Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:55

Перизат Қайратты СИЗО-да ұрған ба?

Қайрат
Фото: zhasalash.kz

Сотталушы Перизат Қайраттың тергеу изоляторы қызметкерлері тарапынан соққыға жығылғаны туралы мәлімдемесі Астана қалалық Полиция департаменті тарапынан жоққа шығарылды.

Перизат Қайрат 9 маусымда прокуратураға жазған арызында, тергеу изоляторының қызметкері камера есігін күштеп жапқанын, соның салдарынан ол есік пен қабырға арасына қысылып қалғанын айтып, дене жарақатын алдым деп шағымданған.

Алайда изолятор әкімшілігі бұл айыптаулармен келіспейді. Олар, егер мұндай жағдай шын мәнінде болса, сотталушының камерасындағы бейнебақылау жазбасын жұртшылыққа жария етпейтін едік дейді.

8 маусым күні түсірілген бір минуттық бейнероликте көк футболка мен ашық түсті трико киген Перизат Қайраттың есік жақта тұрғаны көрінеді. Ол бүкіл денесімен, тіпті басымен де есікке қарай еңкейген. Кадрда көрсетілген уақыт – 12:17.

Кадрдан Қайраттың есік сыртындағы біреумен сөйлесіп тұрғаны аңғарылады. Бейнероликтің 20-секундында темір есік сәл қозғалып, жабылғысы келгендей көрінеді. Бірақ нақты қысылып қалған сәт бейнежазбадан анық байқалмайды – Қайрат есік ойығында тұрып, әңгімесін жалғастырып тұрады.

Осылайша тағы 40 секунд өтеді. Содан кейін ғана есік жабылады. Қайрат оң қолын уқалап, есіктен алыстайды.

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты бейнебақылау жазбалары тексерілген, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынған.

– Алғашқы тергеу амалдарының нәтижесіне сәйкес, камера есігі жабылған кезде мекеме қызметкерлері тарапынан П.Қайратқа дене жарақатын келтіру деректері расталмады. Бұл оның арызында көрсеткен уақытқа сәйкес келетін бейнежазбада да көрініс таппаған. Қазір тергеу жалғасып жатыр, қажетті сараптамалар тағайындалды, - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.

Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.

ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.

2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.

Іс бойынша сот процесі жалғасуда.