте мұндай патерналистік көңіл-күй мен масылдық психологиясы болмау керек. Әр азамат пен азаматша өзіне жауапкершілік алып, арқасындағы жүкті сезінгенде, алдағы күндер мен жоспарлар үшін жауапты екенін сезініп, оқиғалардың тізгінін қолға алса ғана даму болады. Себебі кім маған не әкеліп береді екен, маған айналаның бәрі көмектеседі, қол ұшын созады, мәселелерімді шешеді деген сөз басында айтқанымыздай жаңсақ түсінік. Мұны әлем қазір «әлеуметтік инфантилизм» деп атап жүр. Әлеуметтік дегеніміз түсінікті, ал инфантилизм дегеніміз не?

Инфантилизм ересек, толысқан толыққанды адамдардың бала психологиясындағы жай-күйінің сипаты. Есеймеген, балаша қылық көрсетіп, әрекеттердің де солай болуы жиі кездессе, ол адамды инфантилизммен қиналады деуге негіз бар. Жеке-дара көзқарас пен пікірдің шалалығы, жауапкершілік алудан қашу, әлеуметтік өмірде эгоцентристік көзқарас ұстану мен сөзге немесе диалогқа келуден қашу да инфантилизмнің белгілеріне жатады. Өз кезегінде мұндай адамдар өз өмір жоспарлауға осал келеді, қалауларын айқындап, нақты мақсат қойып, оған жету үшін әрекет ете алмайды. Әлбетте, олар психологтардың айтуынша жалқаулыққа, прокрастинацияға бейім келеді. Әдетте мұндай адамдар басқалар бекіткен ережемен, сызылған шекаралармен өмір сүреді. Қалыпқа құйғандай айналаның бейнесіне төселумен болады. Бұл жекелеген адамның басындағы мәселе емес. Жаңа айтқанымыздай, қоғамға ортақ мәселе деуге де болады. Мәселен, егер жалпы бір немесе бірнеше әлеуметтік топ инфантизмге шалдықса, ол жаппай сипат алса, бұл әлеуметтік инфантилизм. Мұны әлемдік ақпарат көздері әлеуметтік-мәдени инфантилизм деп те атап жүр. Бұл әлеуметтік міндеттерді қабылдаудан бейсаналы түрде бас тартудан, немесе әлеуметтену механизмінің бұзылуынан, қоғамдық міндеттер мен жауапкершіліктерді алудан бас тартудан орын алады. Олардың басты проблемасы өзгелерді өз өміріндегі жайсыздыққа кінәлау, жауапкершілікті өзінен емес, өзгеден іздеу.

Мұндай психология түбі масылдыққа, патерналистік ұстанымға әкеліп соғады. Соның әсерінен қиындықтар жекелеген адамдарда ғана емес, қоғамда да пайда бола бастайды. «Масыл» деген сөз табиғатынан негативті сарында қолданылып жатады. Бұл сөзді жеку бағытында да айтылатын. Кейде «масыл болдым-ау» деп кейіп жатқандарды да көреміз. Масылдық дегеніміз сау адамға, аяқ-қолы сау, ақыл-жібі түзу адамға айтылмаса керек-ті. Өйткені мұндай толлыққанды тұлға «алма піс, аузыма түс» деп отырмауы керек. Еңбексіз, бейнетсіз, қозғалмастан нан жеймін, нан табамын деу қалай қарасақ та қате. Бұл туралы ұлы Абай да көп айтқан. Өз заманындағы еңбектің мотиваторы қазақты, халықты білім мен ғылымға, көп еңбектенуге, өз күшіне сенуге шақырды. Ақынның «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал болып кеткен сөзін білмейтін қазақ жоқ шығар. Әр адам өз бейнетімен күн көріп, тіршілік етуі тиіс дегені ғой бұл. Одан соң «Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын» деген сөзі бар. Абайдың бұл жолдарын талай ата балаға өсиет қылып, ақыл етіп айтып жүргені рас. Бұл қазіргі психологтар мен коучтар, бестселлер кітаптар мен батыстық мотиваторлар айтып жүрген «зона комфорта» ұғымына саяды. Адам баласының табиғаты сол, тыныш, жылы да жайлы, қауіпсіз орын іздейді. Алайда, үйреніскен қолайлы ортаңнан шықпау сені одан да биік белестерден шектеуі әбден мүмкін. Демек, қолдап өз жолыңды өзің жабуың ғажап емес. Жаңа ортаға шықпау, жаңалықтар мен серпілістерден қорқу, жаңа нәрсе үйреніп, ізденуге аяқ баспау, үйреншікті емес әрекеттер мен жаңа жұмысқа белсене кірісіп кете алмау – қарыны тоқтық пен уаймымы жоқтықтан кеткісі келмеген адамның әрекеті болары айқын. Мұны да Абай заманалар бұрын айтып кетіпті. Және тағы «Өзіңе сен өзіңді алып шығар ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген сөз бар. Біреулер жаздырып кабинетіне ілетін, енді біреулер күнделігінің маңдайшасына жазып, қайта-қайта қайталап айтып жүретін бұл сөздің де мәні өте терең. Үңіліп қарасақ, бұл жерде ешкімге масыл болма, айналадан дәнеңе де күтпе, өзің ізден, өзің ойлан, өзің шеш те өзің жаса деген ой айтылып отыр.

Расымен де адам өзіне, өз ісіне ғана сенуі керек. Осылайша ол өз даңғыл жолын салып, мақсат-мұраттарына ұмтыла алады. Өзін толыққанды қоғам мүшесі ретінде қалыптастырып, әлеуметтік өмірде белсенді, тұлға ретінде бақытты бола алады. Масыл болу немесе менің емес елдің мәселесі, менің емес жұмыстағы басшылықтың мәселесі, менің емес досымның мәселесі деп жауапкершілік пен өзіндік құндылық сезімін біреуге, екінші бейнеге арта салу – жауапсыз адам ғана емес, жауапкершілікті сезінбейтін қоғам тудыруы бек мүмкін. Сондықтан да, бала тәрбиесінде де, өзіндік тәрбиеде де, жалпы барлық кезде адамның тұлға ретіндегі құндылығы мен оның индивид екені, оның өзіндік жолы мен өзіндік мақсаттары негізге алынғаны дұрыс. Осылайша біз инфантилстік көзқарастардан ада, масылдық психологиядан сау, өзі таңдау жасай алатын, жеке ойы мен пікірі бар қоғам қалыптастыра аламыз. Сонда ғана патерналистік санадан арылып, әр азамат немесе азаматша өзі үшін жауапкершілік сезініп, өз таңдауын жасай алатын сау қоғамда өмір сүруге мүмкіндік бар.

Тегтер: