Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Перизат Қайратқа 200 миллион теңге үлкен қытай сөмкелерімен берілген - куәгер

Қайрат
Фото: zhasalash.kz

Перизат Қайрат ісі бойынша сот талқылауының төртінші күнінде куәгер Әділхан Мүсін қор мен жеке кәсіпкерлердің қызметіне қатысты қаржылық операциялар туралы мәлімет берді. 

Оның айтуынша, айыпталушы Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорынан қолма-қол шешілген ақшаны үлкен қытайлық тор сөмкелермен алып отырған.

Бұған дейін Мүсін қазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккендерге аударған қаражаттың қалай қолма-қол ақшаға айналғанын баяндаған. Бұл қаржы Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорынан жеке кәсіпкерлердің шоттарына аударылған. Мүсіннің айтуынша, барлық қаржы алдымен оның қолында жинақталған. Содан кейін ол ақшаны Перизат Қайратқа берген.

«Орта есеппен бір ИП (жеке кәсіпкер) қордан 70 миллион теңгеден алған», - деді куәгер. Шамамен 12–13 кәсіпкер бұл схемаға қатысқан.

Қаражатты беру процесін сипаттаған Мүсін: «Ақшаны Перизат Қайраттың өзі алып кететін. Ыңғайлы болу үшін оны үлкен торлы қытай сөмкелеріне салып беретінбіз», - деді.

«Алғашқы транш 2–3 кәсіпкерге берілді, сомасы шамамен 200 миллион теңге», - деп нақтылады ол.

Прокурор банк шоттарымен байланысты қиындықтар жайлы сұрады. Мүсін Kaspi Bank-те шоттары бар екі кәсіпкердің ақшаларын ала алмағанын растады.

«Қаражат олардың шотына түсті, бірақ банк қауіпсіздік қызметі күмәнді операцияларға байланысты бұғаттап тастады», - деді куәгер.

Кәсіпкерлер банктен ақша алу үшін өтініш жазып, қаржы Қытайдан әкелінетін тауарлар үшін екенін түсіндірген. Бірақ банк жауап бермеген. Бір аптадан кейін Мүсін бұл жағдайды Перизатқа жеткізген. Соңында қаражатты қорға қайтару туралы шешім қабылданған. Алайда куәгердің айтуынша, кейін Перизат Қайрат банк басшылығымен байланысқа шыққан. Осыдан кейін шоттар бұғаттан шығарылып, кәсіпкерлер операцияларын жалғастырған.

Сотта Перизат Қайрат куәгерге бірнеше сұрақ қойды. Қытайға тауар алуға барғанын растай ала ма деген сұраққа Мүсін:

«Мен өзім ол сапарда болмадым. Бірақ сіздің сөзіңізге сеніп, киіз үйлер мен биодәретханалардың фото-видеоларын көрдім. Сіз бұл тауарлардың Қытайдан екенін айттыңыз», - деп жауап берді.

Хоргос немесе Мемлекеттік кірістер комитетімен кедендік қиындықтар болған-болмағанын сұрағанда, куәгер ондай жайттарды есіне түсіре алмады, бірақ Перизат Қайрат мәселе болмайды деп сендіргенін айтты.

Сондай-ақ, сот отырысында Димаш Құдайбергеннің аты аталды. Мемлекеттік айыптаушы Арман Кизикеннің айтуынша, Перизат ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған фестивальге 10 миллион теңге бөлуді ұсынған.

Сотта куәлік берген «Скиф Трейд» ЖШС өкілі Максим Абдуразаков Перизаттың оны демеуші болуға шақырғанын, шараның басты жұлдызы ретінде Димаш Құдайберген аталғанын айтты.

Сот процесі жалғасып жатыр.