Перизат Омарбекова: Ұлттық би әр халықтың сахнадағы айнасы

– Би өнеріне қызығушылығыңыз қалай басталды?
Мен билеуді анамның құрсағында жатқанда бастағанмын.
Олай дейтінім, өнер адамдарының отбасында туып-өстім. Анам Несіпкүл Омарбекова белгілі драма және кино актрисасы. Әкем драма актері болған. Кейін театрда басшылық қызмет атқарды.
Өнер мен үшін жаңалық болған жоқ, туыла сала театрдың кулисасы етегінде домалап өстім… Анам 3 жасымда биге икемім бар екенін байқағанын айтады. Оның айтуынша, өте жылдам, шапшаң, ширақ болған екенмін. «Айнаның алдынан кетпейтінсің. Үйдегі үлкен көйлектерді киіп алып, айнала беретінсің. Кішкентайыңнан өте өнер құмар болдың» дейді.Анамның өзі де мектепте гимнастикалық трюктар көрсетіп билеген екен. «Қан – су емес» деген сол шығар... Бес жасымнан сахнада билеуді бастадым. Мектеп мейрамдары менің биімсіз өтпейтін. Жоғары сынып оқушылары «Бүгін сен билейсің бе? Сен билесең концертке барамыз!» деп сұрап жүретін. Өте үлкен қошеметпен, сүйспеншілікпен көретін биімді. Он бір жасымда Тараз қаласындағы қазіргі «Баласағұн» мәдениет сарайының жанынан құрылған «Айша-Бибі» би ансамблінің тұңғыш солисті атандым. «Алтынай» биін соло орындауда көп қыз ішінде маған бұйырды. Қазақ және әлем халықтары биінің көптеген түрін үйрендік. Сол кезден облысқа таныла бастадым. Қызығушылығым осылай басталды. Мені өмірім осы салаға алып келді. Сондай-ақ би сабақтары қиындығымен ұнайтын. Әрдайым Шара апамыздың суреттеріне қызығып қарайтынмын. Биден келгенде су болған киімімді шешуге де шамам жоқ болып құлайтын едім. Негізі би өнері адамның өмірін мәнді ететін өнер. Спорттың әдемі түрі болып саналатын би өнері адам ағзасына физикалық тұрғыдан оң әсерін беретін болғандықтан, оны сүймеу мүмкін емес!
— Қазір заман ағымына орай жастардың көбі заманауи стильде билеу дәстүрі белең алып келеді. Осыған орай, өзіміздің ұлттық биге деген қызығушылықтары төмендеп кеткен жоқ па?
— Әрине, ұлттық биді тек ұлтын шексіз сүйетін адам ғана жақсы көріп, бар жүрегімен орындайды! Ұлттық би – әр халықтың өнерінің классикасы болып саналғандықтан, ол өте күрделі. Жастар, әрине көбінде жеңіл түрін ұнатады, таңдайды. Болашақтың қызығушылығын арттыру үшін ұлттық биді біз дұрыс үлгіде жеткізіп, алтындай қалпын бұзбай, әдемі етіп көрсете білуіміз керек. Өз ұлтымызға тиесілі тәтті тұстарын сол күйінше әдемі жеткізіп, көрсете білсек, әркез жастардың қызығушылығы артады. Осы тұста кәсіби бишілердің мойнында үлкен жауапкершілік бар. Ал енді біз оны әр ұлттың биімен араластырып, кім болса соған ұқсатып билеп, бастапқы өз ұлтымызға ғана тән нәрсесін бұзып билесек, оның дәмі болмайды. Қызығы да қалмайды. Мен жастарды біріншіден өз ұлтын шексіз сүйюге, өз ұлтының мәдениетін, классикалық өнерін көбірек қызықтап, үйренуге шақырамын. Өз ұлтының өнерін басқа ұлттың өнерінен айырмашылығын сезінуге үйрену керек деп ойлаймын. Ол үшін олар бос уақыттарында концерт, көрме, музей секілді тамаша жерлерге көбірек баруы керек. Іздену керек. Адам баласы ұлтын өзгерте алмайды ғой. Сондықтан да өмірдегі ұстанымдарды көбірек ойланғандары дұрыс. Мен оларды жоғарғы мәдениетке үндеймін!
— Үйірмеңізге тек қана қазақ ұлттық билеріне қызығушылық танытып, үйренгісі келетін жастар келеді ме?
— Менің би мектебіме жалпы би үйренгісі келгендер келеді. Кейбірі тек денсаулық үшін деп те айтады. Ал біздің негізгі бағытымыз – ұлттық билер. Ол жерде тек қазақтың биі ғана емес, әлем халық билері үйретіледі. Сабағымызда қазақтың биіне үлкен көңіл бөлінеді. Сол себепті, ұлттық биімізді тереңдетіп үйретемін. Оның ішінде – гимнастика әліппесі, балет әліппесі, актерлық шеберлік, ұлттық билер, әлем халықтары билері осының барлығын үйретемін.
10 жылға жуық істеген мектебім қазір уақытша карантин басталғалы жабық тұрмыз. Өйткені, өзімнің шығармашылығыммен де айналысып жүргендіктен, әрі сабақты өзім беретін болғандықтан, ашпай тұра тұрайын деп шештім. Оның бәріне үлгеру мүмкін емес. Кейінірек би мектебімді жаңа форматта кеңінен ашып, қолға алу жоспарда бар. Шәкірттеріме келсек, 100-ден аса шәкірт дайындадым. Олардың әрқайсы – 40-қа жуық республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, лауреаттары. Бір жылда – 10 байқаудың бас жүлдесіне ие болған кездеріміз болды. Шәкірттеріммен мақтана аламын! «Ұстаздан шәкірт озбаса – ұстаз тұл» демекші, олардың менен асып түсуін тілеймін!
