Павлодар облысында әкім орынбасары жетім балаларға арналған пәтерді заңсыз иемденген

Павлодар облысының прокуратурасы әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйді бөлу кезінде заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, Ертіс ауданында жетім балаға тиесілі пәтер аудан әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасарына берілген. Бұл туралы жергілікті ақпарат көздері хабарлады.
2025 жылдың ақпанында білім беру саласының қызметкері Роза Ақанова Ертіс ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Аудандық нақты сектор бөлімінің басшысы Қайролла Елеукенов шенеунікті қызметке орналасуына байланысты пәтермен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдап, оны бұрын жетім балаға жалға берілген үйге көшірген. Аталған қыз баланың пәтерде соңғы бір жылдан бері тұрмағаны алға тартылып, баспана бос деп есептелген.
Жағдайды облыстық Әдеп кеңесі қарастырып, мемлекеттік тұрғын үй қорын мақсатсыз пайдалануға жол берген бөлім басшысына шара қолданылды. Прокуратура бұл – жүйелі сипат алған мәселе екенін атап өтті.
«Мысалы, Мүткенов көшесіндегі әлеуметтік мақсаттағы пәтерде аудан әкімінің орынбасары тұрып келген. Тағы бір жағдайда №1 Ертіс орта мектебінің мұғалімі дәл осындай тұрғын үйде бес жыл бойы заңсыз тұрып келген. Бұл пәтерлер бастапқыда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, соның ішінде жетім балаларға арналуы тиіс болатын», – деді прокурор.
Аудан әкімінің орынбасарына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» ресми ескерту жасалды. Ол пәтерді босатып, шығуға мәжбүр болды.
Прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта Ертіс ауданында осындай мақсаттағы бос тұрған 14 пәтер бар. Алайда олар шын мәнінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға берілмей отыр. Қадағалаушы орган аталған жағдайды дереу қалпына келтіріп, әділдік орнату қажеттігін ескертті.