Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:17, 05 Тамыз 2025

Павлодар трагедиясы: әлеуметтік қолдаудың әлсіз тұстары және оның салдары

Жұлдыз Сембина
Фото: Жұлдыз Сембина

Мұндай қайғылы оқиғалар қоғамдағы терең әлеуметтік және психологиялық проблемалардың көрінісі болуы мүмкін.

 Әйелдің балаларымен бірге өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруына бірнеше өзара байланысты факторлар әсер етуі мүмкін. Біріншіден, әлеуметтік оқшаулану және қолдаудың болмауы. Бұған әйелдің жалғыз қалуы (мысалы, жалғызбасты ана, отбасының, жұбайының қолдауынсыз өмір сүру). Жақындарынан, көршілерінен, қоғамнан түсіністік пен қолдау көрмеуі. Әлеуметтік байланыстардың үзілуі немесе әлсіреуін (достарының, туыстарының алыстауы) жатқызамыз.

Екіншіден, экономикалық қысым. Оған кедейлік, қарыздану, жұмыссыздық. Балаларды асырауға қажетті қаражаттың болмауы сияқтылар кіреді.

Үшіншіден, психикалық денсаулық мәселелері. Ауыр депрессия, посттравматикалық стресс, психоз, перинаталдық немесе босанғаннан кейінгі депрессия (жүктіліктен кейінгі күйзеліс). Психологиялық көмекке жүгінуден ұялу немесе қолжетімсіздік (мысалы, ауылдық жерлерде психотерапевттің жоқтығы).

Төртіншіден, отбасындағы зорлық-зомбылық және бақылау. Физикалық немесе эмоциялық зорлықтың ұзақ уақыт бойы орын алуы. Әйелдің өзін және балаларын қауіптен қорғауға қауқарсыз сезінуі. Патриархалды мәдениеттегі «шыдау керек» деген қате сенімдердің болуын жатқызамыз.

Бесіншіден, қоғамдық қысым мен моральдық нормалар. Оған әйелдің мінсіз ана болу міндетін қоғам тарапынан шамадан тыс сезінуі. Қателік жасаудан қорқу, әсіресе балаларына зиян келтірмеу мақсатында «бірге алып кету» шешімі. Жеке өмірдегі қиындықтарды жұртқа көрсетуге қорқу (бедел, абырой, масқара болудан қорқу) жатады.

Алтыншыдан, стресстің жиналуы және болашаққа деген үміттің жоғалуы. Қатарынан бірнеше өмірлік қиын жағдайларға тап болу (ажырасу, жұмысынан айырылу, денсаулық мәселелері). Қайғы мен күйзеліс жағдайынан ұзақ уақыт шыға алмауы. Бала тағдыры үшін үмітсіздікке ұшырауы («менен кейін олар не болмақ?» деген ой).

Қорыта келгенде, бұл жағдай қоғамдағы келесі жүйелік кемшіліктердің салдарын көрсетіп отыр:

• Қоғамда әлі де психикалық денсаулыққа мән берілмеуі,

• Әйелдер мен балаларға арналған қолдау жүйесінің әлсіздігі,

• Кедейлік пен зорлыққа қарсы нақты шаралардың болмауы.

Мұндай трагедия – жеке адамның «ақылынан адасуы» емес, жүйелі әлеуметтік және институционалдық сәтсіздіктің нәтижесі. Бұл – біздің қоғам мен мемлекет өз азаматтарын, әсіресе әйелдер мен балаларды, жеткілікті деңгейде қорғай алмай отырғанының айғағы.

Әлеуметтік қорғау жүйесі мұндай жағдайлардың алдын алуға қауқарлы ма? Теориялық тұрғыда – ИӘ, қауқарлы. Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі міндеті – азаматтардың осал топтарын (аз қамтылғандар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбастылар) қолдау және дағдарыстық жағдайлардың алдын алу.

Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесінің қолданатын құралдары:

• Жәрдемақылар мен субсидиялар

• Кәсіптік қайта даярлау курстары

• Психологиялық және заңдық көмек

• Уақытша баспаналар мен дағдарыс орталықтары

• Жұмысқа орналасуға көмектесу бағдарламалары

Бірақ практикада – ЖОҚ, толыққанды қауқарсыз.

Себебі бірнешеу:

1. Қолдау тек «қағаз жүзінде» бар

• Көпбалалы ана болу – автоматты түрде өмір сүруге жететін жәрдемақы алуға кепілдік бермейді.

• Мысалы, 4 баласы бар ана 63 030 тг алады – бұл күнкөріс деңгейінен төмен.

• Дағдарыс орталықтары тек ірі қалаларда бар, ал шалғай аймақтарда мұндай қызмет мүлде жоқ.

2. Қызметтердің кешігуі мен формалдылығы

• Әлеуметтік көмек алу үшін адам көптеген құжаттар жинап, бюрократиялық кедергілерден өтуі тиіс.

• Дағдарыс жағдайындағы әйел, мысалы, зорлық көріп, баласымен қашқан кезде мұндай формалдылыққа төтеп бере алмайды.

3. Психологиялық және әлеуметтік қызметкерлердің тапшылығы

• Аудандық деңгейде бір ғана психолог немесе әлеуметтік қызметкер жүздеген адамға жауап береді.

• Олардың қызметі жиі «құжат толтырумен» ғана шектеліп, нақты эмоциялық қолдау көрсетуге уақыт жетпейді.

4. Қоғам тарапынан стигма және түсініспеушілік

• Әйел көмек сұраса, жиі «өзінің кінәсі», «жаман ана» деп кінә тағылып, моральдық қысым көреді.

5. Бейімделу мен оңалтудың жүйесі дамымаған

• Дағдарысты өткерген адамдарға (мысалы, зорлық көрген, күйеуі тастап кеткен, депрессиямен ауырған әйелдерге) ұзақмерзімді көмек – жұмысқа оралу, реинтеграция – жүйесі жоқ.

Мысал ретінде, егер әйел балаларын асырай алмай, жалғыздықта депрессияға түссе, әлеуметтік қызмет оған нақты көмектесе алар ма еді? Іс жүзінде – жоқ. Ол көмек іздеген күннің өзінде кезекке тұрады, жәрдемақы үшін айлап құжат жинайды, психолог таба алмайды.

Не істеуіміз керек?

– Кешенді әлеуметтік көмек жүйесін құру;

– Әр ауданда бір терезе қағидатымен (психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер) жұмыс істейтін «Әйелдерді қолдау орталықтары».

1. Әлеуметтік көмекке қолжетімділікті жеңілдету. Құжатсыз немесе онлайн өтінімдер арқылы уақытша көмек алудың тетіктері.

2. Дағдарысқа дейінгі алдын алу. Мектептерде, емханаларда, ХҚКО-ларда «қауіп белгілерін» ерте анықтап, сигнал беретін жүйе.

3. Психикалық денсаулықты мемлекеттік басымдық ету. Аудан, ауыл деңгейінде кемі 1 кәсіби психолог пен қолжетімді сенім телефоны болу керек.

4. Әйелдерге арналған экономикалық бағдарламалар. Микрокредит, кәсіптік қайта даярлау, әлеуметтік кәсіпкерлікке гранттар (аталған бағдарламалар бірақ, бірақ тиімділігін таразылауымыз керек).

Қазақстанның қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесі мұндай жағдайлардың алдын алуға әлеуетті, бірақ оны жүзеге асыруда жүйелік кемшіліктер мен ресурстық тапшылық көп. Шынайы көмек көрсету үшін жүйе реактивті емес, проактивті сипатта болуы тиіс – яғни адам апатқа ұшырамай тұрып көмектесетіндей деңгейге жетуі керек.

Жұлдыз Сембина, әлеуметтанушы

Тегтер: