Пентагон басшысы НАТО және Украина мәселелерін талқылау үшін Еуропаға аттанды

Сапар барысында Пит Хегсет еуропалық елдерді қорғаныс шығындарын арттыруға көндіруді жоспарлап отыр.
АҚШ-тың жаңа қорғаныс министрі Пит Хегсет өткен айда қызметіне кіріскеннен бері алғашқы халықаралық сапарымен Еуропаға ат басын бұрды.
Хегсет дүйсенбі күні таңертең Вашингтонның сыртындағы Эндрюс бірлескен базасынан ұшты. Сапар барысында ол Германия, Бельгия және Польшаға аялдайды.
Германияда қорғаныс министрі АҚШ-тың Еуропалық қолбасшылығының (EUCOM) және АҚШ-тың Африкадағы қолбасшылығының (AFRICOM) штаб-пәтеріне барып, екі аймақтағы оқиғалар туралы жаңалықтарды алады деп жоспарланған.
Германиядан Хегсет Брюссельге барады, онда сәрсенбі және бейсенбі күндері НАТО қорғаныс министрлерінің отырысына және Украина қорғаныс мәселелері жөніндегі байланыс тобының отырысына қатысады.
Пентагон шенеуніктерінің айтуынша, Хегсет АҚШ-тың Еуропадағы одақтастарына қорғаныс шығындарын ұлғайту және Еуропа алдында тұрған мәселелерді шешуде белсендірек рөл атқару үшін қысым жасауы мүмкін.
Ол сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей мен Украина арасындағы соғысты дипломатиялық жолмен тоқтату туралы үндеуін қайталайды деп күтілуде.
Ресейге қарсы әрекетінде Украинаны қолдауға уәде берген 50-ге жуық елден тұратын Украина қорғанысы жөніндегі Байланыс тобының отырысы Трамптың жаңа әкімшілігі тұсында бірінші және Америка Құрама Штаттары басқармаған алғашқы кездесу болмақ.
Осы аптадағы 26-шы кездесуді Ұлыбритания басқарады.
Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі бейсенбі күні мәлімдеме жасап, кездесуде «Украинаның Путиннің заңсыз басқыншылығына қарсы күресінде халықаралық қауымдастық Украинаға қолдау көрсету үшін бірігіп жұмыс істеуді жалғастыруы» талқыланатынын айтты.
Пентагон Хегсеттің кездесуге қатысуы туралы мәлімдемесінде Трамптың соғысты дипломатиялық жолмен шешуге деген ұмтылысын атап өтумен қатар, «Украинаға қауіпсіздікті қамтамасыз етуде еуропалық көшбасшылықтың көбірек қажеттігін баса көрсететінін» айтты.
Брюссельдегі кездесулерден кейін Хегсет Польшаға барып, сол елдің басшыларымен кездесіп, америкалық әскерлерге баруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, АҚШ қорғаныс министрі Германияда осы аптада басталатын жыл сайынғы Мюнхен қауіпсіздік конференциясын өткізіп жіберуге ниетті екенін мәлімдеді. Конференция өзін «халықаралық қауіпсіздік саясатын талқылауға арналған әлемдегі жетекші форум» деп атайды.
«Біз Мюнхен қауіпсіздік конференциясына бармаймыз», - деді Хегсет өткен жұмада Пентагонда қорғаныс шенеуніктері мен әскери қызметкерлермен кездесуде. «Оның орнына біз Польшаға ондағы әскерлерді, Германияға EUCOM және AFRICOM-ты көру үшін барамыз... Мен коктейльге барғаннан гөрі әскерлермен сөйлескенді ұнатамын, бұл менің жұмысым».
Оның орнына АҚШ атынан Мюнхенде вице-президент Дж.Д.Вэнс пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубио болады.