Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:45, 18 Шілде 2025

Перизат Қайрат пен анасын соттау ісі жабық режимге ауысты

Қайрат
Фото: zhasalash.kz

Атышулы қайырымдылық қаржысына қатысты алаяқтық ісі бойынша өтіп жатқан Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның соты жабық форматқа ауысты. Бұл шешім сотта дәлелдемелерді зерттеу кезеңіне өтуімен түсіндірілді.

Судья Сабыржан Каримовтың мәлімдеуінше, залда тек процеске қатысушылар ғана қалдырылды. Қалған БАҚ өкілдері мен басқа да тыңдаушылар сыртқа шығарылған. Жабық отырысқа айыпталушылар – Перизат Қайрат, Ғайни Алашбаева, олардың адвокаты Асланбек Дәулетияров, сондай-ақ прокурорлар Арман Кизікен мен Мадина Оразалина қатысуда.

Сотта бұған дейін де НЗМ мектебі мұғалімінің куәлік етуі кезінде дау туындаған. Айтуынша, мектеп 3 млн теңгені су тасқынынан зардап шеккендерге арналған жәрмеңкеден түскен қаржы ретінде қор шотына аударған. Бірақ мұғалім мен П. Қайрат сот залында сөзге келіп қалды.

Сот отырысында прокурорлар Перизат Қайраттың құрбысына жазған хаттарын жария етті. Онда ол министрлікке қызметке тұру үшін Қазақстан дипломын «жасатып беретін» адам іздегені айтылады. Сонымен бірге, жиналған қаражатты жеке кәсіпкерлік (ИП) арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру схемасы да ашылған.

Айыптау тарапының дерегінше, Перизат Қайрат пен оның анасы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы, сондай-ақ 2-бөлігі 1-тармағы бойынша айыпталуда. Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жымқырған.

Сот процесі жалғасуда. Екі айыпталушы да өз кінәсін мойындаған жоқ.