Павлодар облысында өрттен алты адам қаза тапты

Павлодар облысында болған өрт салдарынан алты адам көз жұмды, деп хабарлады өңірдің төтенше жағдайлар департаменті.
9 қазан күні сағат 101 пультіне Солнечный кентінің маңындағы шаруа қожалығы аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген құтқарушылар тұрғын үйдің толықтай отқа оранғанын анықтаған.
«Өрт салдарынан шатырдың бір бөлігі құлап, жалын көршілес шаруашылық нысандарға тараған. Жалпы өрт аумағы 920 шаршы метрді қамтыды», – деп нақтылады ТЖД өкілдері.
Өрт кезінде үйде жеті адам болған. Олардың бірі, 1972 жылы туған ер адам, өз бетімен шығып үлгерген. Қазір ол ауруханаға жеткізілді. Өрт орнынан алты адамның сүйегі табылған. Қаза тапқандардың кім екені анықталып жатыр. Тергеу органдары оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен.
Өрт сөндіру барысында құтқарушылар 27 литрлік сегіз газ баллонын үйден сыртқа шығарып үлгерген. Жалынды сөндіруге 30-ға жуық құтқарушы мен 10 техника бірлігі жұмылдырылған.
Полиция қылмыстық іс қозғап, өрттің шығу себептері мен жағдайын анықтап жатыр.