Павлодарда 24 көшенің атауы өзгереді
Қоғамдық кеңес мүшелері, қала тұрғындары және қалалық мәслихат депутаттары қатысқан қоғамдық кеңес өтіп, Павлодар қаласындағы 24 көшенің атауын өзгерту мәселесін талқылады.
Egemen.kz хабарлағандай, бұл Павлодар қалалық мәслихатының және жер қатынастары мен қала құрылысы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия негізінде ұйымдастырылған.
Ұсыныстар облыс пен қаланың қоғамдық бірлестіктері мен облыстың ғылыми және шығармашылық зиялылары өкілдерінен келіп түскен. Көшелер атауын өзгерту туралы материалдар республикалық ономастика комиссиясының қарастырылуына беріліп, содан кейін облыстық мәслихаттың сессиясында түпкілікті шешім қабылданбақ.
Қала көшелерін қайта атау бойынша жоспарға Усолка, Роза Люксембург, Молодежная, 29 Ноября, Набережная, Теплов, Сібір, Чапаев, Молодогвардейцев, Заслонов, Комсомольская, Ермак, Ладожская, Байкальская, Орловская, Тульская, Алданская, Кирпичная, Кошевая, Волочаевская, Камская, Челябинская, Раскова, Осипенко көшелері енгізіліп отыр.
Ұсыныстарда көшелерді қазақстандық жазушылар мен ардагерлердің және батырлар мен қайраткерлердің есімдерімен атау туралы пікірлер айтылған.