Пекинде Путин мен Ким қатысқан ауқымды әскери парад өтті

Қытай 3 қыркүйекте Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыстағы тізе бүккеніне 80 жыл толуына арналған ірі әскери парад өткізді. Шараға Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Ресей президенті Владимир Путин және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын құрметті қонақ ретінде қатысты.
Қытайдың әскери қуатын көрсету
Пекиннің орталығындағы Тяньаньмэнь алаңында өткен парадта Қытай халық-азаттық армиясының 10 мыңнан астам жауынгері сап түзеп өтті. Жүздеген әскери техника, ұшақтар мен заманауи қару-жарақ, соның ішінде ядролық зымырандар, жаңа буын танктері мен дрондар көрсетілді. Шараны 50 мыңға жуық адам тамашалады.
Си Цзиньпин өз сөзінде адамзаттың алдында «соғыс пен бейбітшілік, диалог пен текетірес» арасында таңдау тұрғанын айтып, Қытай бейбіт даму жолын ұстанатынын мәлімдеді. Ол армияны «әлемдік деңгейдегі қарулы күшке» айналдыру қажеттігін атап өтті.
Саяси астар және халықаралық реакция
Парадқа 20-дан астам елдің басшылары қатысты. Алайда көптеген батыс елдерінің өкілдері қатысудан бас тартты. АҚШ президенті Дональд Трамп Си, Путин және Кимді «АҚШ-қа қарсы астыртын келісім жасады» деп айыптады.
Сарапшылардың пікірінше, парад Қытайдың әскери қуатын ғана емес, оның геосаяси амбициясын да көрсетіп отыр. Бұл әсіресе Тайвань мәселесіне, АҚШ пен Жапонияға бағытталған саяси сигнал ретінде бағаланды.
Сонымен бірге, Қытай армиясы кейінгі жылдары коррупцияға қарсы науқанның салдарынан кадрлық дағдарысқа тап болды. Bloomberg дерегінше, Си Цзиньпиннің өзі тағайындаған ондаған генерал тергеуге тартылған. Қорытындысында елдің басты әскери органы – Орталық әскери кеңесте жеті мүшеден тек төртеуі ғана қалған. Бұл Мао Цзэдун дәуірінен бергі ең төмен көрсеткіш.
Пекиндегі парад Қытайдың жаңа қаруларын паш етіп қана қоймай, елдің халықаралық аренадағы саяси ұстанымын нығайтуға бағытталған шара болды.