Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

Перизат Қайрат БАӘ-нің билеуші әулетімен байланысы бар – «Асар-Уме» қорының жетекшісі

Қайрат
Фото: Instagram

Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты 3,5 миллиард теңге көлемінде жиналған қайырымдылық қаражатын жымқыру ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.

Бүгін «Асар-Уме» қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев жауап берді. Оның айтуынша, ол Перизат Қайратпен 2021 жылдан бері таныс.

Нұрмашевтың сөзінше, 2023 жылдың қарашасында Қайрат Газа секторындағы тұрғындарға көмек көрсету мақсатында қаржы жинауды бастаған. Сол кезде ол Палестина елшілігімен әріптестікте екенін және БАӘ билеуші әулетімен байланысы бар екенін айтқан.

Сонымен қатар Қайрат гуманитарлық көмектер жіберіледі деп мәлімдеген Абу-Дабидегі халықаралық хабқа қолжетімділікті уәде еткен. Осыдан кейін «Асар-Үме» қоры «Biz Birgemiz» қорының шотына 200 миллион теңге аударған.

Қоғам белсендісі Асхат Нұрмашевтың айтуынша, ол Перизат Қайратпен бірге Абу-Дабидегі сол қоймаға барып, оның гуманитарлық көмек жеткізу арналарының шын екенін өз көзімен көруге тырысқан.

«2023 жылдың желтоқсанында Перизат Қайрат келісімшартта көрсетілгендей, қаржының қайда жұмсалғаны жөнінде есеп бермеді. Біз оған бірнеше рет жазбаша түрде ескерту жасап, еске салдық. Ол болса, “шотымды Ұлттық банк бұғаттап тастады, себебі қаражат көлемі өте үлкен” деп жауап берді. Біз ресми есеп талап етіп, хат жолдадық», - деді Нұрмашев.

Оның айтуынша, қор есеп талап етуді 2024 жылдың ақпанына дейін жалғастырған.

«Қаңтар айында Қайрат есеп берді, бірақ оның құрамында ешқандай банк көшірмелері болған жоқ. Тек қаражат қайда кеткені көрсетілген ішкі құжаттағы кесте ғана болды. Біз оны қабылдаудан бас тарттық», - дейді ол.

Кейінірек Қайрат қор кеңсесіне келіп, банк түбіртектерін әкелген.

«Ол ақша Абу-Дабиге аударылды деп айтып, қағазға басылған түбіртектерді көрсетті. Біз сендік – ол кезде оның адалдығына күмәндануға негіз болған жоқ. Алайда тергеу барысында бұл құжаттардың бәрі қолдан жасалғаны белгілі болды», - деді Асхат Нұрмашев.

3,5 миллиард теңгені жымқыру ісі бойынша сот тыңдалымы кезінде Перизат Қайрат процеске тосқауыл қойып, «Асар-Үме» қорының жетекшісі Асхат Нұрмашевқа прокурордың сұрақтарына шынайы жауап бергені үшін алғыс білдірді:

«Асхат, сізге рахмет айтамын», - деді ол. Сондай-ақ, Нұрмашевтың прокурор сұрақтарына әділ жауап бергенін атап өтті.

Алайда судья бұл әрекетке бірден шектеу қойып:

«Біз мұнда шарада отырған жоқпыз, рахмет айтатын жер емес», - деп ескерту жасады.

Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.

Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.

ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.

2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.

Ол сондай-ақ СИЗО-да соққыға жығылғанын айтқан еді.

Іс бойынша сот процесі жалғасуда.