Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:32

Пентагон: Иран флоты «соғысқа жарамсыз» — негізгі кеме суға батып кетті

Иран кемесі
Фото: AP

Иранның әскери-теңіз күштеріне тиесілі кеме АҚШ-тың суасты қайығынан атылған торпеда соққысынан кейін батып кеткенін АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет мәлімдеді.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Иранның IRIS Dena фрегаты 4 наурыз күні Шри-Ланка жағалауына жақын маңда суға кеткен. Хегсеттің айтуынша, бұл кемеге халықаралық мұхитта жүрген америкалық суасты қайығы шабуыл жасаған.

"Америкалық суасты қайығы халықаралық суларда өзін қауіпсіз сезінген Иран әскери кемесін жойды", - деді Пентагон басшысы брифинг кезінде.

Ол нақты қай кеме туралы айтып отырғанын нақтыламағанымен, бірнеше сағат бұрын IRIS Dena фрегатының Шри-Ланка маңында батып кеткені туралы ақпарат тараған. Reuters агенттігі де өз дереккөздеріне сүйене отырып, кеме суасты қайығының шабуылынан кейін апатқа ұшырағанын хабарлаған.

Иран флотының жағдайы

Пит Хегсеттің айтуынша, АҚШ әскери соққыларынан кейін Иранның әскери флоты іс жүзінде соғысқа қабілетсіз күйге түскен.

"Иран флоты жойылды, ыдырады және толық талқандалды", - деді ол.

Сондай-ақ АҚШ соққылары Иранның ең қымбат әскери кемелерінің бірі – «Сулеймани» класындағы ракета катамараны-корветіне де бағытталған.

Бұл әскери кеме атауы бұрынғы ирандық генерал Қасым Сүлейманидің құрметіне қойылған. Ол Дональд Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде АҚШ әскери операциясы кезінде қаза тапқан.

"Меніңше, АҚШ президенті оны екі рет өлтіргендей болды, - деді Хегсет.

Қаза тапқандар мен құтқарылғандар

Шри-Ланка әскери-теңіз күштерінің мәліметінше, батқан IRIS Dena кемесінен 87 адамның мәйіті табылған, тағы 32 адам құтқарылған. Бұған дейін Шри-Ланканың сыртқы істер министрі Вижита Херат парламентте кеме бортында шамамен 180 адам болғанын мәлімдеген.

Апаттан кейін арал мемлекеті құтқару операциясын жүргізу үшін әскери кемелер мен авиацияны жұмылдырған.

Бұл оқиға АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының бесінші күні орын алды. 28 ақпан күні таңертең екі ел Иран аумағына әуе соққыларын бастаған. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасын толық жою ниетін мәлімдеп, Иран армиясын қару тастауға, ал ел тұрғындарын «өз тағдырын өз қолына алуға» шақырған.

Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Қызыл Жарты ай қоғамының деректеріне сүйеніп, 3 наурызға дейінгі шабуылдар салдарынан елде кемінде 787 адам қаза тапқанын хабарлады.

Сондай-ақ Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи мен бірқатар жоғары лауазымды әскери тұлғалардың қаза тапқаны расталған.

Иран өз кезегінде Израильге және Парсы шығанағындағы бірнеше елге соққы жасаған. Тегеран бұл шабуылдар араб елдеріне қарсы емес, аймақтағы АҚШ әскери базаларына бағытталған деп мәлімдеп отыр.