Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:27

Патох Шодиевтің қызы бірнеше елдің азаматы бола тұра Қазақстанның дипломатиялық паспортын алған

Шодиева
Фото: БАҚ

Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының тең иесі, миллиардер Патох Шодиевтің қызы Муниса Шодиева Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспортының иегері болып шықты.

 Бұл дерек мемлекеттік дерекқорлардың жабық базасынан тараған мәліметтер арқылы белгілі болды.

Выход к море телеграм арнасының жауынша, ол паспортты заңсыз жолмен алған. Себебі Қазақстан заңнамасында қос немесе көп азаматтыққа қатаң тыйым салынған. Алайда Муниса Шодиева бұл құжатқа ие болған сәтте Бельгия мен Ресейдің азаматы болған.

Ресми құжаттарда көрсетілгендей, ол Қазақстанның дипломатиялық паспортын 2003 жылдың қаңтарында алған. Ал 2013 жылы бұл құжатты жаңартқан.

Бірақ дәл осы кезде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі (СІМ) оның шетел азаматтығын иеленіп жүргенін біле тұра көз жұмып қараған. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шешім Нұрсұлтан Назарбаев әкімшілігінің тікелей ықпалымен қабылданған болуы мүмкін.

Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов
Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов

Өйткені Назарбаев пен «Еуразиялық үштік» аталған кәсіпкерлер тобы — Патох Шодиев, Александр Машкевич және Алиджан Ибрагимов арасында ұзақ жылдар бойы сенімді, өзара тиімді қарым-қатынас орнаған болатын.

Диппаспорттың «құқықтық негізі» болмаған

Муниса Шодиеваның дипломатиялық паспорт алуға еш заңды құқығы болмаған. Бұл құжатқа тек мемлекеттік қызметкерлер, дипломаттар немесе халықаралық ұйымдарда Қазақстан атынан өкілдік ететін тұлғалар ғана үміткер бола алады.

Ал Муниса ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген, Қазақстанда тұрмаған, тіпті ел аумағында ұзақ уақыт болмаған. Оның өмірі көбіне Лондон мен Мәскеу арасындағы бағытта өтіп келген.

Бұдан шығатын қорытынды – бұл паспорт нақты саяси себептермен, яғни Шодиевтер отбасының сыртқы істердегі проблемаларын шешу үшін берілген.

 Бельгиядағы "ақша жымқыру" ісі және 23 миллион долларлық айыппұл

2000-жылдардың басында Бельгия прокуратурасы Патох Шодиевке қарсы қылмыстық іс қозғады.
Оған Tractebel компаниясынан ақша жымқыру бойынша айып тағылды.

Бұл процесс шамамен 15 жылға созылды. Осы уақытта Шодиев отбасы Бельгия азаматтығынан айырылып қалу қаупімен бетпе-бет келді.

Брюссель билігі олардың Ватерлоо қаласындағы қымбат резиденциясын тергеуге алған.
Қала мэрі Серж Кубла Шодиевтерге заңсыз жолмен азаматтық алуға көмектесті деген күдікке ілінген.

Соңында Патох Шодиев кінәсін ішінара мойындап, Бельгия мемлекетінің бюджетіне 23 миллион доллар айыппұл төлеп, істі жапты.

Міне, дәл осы құқықтық дағдарыс кезінде Муниса Шодиеваның Қазақстаннан дипломатиялық паспорт алуы — «сақтандыру құралы», яғни қажет болған жағдайда елден кету және иммунитет алу амалы болғаны анық байқалады.

Шодиевтер отбасының аты Британияда да бірнеше рет аталған. 2022 жылы Лейбористік партия өкілі Маргарет Ходж парламенттік тыңдауларда Патох Шодиевті «қазақстандық клептократтардың бірі» деп атады.

Ол Ұлыбритания билігінен Шодиевтің активтерін тексеруді талап еткен. 2024 жылғы сайлауда лейбористер жеңіске жеткен соң, бұл бастама ресми тергеу деңгейіне көтерілді. Британ жер кадастрының ресми деректеріне сәйкес, Шодиевтер отбасына Лондондағы Panoramic тұрғын кешенінен екі пәтер мен төрт көлік тұрағы тиесілі.

Бұл мүліктің жалпы құны – шамамен 10 миллион фунт стерлинг, яғни 7,4 миллиард теңге.
Ресми құжаттарда жылжымайтын мүлік Panoramic Holdings Limited компаниясына тіркелген,
ал оның бенефициары – Мунисаның анасы Гүлнара Шодиева.

Қызығы, Муниса өз бизнес-компанияларын тіркеу кезінде осы мекенжайды бірнеше рет көрсеткен.

Гүлнара Шодиеваның Ресейдегі Николина Гора ауылындағы Рублёво-Успенское тас жолы бойындағы зәулім үйі де 10 миллион фунт стерлингке жуық бағаланады.

2020 жылдан бастап бұл мекенжайда Муниса Шодиева да тіркелген. Бұл дерек Ресейдің Росреестр базасынан табылған.

Қазақстанда Шодиевтер отбасы қазір «Еуразиялық қаржы компаниясы» акциялары үшін бұрынғы серіктестің ұлы Шухрат Ибрагимовпен соттасып жатыр.

Сот процесі әзірге Шодиевтердің пайдасына шешілген жоқ. Ал жергілікті басылымдар бұл тартыста Ибрагимовты «нағыз қазақстандық тарап» ретінде көрсетіп келеді.

Бірақ соңғы мәліметтерге қарағанда, Муниса Шодиева әлі де Қазақстан азаматы ретінде тіркелген, яғни сот ісінде де ол өзін сол мәртебемен қорғап отыр.

Тегтер: