Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:40, 24 Шілде 2025

Перизат Қайраттың кейсі тұтас жүйенің шалдыққан дерті

Есхат Мәден

Бүгінгі күнде қоғамда үлкен резонанс тудырған Перизат Қайраттың кейсі бір ғана адамның алаяқтығы емес, тұтас жүйенің шалдыққан дертінен хабар береді.

 Перизат – біз сүріп жатқан заманның өнімі. Жай ғана қулығы асқан «ақылды» қыз қоғамның ең әлсіз тұстарын дөп басып, сол бос кеңістікте «табысқа» жеткендердің бірі ғана. Біз оған қарап жағамызды ұстаймыз, бірақ шын мәнінде бұл кейіпкер біздің жүйемізде баяғыдан келе жатқан, тамырын кеңестік жүйеден тартатын күрделі әлеуметтік-саяси дерттің тек бір көрінісі ғана. Ол біздің елдегі билікке, ғылымға, атаққа және абыройға қатысты қалыптасқан көзқарастың, тіпті моральдың өзі құнсызданғанының жанды мысалы. Бұл кейс жай ғана жеке адамның айласы дегеннен гөрі, шын мәнінде, үлкен институционалдық қылмыс деу керек шығар. Қолында түгі жоқ жас қыздың қалай билікке кедергісіз жетіп, халық сеніміне кіргеніне әлі таңым бар. Қазір халық кімге сеніп, кімге сенбесін білмейтін күнге жетті. Пысықайлар төрге шығып, тарихты былғап жатқанда кімнің сөзі рас, кімдікі өтірік екені түсініксіз. Кеңес Одағы күйреген соң Қазақстан демократия жолына бет алғандай болды. Бірақ ол жолда нақты, мықты құрылымдар орнықпаған еді. Заң үстемдігі орнына, бейімделу үстемдігі келді. Жүйе формалды түрде жаңа, бірақ рухани, моральдық жағынан ескі қалыпта қала бергенін білеміз. Билік басына жүйеге «ыңғайлы» адам керек болды. Яғни мәселе мүдде мен адалдық арасындағы күресте екінші жақтың жеңілуінде болып тұр. Бұл сонау 90 жылдардан басталған құбылыс. Ол кезде жұрттың басым бөлігі тіршілік үшін арын да, адалын да саудаға салып жіберуге мәжбүр болды. Ал кейбіреулер сол бейберекет жағдайда өз мүддесіне жол ашып алды. Білімі жоқтар – диплом алды, беделі жоқтар – атақ тапты, қабілеті жоқтар – креслоға отырды. Осылайша билікте, өнерде, мәдениетте, өмірдің қай саласында да «жалған элита» қалыптасты. Сөйтіп, өтірікпен, манипуляциямен алға шығатын адамдар үшін мүмкіндік кеңейді. Бұл бос кеңістікте кім бірінші айқайласа, соның даусы естілетін, естілген дауысқа жүгіретін дәуір басталды.

Сол кезде пайда болған «пысықайлық мәдениет» уақыт өте келе қоғамның барлық саласын жайлап алды. Парақор шенеуніктер, жалған диплом алған шенеуніксымақтар, өзіне-өзі атақ ойлап тауып, соны шындыққа балап, айналасына соны шындық ретінде танып жүрген мансапқұмарлар, осылардың барлығы бүгінгі күннің моральдық ландшафтын құрап отыр. Бұлар шын білім мен еңбекті мойындамайды, керісінше, шынайылықты қиянатқа балап, көзбояушылықты «өнер» деңгейіне көтеріп алды. Ақпарат дәуірінде олар өздерін медиа арқылы әулие етіп көрсетуге де бейім. Перизат Қайрат та дәл осы жолмен жүріп, жалғанға шынайылықтың өңін жапсырды, қоғамдық сананы «интеллектуал» екеніне әбден сендірді. Бір ғана кейс – біздің «арманымыздың» қисық бейнесі. Себебі қоғамда көптеген жастар дәл солай алдауды, көрінуді, манипуляцияны табыс формуласы ретінде қабылдап үлгерді. Мұндай қоғамда интеллектуал емес, манипулятор жеңеді. Білімді емес, танымал адам қадірленеді. Ал кадрлық саясаттың негізіне парасат емес, «жақсы таныс» деген принцип төрге озады.

Есхат МӘДЕН