Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:03, 15 Наурыз 2023

Педагог беделі – ел абыройы

None
None

Білімді ұлт – сапалы білім беру» ұлттық жобасы бойынша елімізде бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.

Соның бірі былтыр ғана педагогтардың беделін арттыруға байланысты жұмыстар жүргізіліп, «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң қабылданған еді.

«Мұғалім мәртебесі» заңы күшіне енгеннен бастап, ұстаздардың құқығы кеңейтіліп, қосымша жұмыстар мен жүктемелерден біршама босады. Сонымен қатар ұстаздардың мәртебесін көтеруге арналған заңға тоқталсақ, білікті ұстаз Айман Сағидолла мұғалімдердің құқықтық сауаттылығына байланысты нені білуі тиіс екендігі жөнінде пікір білдірді.

–Мұғалім жұмысқа кірерінде алдымен еңбек шарты жасалынады. Сондай-ақ еңбек шарты жыл сайын қайта-қайта жасалынбайды. Яғни, бір мектепте бір-ақ рет келісімшарт жүргізіледі. Онда да біреудің орнына уақытша кірген болмасаңыз. Жұмыс беруші еңбек шартына сынақ мерзімін қосуы мүмкін. Бұл Еңбек кодексінің 36-бабында көрсетілген. Директор сынақ мерзімінен өтпегеніңіз үшін еңбек шартын бұзып, сізді жұмыстан шығарғысы келсе, дәлелді себептермен жұмысыңыздың теріс нәтижесін жазба түрде хабарлап отыруы керек. Егер ондай хабарлама 3 айға дейін келмесе, сіз сынақ мерзімінен өткен болып саналасыз, – деп кеңесін берді. Әрине, мұғалім өз құқын білсе, өз мәртебесін көтергені деп білеміз.

Сондай-ақ қазіргі заманның мұғалімі беделді болуы үшін заман талабына сай жан-жақты білім алған, көзі ашық болуы тиіс. Әрі замана ағымына сай дамып отыру – мұғалім үшін аса қажет ұстаным. Осыған сәйкес, еліміздің біраз өңірлерінің мектептерінде мұғалімдерге білікті ұстаздардың қатысуымен шебер-сыныптар жүргізіліп тұрады. Мәселен, Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінде ұзақ жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Талғат Рәзімханұлы жас мамандарға арнап, «Педагогикалық мәдениет – ұстаздың келбеті мен беделі» атты тақырыпта шебер-сынып өткізді. Сабақ барысында ұстаз жас мамандармен пікірлесе отырып, педагогикалық мәдениеттің қыр-сырына тоқталды. Сондай-ақ ұстаздық шеберлікке қол жеткізу үшін мұғалімнің бойында болуы тиіс қасиеттерді ғибратты әңгімелер мен бейнебаяндар арқылы ұғындыра білді. Бұл жас мамандардың мінез-құлқы әртүрлі балалармен тіл табысып, тиімді қарым-қатынас орнатудың әдіс-тәсілдерін де меңгере білді. Педагогика саласында енді ғана жұмыс жасап жүрген жас мамандар үшін бұл өте маңызы бар кеңестер саналады. Сондықтан әлі де өңірлерімізде жас мамандарға арналған шебер сабақтардың жиі өткізілуі өте қажет дүние.

Тегтер: