Педагог біліктілігін арттырудағы өзгерістер
Қандай жұмыс болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Ал білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімдер мен іздену дәрежесіне байланысты.
Енді биыл білім сапасы мен ұстаз біліктілігін көтеруге байланысты биыл бірнеше өзгерістер орын алды.
Маңызды өзгерістерге келетін болсақ, білім саласында отыз, немесе одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар мұғалімдер жаңа жүйе бойынша біліктілік санатын растаған кезде тестілеуден босатылады. Тек келесі жоғары біліктілік санатын алған жағдайда ғана тест тапсырады. Яғни бірінші және жоғары санаттағылар «педагог-модератор» біліктілік санатын алатын жағдайда тест тапсырудан босатылып, жеке портфолио дайындайды. Бұл көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаздар үшін үлкен мүмкіндік.
Сондай-ақ педагог-шебер біліктілік санатын растауға келесі талаптар қойылады. Біріншіден, ұстаз Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы жанындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңесте мақұлданған үздік педагогикалық практикалар мен әзірлемелердің, практикалық бағдарламалардың авторы болуы тиіс. Екіншіден, министрлік бекіткен оқу-әдістемелік құралдар тізбесіне енгізілген оқулықтардың авторы ретінде материал дайындайды.
Үшіншіден, педагогтардың біліктілігін арттыру курстарының тренері болып, осы қойылған талаптардың ішінен міндетті түрде біреуіне сәйкес болуы қажет. Бұған дейін аттестаттау қағидасында педагог шеберлер біліктілік санатын растау үшін жоғарыда аталған талаптардың барлығы да ұқсас болған. Десе де биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қазіргі кезеңде педагогтарды аттестаттауды өткізу рәсімін жетілдіру бойынша тиісінше жұмыстар жүргізілетін болады.
Сонымен қатар қазіргі таңда педагогикалық қызметтің шығармашылық дамуы мен жетістіктерін қолдану арқылы озық педагогикалық тәжірибені жүзеге асыра алатын ұстаздардың қажеттілігі артып отыр. Тағы бір айт кететін жайт, енді қазіргі мұғалімдер аттестациядан өтуге бұрынғыдай құжат жинамайды. Яғни мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау аттестация арқылы жүзеге асып отырады. Одан бөлек, қолданыстағы ережелерге сай, біліктілікті бағалау қызмет нәтижелерін кешенді талдау, білімді бағалау, біліктілікті бағалау деп үш кезеңге бөлінеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев: «Аттестаттау процесін автоматтандыру жүйесі қолға алынды. Нақты айтқанда, аттестация жүйесі бір батырмамен жүргізілетін болады. Яғни мұғалім бірінші аттестациядан өтуге ниетті екенін растап, аттестациядан өтушінің жеке құжаттары мен оның біліктілігінің деңгейін анықтайтын тиісті материалдарды ақпараттық жүйе автоматты түрде жинақтап, аз уақыттың ішінде қорытындысын шығарып береді. Бұл адами факторды толықтай шектеп, объективтілік пен транспаренттікті орнатуға ықпал етеді» дейді.
Қорыта айтқанда, жоспарланған жаңа өзгеріс педагог қызметінің жоғары кәсібилігін оқушыларының нәтижелі көрсеткіштерімен байланыстыруға тікелей басымдық берілетінін білдіреді. Сондай-ақ педагогтардың аттестациядан өту аралық мерзіміне орай, зейнет жасына бес жыл қалған мұғалімдер жұмыстарын ары қарай жалғастырмайтын жағдайда аттестаттау рәсімінен босатылады.
Қазіргі таңда педагогикалық қызметті өзінің шығармашылық дамуы мен жетістіктерін қолдану арқылы және озық педагогикалық тәжірибе арқылы жүзеге асыра алатын мұғалімнің қажеттілігі артып отыр. XXI ғасыр заман талабы бойынша мұғалімнен жүйелі креативті ойлау, ақпараттық және коммуникативтік мәдениет, бәсекеге қабілеттілік, көшбасшылық қасиеттері, оң имидж қалыптастыру қабілеті, белгісіздік жағдайында тәуелсіз әрекет ету және күйзеліске қарсы дағдыларын меңгеру сияқты кәсіби қабілеттер талап етіледі. Жаңа типтегі оқу орындарының құрылуы, білім беру мазмұнының жаңартылуы мен кәсіптік қызметтегі басқару аспектілерінің айқындалуы мұғалімдердің кәсіби және педагогикалық біліктілігін арттыру қажеттілігін анықтайды. Педагогикалық кадрлардың сапалық деңгейі білім беру жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Өйткені барлық басқа бөлшектерді енгізу тікелей білім беру жүйесіндегі адами ресурстарға байланысты. Мұғалімдер өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға құқылы және міндетті. Біліктілікті көтеру көрсеткіші мекеменің аттестациялау және мемлекеттік аккредиттеу кезіндегі бағалауының маңызды бөлігі болып табылады.