Пекин баж салығын 125%-ға дейін көтерді

11 сәуірде Қытай билігі АҚШ-тан әкелінетін тауарларға салынатын кедендік баж салығын 125 пайызға дейін арттыратынын мәлімдеді.
Бұл шешім – Құрама Штаттардың өз тауарларына енгізген 145 пайыздық қосымша тарифтеріне жауап ретінде қабылданып отыр. Бұған дейін Қытайдың америкалық өнімдерге салған тарифі 84 пайыз болатын.
Пекиннің Қаржы министрлігі таратқан мәлімдемеде АҚШ-тың кейінгі әрекеттері халықаралық сауда қағидаларына қайшы келіп, экономикалық қисынға да, нарық заңдылықтарына да бағынбайтыны атап өтілген. Қытай тарапы Вашингтонды «сауда соғысын тудырып отыр» деп айыптап, тарифтерді шексіз көтеру «фарсқа айналады» деген ұстанымда.
АҚШ президенті Дональд Трамп болса, бұл қадамды Қытайдың «әлемдік нарықтарға деген құрметсіздігіне» жауап деп сипаттады. Truth Social платформасындағы жазбасында ол: «Қытайдың АҚШ пен басқа да елдерді тонауы енді жол берілмейтін жағдай. Бұған біржола тоқтау болу керек», – деп мәлімдеді.
Сауда майданындағы бұл қатаң қадамдар әлемдік саясатта да жаңа бағыттарды қалыптастыруы мүмкін. Қытай басшысы Си Цзиньпин 11 сәуір күні Пекинде өткен кездесуде Еуропа Одағын АҚШ-тың протекционистік саясатына қарсы бірлесіп әрекет етуге шақырды. Испания премьер-министрі Педро Санчеспен кездесуде ол: «Қытай мен ЕуроОдақ өздерінің заңды мүдделерін ғана емес, халықаралық әділеттілікті де қорғауы тиіс», – деді. Санчес өз кезегінде ЕО-ның Қытаймен қарым-қатынаста тең ұстаным ұстануы қажет екенін атап өтті.
ЕО бұған дейін Трамп әкімшілігінің өзге елдерге қатысты баж салығын 90 күнге шегеру туралы шешімін қолдаған болатын. Алайда бұл жеңілдік Қытайға қолданылмады – керісінше, оған қатысты баж салығы арттырылды. Сонымен бірге Еуропа Одағы болашақта АҚШ шектеулерінің күшіне енуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіріп, өз тарапынан жауапты шаралар қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент болса, ЕО-ның Қытай жағында әрекет етуі «өзін-өзі құрдымға жіберумен тең» деп бағалады. Бұл мәлімдеме Вашингтон мен Брюссель арасындағы қарым-қатынастың нашарлағанын көрсетті.
Сауда соғысының ушығуы халықаралық нарықтарға бірден әсер етті: әлемдік биржаларда негізгі индекстер төмендеп, доллардың бағамы әлсіреді. Сарапшылар жаһандық рецессия қаупін жоққа шығармайды.
Вашингтон бұл шараларды америкалық өндірушілер мен экономикалық мүдделерді қорғау деп түсіндіреді. Ал Қытай жағы АҚШ-тың бұл саясатын халықаралық жүйені күйретуге бағытталған агрессиялық қадам деп есептейді.