Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:14

Павлодарда полицейлер мен еріктілер нашақорлыққа қарсы футбол турнирін өткізді

спорт
Фото: ашық дереккөз

Павлодар қаласында еріктілер ұйымдарының арасында "SportDrive" атты футбол турнирі өтті.

Бұл шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу болды. Турнирді Павлодар облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қолдауымен жергілікті белсенді жастар мен еріктілер бірлесіп ұйымдастырды.

Жарыстың ашылу салтанатында полиция департаментінің өкілдері қатысушыларды құттықтап, спорттың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.

“Бүгін біз жарыс үшін емес, ‘Нашақорлыққа – жоқ!’ деу үшін жиналдық. Бұл турнир – жай ғана футбол емес, ол – өмірге деген дұрыс көзқарастың, спорт пен достықтың символы. Біздің мақсатымыз – өз үлгі-өнегеміз арқылы жастарға шабыт беру, оларды белсенді әрі дені сау өмірге шақыру,” - деді облыстық полиция ведомствосының өкілдері.

Алаңда спортты, еріктілік пен ынтымақ рухын біріктірген командалар өзара сынға түсті. Ойындар жоғары деңгейде, достық және әділ бәсеке атмосферасында өтті. Жарыс қатысушыларға тек күш сынасу емес, сонымен қатар жаңа таныстықтар орнатуға, тәжірибе алмасуға және командалық рухты сезінуге мүмкіндік берді. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанған командалар анықталды. Бас жүлде – кубок пен медальдар Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжінің еріктілеріне бұйырды. Сондай-ақ, "ЗАбота" еріктілер клубы – Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы мен "Ақ-Жарқын" еріктілер тобының ойыншылары да үздіктер қатарынан көрініп, марапатқа ие болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты әдеттерді қалыптастыруға және нашақорлыққа қарсы қоғамдық иммунитетті нығайтуға бағытталған.

“Біз тек футбол ойнаған жоқпыз – біз қоғамға пайдалы үлгі көрсеттік. Еріктілер мен полицияның осындай ортақ жобалары жастардың бойында жауапкершілік пен өз-өзіне деген сенімді арттырады,” - деді турнирге қатысушылардың бірі.

Жарыс соңында барлық командаларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Шара қатысушылардың жүзінде күлкі, жүрегінде ынта мен рух қалдырды.