Перизат Қайрат колонияда жұмысқа орналасты
Жазасын өтеп жатқан Перизат Қайрат колонияда жұмысқа орналасты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Қайрат мекеме ішінде еңбекке тартылған.
«Сотталған азаматша мекемеде жұмысқа орналастырылып, қызметтік үй-жайларды тазалау жұмыстарын атқарады», – деп хабарлады комитет.
2025 жылдың қазан айында ІІМ вице-министрі Абай Қайырбеков Перизат Қайратты жұмысқа орналастыру мәселесі оның дағдылары мен бос жұмыс орындарының болуына қарай шешілетінін айтқан. Кейін ҚАЖК сотталғандардың 48 түрлі мамандықты меңгере алатынын нақтылады. Мәселен, колонияда аспаз, тігінші-модельер немесе омарташы болуға болады. Сондай-ақ 34 бағыт бойынша қысқа мерзімді курстар қарастырылған.
Перизат Қайрат ісі
Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.
Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.
ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.
2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.
Сот Перизат Қайратты кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Ал анасы Гайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.