Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:56, 29 Шілде 2025

Пекинде нөсер жауып, кемінде 30 адам қаза тапты, мыңдаған адам эвакуацияланды

Қытай
Фото: БАҚ

Қытай астанасы Пекин мен оған жақын орналасқан аймақтарда толассыз жауған жауын салдарынан кемінде 30 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. 

Бұл туралы Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» агенттігі хабарлады.

Ең көп адам шығыны Пекиннің солтүстігіндегі Миюнь таулы ауданында тіркелді, мұнда 28 адамның мәйіті табылған. Тағы екі адам Яньцин ауданында көз жұмғаны белгілі болды. Ал көршілес Хэбэй провинциясында жауын-шашыннан кейін пайда болған жер көшкінінен сегіз адам қайтыс болып, тағы төрт тұрғын із-түссіз жоғалып кеткен.

Алапат нөсер көлік қатынасына үлкен соққы болды. Жүздеген ұшақ пен пойыз рейстері тоқтатылып, бірнеше магистраль мен теміржол бағыттары уақытша жабылды. Тяньцзинь қаласында кейбір ауылдар түгелдей су астында қалып, бір қабатты үйлердің тек шатырлары ғана көрініп тұрғаны хабарланды.

80 мыңнан астам адам эвакуацияланып, уақытша баспанаға орналастырылған.

Қытай метеорологтарының айтуынша, 23 шілдеден бері өңірде 573 мм-ге дейін жауын жауған — бұл бір жылда түсетін нормамен бірдей. Ал 26 шілде күні Пекиннің Хуайчжоу секілді таулы аудандарында бір сағат ішінде 95 мм-ден астам жауын-шашын тіркелген. Бұл — әр шаршы метрге 95 литр су түсті деген сөз.

Сарапшылар мұндай ауа райы климаттың өзгеруіне және жаһандық жылынуға тікелей байланысты болуы мүмкін екенін алға тартуда. Қытай билігі табиғи апаттың салдарын жою үшін әскер мен құтқару қызметін жұмылдырып, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр.