Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Перизат Қайрат ісі бойынша сот ашық тікелей эфирде өтуі мүмкін

Қайрат
Фото: zhasalash.kz

Бұл туралы kazinform мәлімдеді

Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап беріп, Перизат Қайратқа қатысты сот процесі қандай жағдайда ашық түрде, тікелей эфирде көрсетілуі мүмкін екенін хабарлады.

— «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі Перизат Қайратқа қатысты істер сотқа түскен жоқ. Егер Перизат Қайратқа қатысты соңғы қылмыстық іс сотқа жолданса және қоғам тарапынан, заңгерлер қауымдастығы тарапынан сұраныс түссе, сот отырыстарын тікелей эфирде көрсету мәселесі қарастырылуы мүмкін, - делінген Жоғарғы соттың жауабында.

Бұған дейін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты алаяқтық, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру деректері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтағаны хабарланған болатын. Биылғы 19 наурызда іс материалдарымен танысу процесі басталған. Қылмыстық іс 109 томнан тұрады. Ұрланған қаражаттың жалпы сомасы — 3,5 млрд теңге. Қылмыстық жолмен алынған 865 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынған.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжілістегі брифинг барысында Перизат Қайрат ісі бойынша сот қашан басталатынын айтты:

— Қылмыстық іс аяқталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр. Ол бұл процесті әдейі созғандықтан, арнайы график бекітілді. Ол 9 маусымда аяқталды. Танысу аяқталған соң, Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, үш күн беріледі. Осы уақыт ішінде ол және оның адвокаттары өтініштер беруге құқылы. Өйткені танысу барысында немесе одан кейін қорғау тарапынан жаңа өтініштер түсуі мүмкін, - деді Елемесов.

Еске сала кетейік, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі (АФМ) волонтерлік қозғалыс белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізген болатын.

2025 жылдың 23 қаңтарында Перизат Қайратқа қатысты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау кезінде жасалған алаяқтық дерегі бойынша жаңа сотқа дейінгі тергеу тіркелді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына түскен қаражатты өзінің жеке және анасы Ғайша Алашбаеваның есепшотына аударып отырған. Кейін оларды зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһаз бен саяхаттарға, жөндеу қызметтеріне, автокөлік жалдау және басқа да шығындарға жұмсаған.

Бұған дейін оның зергерлік бұйымдары, сөмкелері, тәркіленген жылжымайтын мүліктері мен көліктері көрсетілген еді.