Павлодар облысында әскери қызметкерден ақша бопсалағандар ұсталды

Павлодар облысында әскери қызметкерден ақша бопсалады деген күдікпен екі тұрғын қолға түсті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер бірнеше ай бойы әскери қызметкерге моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, оның ақшасын иемденіп келген.
– Белгілі болғандай, олар бұған дейін де қылмыстық ортада жүрген. Қазіргі таңда соттың санкциясымен екі күдікті екі айға қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр, олардың өзге де қылмыстық істерге қатысы бар-жоғы тексерілуде, – делінген полиция департаментінің мәліметінде.
Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Болат Нұрсеитов азаматтарды кез келген бопсалау немесе заңсыз әрекет жағдайлары туралы дереу хабарлауға шақырды.
Полицияның айтуынша, мұндай өтініштердің барлығы қатаң құпия сақталып, тиісті тәртіппен қаралады.