Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Перизат Қайрат ісіндегі 79 миллион теңгелік Lexus мемлекеттік органға берілді

1
Фото: ашық дереккөз

Перизат Қайратқа қатысты резонансты іс бойынша тәркіленген люкс санатындағы Lexus LX 600 жол талғамайтын көлігі қазір қай органның балансында екені белгілі болды. Құны шамамен 80 миллион теңге болатын көлік мемлекеттік ведомствоға берілген.

Астана қалалық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мәліметінше, мемлекеттік нөмірі 100PKO01 қара түсті жол талғамайтын көлік аукцион қорытындысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) балансына өткен. Айта кетейік, дәл осы ведомство Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты қаржы жымқыру және ақшаны жылыстату ісін тергеген.

Көлік ресми түрде қоғам белсендісінің анасының ағасының атына тіркелген. Бағалау құны – 79 121 985 теңге. Ережеге сәйкес, мұндай мүлікті қабылдау бойынша саудаға тек мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар ғана қатыса алады.

«2025 жылғы 13 қарашадағы хаттама мен қабылдау-тапсыру актісі негізінде Lexus LX 600 автокөлігі қызметтік міндеттерді орындау үшін ҚМА балансына берілді», – делінген ресми жауапта.

Іс бойынша тағы не сатылады?

Бұл іс бойынша тәркіленген жалғыз көлік емес. Бүгін, 7 сәуірде, тағы бір көлік –  нөмірі 777KPK01 болатын қара түсті Mercedes-Benz S450 аукционға қойылады. Қалған мүлік әзірге жекешелендіру департаментінің қарауында.

Айта кетейік, қоғам белсендісі қайырымдылыққа жиналған қаражатты жымқырғаны үшін 10 жылға сотталды. Оның анасы ақшаны жылыстатуға қатысқаны үшін 7 жылға сотталды. Сот үкімі бойынша 50 жәбірленушінің пайдасына 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат өндіріп алу міндеттелді. Перизат Қайрат «Шапағат» медалінен айырылды.