Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:27

Пентагон Украинаға арналған қаруды Таяу Шығысқа бағыттауы мүмкін

АҚШ әскері
Фото: REUTERS

АҚШ Украинаға арналған қару-жарақтың бір бөлігін Иранға қарсы ықтимал әскери қажеттіліктер үшін Таяу Шығысқа бағыттау мүмкіндігін қарастырып жатыр. 

Бұл туралы The Washington Post басылымы хабарлады.

Басылым деректеріне сәйкес, Пентагон Украина үшін жоспарланған кейбір қару-жарақты қайта орналастыру мәселесін талқылауда. Атап айтқанда, 2025 жылы іске қосылған НАТО бастамасы аясында сатып алынған әуе шабуылынан қорғаныс жүйелеріне арналған тосқауыл зымырандар туралы сөз болып отыр. Бұл бағдарлама бойынша серіктес елдер Киев үшін америкалық қару-жарақ сатып алады.

Бұл мәселенің қаралуы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы операциялары күшейіп жатқан кезеңге сәйкес келіп отыр. АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы адмирал Брэд Купер 25 наурызда америкалық күштер Иран аумағындағы 10 мыңнан астам нысанаға соққы жасағанын және Тегеранның «өз шекарасынан тыс күш көрсету» мүмкіндіктерін жүйелі түрде шектеп жатқанын мәлімдеді.

Пентагон өкілі The Washington Post басылымына АҚШ Қорғаныс министрлігі «америкалық әскерді, сондай-ақ одақтастар мен серіктестердің күштерін соғыс жүргізу және жеңіске жету үшін қажетті барлық құралдармен қамтамасыз ететінін» айтты.

Осы уақытта НАТО өкілі Reuters агенттігінің сауалына жауап бере отырып, альянс елдері мен серіктестері Украинаға арналған америкалық қаруды жеткізуді қаржыландыратын сатып алу бағдарламасы — PURL аясындағы жұмысты жалғастырып жатқанын жеткізді.

«Техника Украинаға үздіксіз жеткізіліп жатыр», — деді альянс өкілі.

Оның айтуынша, PURL бағдарламасы бойынша уәде етілген қаражат көлемі қазірдің өзінде бірнеше миллиард долларға жеткен, әрі жаңа қаржылық үлестер күтілуде.

Пентагон мен АҚШ Мемлекеттік департаменті Reuters агенттігінің сауалына жауап бермеген.

Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО елдерін Иран төңірегіндегі жағдайға байланысты жеткілікті қолдау көрсетпеді деп сынға алды.

«АҚШ-қа НАТО-дан ештеңе қажет емес, бірақ бұл өте маңызды жайтты ешқашан ұмытпаңыздар!» — деп жазды Трамп 26 наурыз күні өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.