Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:48

Перизат Қайрат 9 сыныптық біліммен министрлікке жұмысқа орналасқан

Перизат Қайрат
Перизат Қайрат. Фото: ашық дереккөз

2023 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде кеңесші қызметін атқарған Перизат Қайраттың білімі мен жалған диплом мәселесі көпшілікті алаңдатып отыр.

 Бірқатар БАҚ-тың хабарлауынша, бұл іске қатысты тың мәліметтер 2025 жылғы шілде айындағы сот тыңдауында мәлім болды.

Сотта белгілі болғандай Перизат Қайрат министр көмекшісі қызметіне тұру үшін жоғары білім дипломын «таныс арқылы» рәсімдеуге тырысқан. 

Сотта Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, дипломды қолдан жасап емес, шетелдік оқу орнында алған білім туралы құжатты Қазақстанда ресми түрде заңдастырмақ болғанын алға тартты. Оның құрбысы Толғанай Боранқұл да осы уәжді қолдап "Перизат дәл осы рәсім туралы сұрады". Бірақ бұл әңгімеміздің жазбаша дәлелі жоқ», – деп түсіндірген.

Журналист Гүлбану Әбенованың айтуынша, бастапқыда министрлік Перизат Қайраттың кеңесші емес екенін мәлімдегенімен, кейіннен оның бұл қызметке ресми түрде тағайындалғаны анықталған. 2023 жылдың 17 мамырында шыққан №59-ж бұйрықпен ол кеңесші ретінде тіркелген. Алайда бірнеше айдан кейін бұл бұйрық жедел түрде күшін жойған.

Гүлбану Әбенова шетелдік жоғары білім туралы Перизаттың мәлімдемесіне күмән келтіріп, Ұлыбританиядағы аталған оқу орнымен байланыс орнатқан. Университет берген ресми жауапқа сәйкес, Перизат Қайрат түлектер тізімінде жоқ.

«Бұл – жалған ақпарат. Британиялық университет дипломы туралы айтқаны өтірік. Оның интеллектуалдық дайындығы бұл деңгейдегі оқу орнына сай емес екенін анық байқауға болады», – дейді журналист.

Бұған дейін де сотта Перизат Қайраттың орта білімді де толық аяқтамағаны жария етілген. Осы орайда қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері жоғары білімі мен кәсіби тәжірибесі мол адамдардың жұмыссыз жүргенін, ал кейбіреулердің таныстықпен лауазымды қызметке орналасуын әділетсіздік деп санап отыр.

Сот процесі жалғасып жатыр.