Павлодар облысында өрттен екі бала қаза тапты
Павлодар облысында жеке тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан екі бала көз жұмды.
Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Өрт Иртышск ауылындағы жеке үйлердің бірінде болған. Құтқару қызметіне хабарлама бүгін таңғы 08:33-те түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына үш минут ішінде жеткен.
"Оқиға орнына келгенде үйдің толықтай отқа оранғаны анықталды. Жиһаздар, тұрмыстық заттар мен шатыр жанып, қою түтін байқалды. Қиын жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілер алғашқы минуттардан бастап зардап шеккендерді іздеуге кірісті, - деп мәлімдеді Павлодар облысы ТЖД.
Өрттен үш бала құтқарушылардың күшімен сыртқа шығарылды, ал тағы бір баланы өрт сөндірушілер келмей тұрып құтқарып үлгерген. Алайда екі баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
"Өрт 50 шаршы метр аумақта сөндірілді. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталуда", - деді ведомство өкілдері.