Шәкірттерімнің ішінде болашағынан үміт күттіретін – 3-4 қыз бар. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын туабіткен талантты балалар. Барлығын өзімнің туған қызымдай жақсы көремін. Оларға ұлттық биді үйретіп қана қоймай, еліміздің патриоты болу мақсатында көп әңгімелер айтып, жүректеріне ұлтына деген сүйіспеншіліктің дәнегін егуге тырысамын. Тәрбиелерін, әр айтқан сөздерін, қылықтарын жіті қадағалап отырамын. Тіпті ата-аналары «Сіз айтыңызшы, сізді тыңдайды» деп үйдегі мәселелерін маған айтады. Барлығы мені анасындай жақсы көріп, жүгіріп келіп құшақтағанда құлата жаздайды. Өздері де мінездері де мықты шәкірттерімнің.
— Сіздіңше, әр ұлттың билері бір-бірімен қалай ерекшеленеді?
— Ұлттық би әр халықтың сахнадағы айнасы іспеттес. Ұлттық би арқылы біз халқымыздың мінез-құлқын, тұрмыс тіршілігін, салт-дәстүрін, киім үлгісін, шаш үлгісін бәрін көруге болады. Ұлттық билер бір-бірінен ерекшеленіп тұруы қажет. Мысалы, өзбек пен ұйғыр ұқсас халық болғанымен, олардың мінездері де, тілдері де, киімдері де бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Ал енді қазақ пен қырғыз бір-біріне ұқсайды дейді. Бірақ олардың да ерекшеліктері жетерлік. Біз ұлтқа бөлінгеннен кейін, өнеріміздің де ұқсамайтын жерлерін анықтап, айшықтап көрсетуіміз керек. Шеберлік дегеніміз сол. Ұқсайды екен деп бір-біріне былықтырып жүргендерді түсінбеймін.
«Әр ұлттың салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, біздің билеріміздің өз ерекшеліктері өзінде болуы шарт. Әр ұлт өзінше ерекше. Әрқайсы өзінше керемет. Соны ұмытпауымыз қажет. Қазір біздің қазақтың ұлттық билерін басқа ұлттарға ұқсатып, басқа манерамен билеп жүргендер бар. Олар мен үшін – әуесқой адамдар. Бидегі қимыл өзгерді дегенше, мінез де өзгерді деген сөз. Өйткені, қимыл-қозғалыс адамның сахнадағы жүрек дүрсілі. Жүрек қазақша болу керек. Би дегеніміз – ол ең әуелі жан қозғалысы!
— Қандай жетістіктеріңізбен мақтана аласыз?
— Қазір менің өмірімде жаңа бір этап басталғандай… Мен мемлекет тапсырмасымен шетелде көп болдым. Мысалы, Венгрия, Чехия, Словакия, Германия, Турция, Швеция, Словения, Франция, Москва, Қырғызстан т.б. елдерде бірнеше реттен болсам, Испания, Япония секілді мемлекеттерде ұлттық биді биледім. Үндістанның астанасы Дели қаласында орналасқан атақты «Катхак-Кендра» би университетінде бір жыл оқыдым. Ол жақта жүріп қазақ биін бірнеше рет билеп, еліміздің би өнерінің үлгісін көрсеттім. Үнді мұғалімдері маған қазақ биін билетіп қойып, «қалай майысасың?» деп таңғалатын. Емтихан тапсырғанымда да соңында «ал енді өз биіңді билеп берші» деп сұрайтын. Бір-біріне қарап, бастарын шайқап, мұндай қимылдарды бұрын-соңды көрмегендерін айтатын. Әсіресе, Францияда соңғы рет болғанымда, «ЮНЕСКО» сарайында биімнен кейін талғампаз француздардың дүр етіп орындарынан тұрып, сахнадан жібермей қошемет еткені менің есімде мәңгілікке сақталады. Ол бүгін мен үшін мақтаныш. «Бала кезімде биші болуды армандадым. Қазіргі арманым – қазақтың биін әлемге таныту», деп үнемі айтушы едім. Сол себепті, арманым орындалған бишімін. Бала арманым алдамағанына көзім жетті. Би – менің өмірім. Мен бисіз өмірімді елестете алмаймын. Менің өмірдегі миссиям осы секілді. Исраил Сапарбаев ағамыз маған «Өнер адамы – индивидум. Ол ешқашан жалғыз болмайды» деп еді. Рас екен. Маған көптеген атақты ақындар өлең де шығарды. «Би Патшайымы» деп атай бастаған халқыма басымды иіп рақмет айтамын! Басқа қандай атақ керек?.. Рақмет!
Би өнерінің өркендеуіне тарыдай септігім тиген болса – мен бақыттымын!Ұлттық өнеріміздің жалауын тік ұстайық. Өйткені, елмен елді таныстыратын сол халықтың ұлттық өнері.
— Өзіңіз қызмет етіп жатқан «Қазақконцерт» жайлы айтсаңыз?
— «Қазақконцерт» өнер ордасында – 24 жасымнан солист биші қызметін атқарып келемін. Өнер деген қиын жол екенін түсінемін, әрине. Мақтап жүріп, ары итеріп-бері жыққан қиын кезеңдерден де өттім. Бұл қасиетті қара шаңырақта жүріп, еліміздің мен бармаған ауылы, колхоз-совхозы жоқ шығар. Гострольдерде бір жылда бірнеше рет, күніне екі, үш концерттен беріп тер төктік. Елім үшін әрдайым қызмет етемін. Ол мен үшін баға жетпес мәртебе!