Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 15 Желтоқсан 2024

Павлодар облысындағы алтын кенішінде бір жұмысшы қаза тапты

Майқайың
Фото: ТЖМ

Павлодар облысында Майқайың шахтасында бір жұмысшы қаза болды.

 

Қайғылы оқиға 14 желтоқсан күні Павлодар облысы Майқайың ауылында болған. Әлеуметтік желіде тараған хабарламаға сәйкес, «Майқайың» АҚ-да көлік жұмысшылардың бірін қағып кеткен. Жұмысшы оқиға орнында көз жұмған.

Өндірісте адам өліміне әкелген оқиға туралы ақпаратты Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі департаменті растады.

«Марқұм 1992 жылы туған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп хабарлады Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі департаменті.

Павлодар облысының полицейлері кәсіпорын аумағында болған қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, жүргізуші анықталып, оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында айқындалады», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұл «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы бірінші адам өлімі болып отырған тжағдай емес. Қаңтар айында төрт құтқарушы мінген автобус шахтаға құлап кетті. Сол күні қаза тапқан екі адам – 24 жастағы Бердіқан Сарқыт пен 53 жастағы Олег Тышкевичтің денесі табылды. Ал, 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергенов пен взвод командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің мәйіттері жарты жылдан астам уақыт жер астында қалды.

19 шілдеде марқұм Айдос Шаймерденнің денесі шахтадан шығарылды.  Шілденің 24-і күні кешке қазу жұмыстары кезінде құтқарушылар автобусты анықтады, келесі күні іздестіру жұмыстары кезінде Айып Тілеубергеновтің топырақ басып қалған денесі табылды.

Қарашада Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы "Майқайың алтын" кенішіндегі апат салдарынан қаза тапқан азаматтың туыстарына өтемақы сомасын 30 млн-нан 7,5 млн теңгеге дейін қысқартты. Сот жазатайым оқиға "Майқайың алтын" АҚ-да жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер, компанияның қызметіне қатысты қажетті жобалардың болмауы салдарынан орын алғанын анықтады.

"Азаттық Радиосының жазуынша,"Майқайың алтын" иесі – Кипрде тіркелген Rence Enterprises Limited. Оның директоры – Сербия азаматы Милан Попович деп көрсетілген. Поповичтің ресейлік олигарх, Ресей мыс компаниясының негізін қалаған Игорь Алтушкинмен байланысы бары айтылады. Оның аты-жөні – Forbes журналындағы Ресейдегі ең бай адамдар тізімінде 37-орында тұр.