Павлодарлық полицейлер басшылықтан қашанғы қысым көреді?
Полиция саласындағы бастықтардан жәбір көріп, шаршаған қатардағы қызметкерлердің «тілі шыға бастағандай».
Бұған дейін бастықтардың бассыздықтары туралы тек анонимді хабарлар таратылып жүрсе, енді президенттің атына ашық хаттар жазылып, видеожазбалар жарияланып жатыр.
Өткен аптада Шымкент қаласындағы құқық қорғаушы бастығының тапсырмасы бойынша оған қымбат заттар сатып алуға мәжбүр болғанын айтқан еді. Одан соң, іле-шала Павлодар облысының қылмыстық атқару жүйесіне қарасты түзету мекемесінің бұрынғы қызметкері Тасболат Жақаев та жан сырын ақтарды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған бейнежазбада АП-162/4 мекемесі жедел бөлімінің қызметкері басшылық оны жұмыстан шығуға мәжбүрлегенін жария етті.
— 2022 жылдың 12 қаңтарында мекеме бастығының режим және жедел әрекет жұмысы жөніндегі орынбасарының тапсырмасы бойынша режим бөлімінің бастығы екеуміз оған қара пакетті кіргіздік. Ал 14 қаңтар күні мені департаментке шақыртты. Департамент бастығының орынбасары маған қоқан-лоққы көрсетіп, өз еркіммен рапорт жазуыма мәжбүрледі. Ол біздің мекеме бастығының «үстінен қарайды». Департамент бастығы мені тыңдағысы да келмеді. Сөйтіп, жұмыссыз қалдым. Бұған дейін қызметімде ешқандай ескерту алған емеспін. Зейнетке шығуыма екі-ақ жыл қалып еді. Оған қоса, 4 бала тәрбиелеп отырған әкемін. Президент бұл мәселеге назар аударып, әділеттік орнатса екен деймін, — деді өз сөзінде әділет капитаны Тасболат Жақаев.
Бірақ ол әріптесімен бірге кіргізген қара пакетте не бар екенін, оның кімге арналғаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Басшылықтың рапорт жазуға не үшін итермелегені де аса анық емес.
Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылығы капитанның жұмыстан босатылғанын растады. Ал бейнежазбада айтылған мәселелер бойынша тергеу жұмыстары басталған көрінеді.
Жалпы, Павлодар облысының құқық қорғау саласында мұндай жағдайлар жиі орын алып жатады. Өкінішке қарай, былтыр жазда Ақсу қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Аспандияр Айтқазин өз-өзіне қол жұмсап, өмірін қиды. Мұндай қадамға барар алдында ол да видеожазба қалдырып, өз өліміне полиция департаменті бөлімінің бастығын кінәлі деп көрсеткен екен. Аты-жөнін де айтыпты. Бірақ бұл іске қатысты соңғы шешім, әзірше, шығарылған жоқ.
— Менің жолдасым 2021 жылдың басынан бері Ақсу қаласы полиция бөлімі басшылығы, облыстық полиция департаменті басшылығы тарапынан бірнеше рет жәбір көрді. Бастықтары оған қоқан-лоққы да көрсетті, — деген еді сол кезде марқұмның әйелі.
Сол сияқты өткен жылдың мамыр айында Железин аудандық прокуратура ғимаратында полиция майоры Рахым Оңбаев өз-өзіне оқ атқан еді. Абырой болғанда, оқ өмірін үзген жоқ. Бірақ бірнеше ота жасауға тура келді. Тәртіп сақшысының туыстары жас жігітті мұндай әрекетке ауданның бас прокуроры мен
көмекшісі итермеледі дегенді алға тартты. Кейін прокуратура басшылығы қызметтен қуылды, бір соттың шешімімен жұмыста қайта қалпына келтірілсе, екінші сот бұл шешімнің күшін жойды. Қысқасы, қазір демалыс күні жұмыс орнында ішімдік ішіп, жарақат алған аға тергеушіге көмек көрсетпеген прокурорлар аудандық бөлімнен жұмыстан кеткен.
Ал 5 сәуір күні облыстық полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының жеке құрам жөніндегі инспекция бастығы Нұрлан Айтжановтың денесі өзі тұратын үйдің кіреберісінен табылды. Белгілі болғандай, ол да өз-өзіне қол салған екен. Ішкі істер министрлігі тергеу жұмыстарын жүргізіп, құқық қорғаушының мұндай әрекетке баруына отбасылық жанжал себеп дегенді алға тартты. Ал туыстары подполковниктің басшылық тарапынан қысым көргенін сан мәрте айтты. Бірақ оларды еститін құлақ болған жоқ.
Өкінішке қарай, бұл саладағы бастықтардың бассыздығы осындай қайғылы жағдайларға әкелуде. Таяуда облыстың бас полицейі, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің немере бауыры Нұрлан Мәсімов қызметтен кеткенімен, оның тұсында жасалған осындай былықтардың беті жабулы күйінде қалып отыр. Елді қорғауға тиіс полицейлер осындай қысым мен зәбір көріп жатқан тұста, қарапайым жұрт ертеңгі күннің тыныш боларына қалай сенеді?
Павлодар облысы