Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Пентагон Иранға «шешуші соққы» әзірлеуде – БАҚ

Әскер
Фото: ашық дереккөз

АҚШ Қорғаныс министрлігі дипломатиялық күш-жігер нәтиже бермеген жағдайда, әсіресе Ормуз бұғазы ашылмаса, Иранға қарсы кең ауқымды әскери операцияға дайындалып жатыр.

 Бұл туралы америкалық шенеуніктер мен жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасаған Axios басылымы хабарлады.

Деректерге сәйкес, америкалық әскери басшылық Иранға «шешуші соққы» берудің бірнеше нұсқасын әзірлеуде. Бұл сценарийлердің басым бөлігі құрлық әскерін енгізуді және жаппай әуе бомбалауын қамтиды.

Дереккөздер Дональд Трамп қарауына ұсынылуы мүмкін төрт негізгі нұсқаны атады:

– Иран мұнай экспортының басты орталығы саналатын Харг аралына десант түсіру немесе оны қоршауға алу;

– Ормуз бұғазын бақылауға мүмкіндік беретін Ларак аралына әскер енгізу. Бұл аралда кемелерді жаруға және миналауға арналған бункерлер, жылдам қайықтар, теңіз дрондары мен бақылау радарлары орналасқан;

– Стратегиялық маңызы бар Әбу-Муса аралын және бұғаздың батыс кіреберісіндегі Иран бақылауындағы тағы екі шағын аралды басып алу;

– Иран мұнайын тасымалдайтын кемелерді тоқтату немесе тәркілеу.

Сонымен қатар АҚШ әскери күштері Иран аумағында жоғары байытылған уранды қолға түсіру үшін құрлықтағы операция жоспарын да дайындағаны айтылды. Балама ретінде бұл материалдарды жою мақсатында ядролық нысандарға кең ауқымды әуе соққыларын жасау қарастырылуда.

Дональд Трамп Иран аумағына әскер енгізу туралы шешім қабылдауға дайын болғанымен, асығыс әрекет етпей отыр. Ақ үйдегі талқылаулардан хабардар дереккөздердің айтуынша, мұндай қадам соғысты тез аяқтау мақсатына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар Трамп америкалық әскерилер арасындағы ықтимал шығындардың артуына алаңдаулы.

Кейбір америкалық шенеуніктердің пікірінше, әскери күшті айқын көрсету АҚШ-тың ықтимал бейбіт келіссөздердегі позициясын күшейтіп, Трампқа жағдайды «АҚШ-тың үстемдігі» ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Axios дереккөздерінің мәліметінше, Трамп әзірге ұсынылған сценарийлердің ешқайсысын таңдамаған. Ал Ақ үй өкілдері құрлықтағы операцияларды «теориялық» деп атады.

Сонымен қатар Иран тарапы да АҚШ-тың ықтимал «шешуші соққысына», оның ішінде құрлықтағы операцияға дайындалып жатыр. CNN арнасының хабарлауынша, АҚШ барлау деректеріне сәйкес, Иран Харг аралына жасалуы мүмкін десанттық шабуылға қарсы қорғанысын күшейткен.

Аралда көпсатылы қорғаныс жүйесі құрылған. Соңғы апталарда Тегеран бұл аймаққа қосымша әскер, жылжымалы зениттік-зымыран кешендері, жаяу әскер және танкіге қарсы миналар орналастырған. Олар жағалау бойына қойылып, ықтимал америкалық десанттың түсуіне кедергі келтіруге бағытталған.