Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 18:40

Павлодарда сырғанақта 7 жастағы бала жарақат алды: әкімдік төбені көміп тастады, тұрғындар наразы

Н
Фото: скриншот

Павлодар қаласында балалар мен ересектер көп жылдан бері қысқы ойын-сауыққа пайдаланатын сырғанақта 7 жастағы бала ауыр жарақат алды. Оқиғадан кейін қалалық әкімдік сырғанақты құммен көміп тастады, алайда бұл шешім жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды.

Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева Instagram парақшасында хабарлағандай, бала «Жасыл тоғай» (Зелёная роща) шаңғы базасының аумағында тюбингпен сырғанап келе жатып, бетон қоршауға соғылған. Нәтижесінде басы мен аяғынан ауыр жарақат алған.

Уәкілдің айтуынша, бала анасының қасында болған, ал тюбингті сол жерден жалға алған. Бұл төбе көп жылдан бері павлодарлықтардың сүйікті демалыс орны саналады.

Әкімдіктің уәжі

Әлеуметтік желілердегі шағымдардан кейін қала әкімдігі бұл сырғанақты қауіпті деп атап, онда тюбинг жалға беруге рұқсат берілмегенін мәлімдеді. Әкімдік өкілдері былтыр аталған еңісте биатлоншыларға арналған атыс алаңы жабдықталғанын, ал тұрғындардың қауіп туралы ескертулерге құлақ аспағанын айтты. Осыған байланысты төбеге құм төсеу туралы шешім қабылданған.

Қалалық спорт бөлімі де бұл аймақта сырғанау жоғары қауіп төндіретінін және жарақатқа әкелуі мүмкін екенін ескертті. Павлодарда ресми түрде 10 заңды сырғанақ бар екені айтылды.

Тұрғындардың наразылығы

Алайда жақын маңдағы тұрғындар үшін бұл орын жалғыз қысқы ойын-сауық аймағы болған. Қауіпсіздікті арттыру үшін олар бетон қоршаудың алдына маттар төсеген, 2 қаңтардан бастап сырғанақта полиция кезекшілік ете бастаған.

Сәуле Шәкенева жағдайды көзбен көріп, қоршауды басқа жерге көшіру әлдеқайда тиімді, ал полиция қою – мәселені шешпейді деп мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл – қоғамдық орын, тұрғындар заң бұзып отырған жоқ.

 «Біз тек жолақтарды көміп, қауіпті қабырғаны қауіпсіз қашықтыққа жылжытыңдар дегенбіз. Ал олар бәрін жауып тастады», – деді қала тұрғыны видеода.

Еске салайық, жаңа жыл мерекесі кезінде Павлодарда төрт адам пиротехникадан жарақат алған болатын.

Тегтер: