Павлодар облысында 2025 жылы 32 млрд теңгеге заңсыз мемлекеттік сатып алулар анықталды
2025 жылы Павлодар облысында 32 млрд теңгеге заңсыз жүргізілген мемлекеттік сатып алулардың күші жойылды.
Сонымен қатар бюджет қаражатының 24,1 млрд теңгесін негізсіз жұмсаудың алдын алынып, 3 млрд теңге өтелді, 6,5 млрд теңгеге мүлік мемлекетке қайтарылды және 1 млрд теңге айыппұл өндірілді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша прокуратура мемлекет мүддесін қорғау мақсатында заңсыз мемлекеттік сатып алуларды тоқтатып, бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына жол бермеген.
Анықталған барлық ұрлық пен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеулер басталған.
Атап айтқанда, Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған аяқталмаған пәтерлерді сатып алғаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның алдындағы басшы мен мердігер көпқабатты тұрғын үй құрылысы кезінде орындалмаған жұмыстар үшін 451 млн теңге төлеу дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Цифрландыру саласында да заңбұзушылықтар анықталған. Ауылдық аумақтарды интернетке қосу кезінде 150 млн теңге көлемінде қаржы жымқырылған. Күдіктілер қамауда, тергеу әрекеттері облыстық прокуратураның бақылауымен жалғасуда.
Жалпы, түрлі жауапкершілік түрлеріне 160 адам тартылып, 11 адамға қатысты айыптау үкімдері шығарылған.