Павлодарда жаңа туған сәбиді өлтірген студентке үкім шықты
Павлодарда жаңа туған сәбиін өлтірген 19 жастағы студентке қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Kazinform хабарлады.
Сот үкіміне сәйкес, студент қыз жігітімен бір жарым жыл бойы қарым-қатынаста болған. Жүкті екенін білген кезде жігіті баланы қабылдамайтынын айтқан.
Туыстарының сөгісінен қорыққан қыз жүктілігін жасырып, дәрігерлерге жүгінбеген. 2025 жылдың қазан айында ол жатақхананың жуынатын бөлмесінде қыз баланы дүниеге әкелген.
Сот материалдарында айтылғандай, босанғаннан кейін психологиялық күйзеліс жағдайында болған қыз нәрестенің жылауынан қорқып, оны өлтіруге шешім қабылдаған.
Ол жаңа туған сәбиді сүлгіге орап, жауып тастаған. Соның салдарынан нәресте қайтыс болған.
Сот шешімі
Қылмыстық іс «анасының психотравмалық жағдайда жаңа туған баласын өлтіруі» бабы бойынша қаралды.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот оған екі жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады.