Пентагон Украинаға Tomahawk зымырандарын жеткізуге келісім берді
АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) Украинаға алыс қашықтыққа ұшатын Tomahawk зымырандарын жеткізуге келісім берді.
Бұл шешім АҚШ-тағы қор жеткілікті деген техникалық бағадан кейін қабылданған. Енді соңғы, саяси шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың еншісінде. Бұл туралы CNN арнасы америкалық және еуропалық үш жоғары лауазымды дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Пентагон «ресурстар жеткілікті» деп тапты
CNN хабарлауынша, Пентагонның талдауы АҚШ-тағы қор деңгейі зымырандарды Киевке беруге мүмкіндік береді деген қорытындыға келген. Бұл жаңалық Еуропадағы америкалық одақтастарды да жігерлендірген. Олардың пікірінше, енді Вашингтонның қару беруден бас тартуы үшін «себеп азайған».
Алайда Ақ үй мен Пентагон әзірге ресми түсініктеме бермеді.
Трамп пен Зеленский кездесуі
Биыл қазан айында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің кездесуі кезінде Трамп «Tomahawk зымырандары АҚШ-тың өз қорғанысы үшін қажет» екенін айтып, Киевке беру идеясын қолдамаған. Дегенмен CNN дерегінше, Пентагон бұл жөніндегі әскери бағасын Трамптың Зеленскиймен кездесуінен бұрын-ақ Ақ үйге жеткізген.
Трамп бұған дейін де «зымырандар мәселесін күн тәртібінен алып тастаған жоқ» деп мәлімдеген, ал егер ол бұйрық берсе, әкімшілік Украинаға жеткізу жоспарын дереу іске қосуға дайын.
Дереккөздердің айтуынша, АҚШ әскери басшылығының алдында Украина бұл зымырандарды қайда және қалай орналастыратыны, жеке құрамды қалай оқытатыны жайлы шешілмеген мәселе әлі бар.
Tomahawk зымырандары әдетте теңіз үсті немесе суасты кемелерінен ұшырылады. Алайда Украина флоты соғыс кезінде қатты әлсіреген. Сондықтан, журналистердің жазуынша, жерүсті қондырғыларының жаңа түрлері жасалып, оларды құрлықтағы әскерлер мен теңіз жаяу әскерлері пайдалана алады.
НАТО басшысы: «Шешім АҚШ-та»
24 қазанда Лондонда өткен «еріктілер коалициясы» кездесуінде НАТО Бас хатшысы Марк Рютте де бұл мәселені Трамппен талқылағанын растады.
«Tomahawk» туралы айтсақ, мен және президент Трамп бұл мәселені талқыладық. Қазір ол АҚШ президентінің қарауында. Бұл – Америка шешетін мәселе», - деген Рютте.
Ол сонымен бірге әрбір одақтас ел Киевке қандай қару беруді өзі шешетінін атап өтті және АҚШ “Tomahawk” бермесе де, Украинаны айтарлықтай қолдап отырғанын айтты.