Перизат періште емес, оны пайдаланғандар ше?

Өткен жылдың аяғында депутаттар тарапынан қайырымдылық қорларын қадағалау керек деген идея айтылып, қоғамда қызу талқыға түсті. Көпшілік қолдамады, азаматтық қоғамды шектемеу керек деп жатты.
Соның артынша-ақ 100 томға жалғасқан Перизат Қайрат ісі басталып кетті. Қазір ақпарат алаңдарын жаулаған бұл сот ісі күнде бір «сенсациясымен» таңғалдырып жатыр.
Әңгіме 1,5 млрд теңгеден басталған еді. Логотипі елдегі су тасқыны кезінде көзге әбден жатталған «Біз біргеміз» қорының төрағасы Перизат Қайрат уақытша қамауға алынғаны айтылды. Одан соң желтоқсанда сот санкциясымен жылжымайтын мүлкі мен басқа да дүниелері тәркіленді. Сәуірде Қаржы мониторинг агенттігі келтірілген шығын көлемі 3,5 миллиард теңгеге бағаланғанын хабарлады. Ал шілдеде сот ісі басталды. Жұрт қоғам назарын аударған процесс ашық өте ме деп күткен. Десек те, жарияланбауы тиіс ақпараттар бары ескеріліп, сот ішінара жабық өтіп жатыр.
Бірақ әр сотта айтылған «бір қызық» БАҚ пен әлеуметтік желі беттерінде талқыға түсуде. Ең алдымен Перизат Қайраттың өзі тергеу изоляторы қызметкерлері соққыға жықты деп мәлімдеді. Алайда Астана қалалық полиция департаменті мұны жоққа шығарды. Дәлелдерін ұсынды. Одан кейін «қазақстандық Анна Дельви» атанған қор басшысының жоғары білімі жоқ екені айтылып, тіпті колледжді де тәмамдамағаны белгілі болды. Әлеуметтік желідегі парақшаларында шетелдік оқу орнын аяқтадым деп пост салған, онысын әрдайым мақтанып айтып жүретін, дипломы жоқ болып шықты.
Осы ақпараттың тарағаны сол-ақ еді академиялық дәрежесі жоқ адам қалайша министрдің кеңесшісі болып, мемлекеттік марапат алып жүр деген заңды сауал туындады. Расында ол 2023 жылдың 17 мамырында шыққан №59-ж бұйрығымен Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі болып тағайындалған. Ал еліміздегі ең оперативті волонтердің образын жасап жүрген кезінде «Шапағат» медалін алған. Бұл жай ғана сый-сияпат немесе алғыс хат емес, мемлекеттік марапат... Қор құрылтайшысы ретінде тіркелген аманаттықтар, сотта Перизаттың өзі шақырған Бауыржан Байбек тағы бар.
Иллюзияға халық қана емес, билік те сенеді
Осының бәрінен соң Перизат қылмыскер ме, әлде қылмыскерлердің ішіндегі қолға түсіп қалғаны ма деген пікірлер де айтылып жатыр. Бұл туралы әлеуметтанушы маман Данияр Шәкенов:
«Қазіргі таңда өтірік имидж қалыптастыру үшін армандағы өмірді көрсететін, сол арқылы «жеке бренд» қалыптастыратын медиа тұлғалар аз емес. Оны блогер десек те, белсенді десек те, басқаша атасақ та, мазмұны осыған саяды. Әдетте шетелдегі білім, бірнеше диплом, соңғы үлгідегі көлік пен жайлы үй, сұлу келбет пен сөйлеудегі ерекше әдепті мәнер, өмірге позитивті қарау деген кейс ұсынылады. Перизат Қайрат та дәл осыларды негізге алғанын аңғарамыз. Мұндай образға көпшілік сенеді де, іштей қолдайды да. Ал оған қайырымдылық жасап жүрген іскер адамның «халыққа көмектесейік» деген үгіт-насихатын қоссақ, тіптен «комбо» қалыптасады.
Шындығына келгенде, мұның бәрі сендіре алатын адамның қолынан жасалған иллюзия. Бірақ мемлекеттік награда мен министрліктегі қызмет иллюзия емес. Одан бөлек, Перизат Қайрат әлеуметтік желілерінде белсенді түрде бөлісіп отыратын серіктестіктер, жиындар мен жиналыстар, мемлекеттік қызметкерлер аты-жөні, түр-тұлғасы елге таныс азаматтар да реалды ғой. Осының бәріне жол бергендердің бар екені, әрі олардың бір-екеу емес екені тағы бар. Бәлкім, олар қылмыскер емес шығар. Десек те, мемлекеттік структура да «мен істей аламын» деген адамдарды «істеліп жатыр» деген есептілік үшін көп тартуға тырысатын секілді. Оған Перизаттан басқа да мысалдар жетерлік.
Одан соң, «козел отпущения» аталатын құбылыс бар. Оның ықтималдылығы төмен болса да, жоқ емес. Қоғам да осы нұсқаны жиі талқылап жатыр. Саясатта жиі кездесетін психологиялық және әлеуметтік механизмнің бұл түрі жалпақ тілмен айтқанда бар жаланы бір адамға итеру дегенді білдіреді. Кім білсін?» – дейді.
Бірақ Перизат Қайраттың бір басына тіркелген мүлік пен ол жұмсады делініп жатқан қаражат та аз емес. Соның ішінде Астана қаласындағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» Sensata Plaza тұрғын кешендеріндегі пәтер мен автотұрақтар, Vela Village коттедж қалашығындағы жылжымайтын мүлік, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдері бар. Бұдан бөлек, әлемдік брендтер мен сән үйлерінен алынған әшекейлер мен өзге де дүниелердің құны да таңғалдырады.
Сыбайластары бар шығар...
22 шілде күні Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында осы айыптың бәрі тізіліп, мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратты 10 жылға, ал оның анасы Ғани Алашбаеваны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ олардың мүлкін тәркілеп, 10 жыл бойы қайырымдылыққа қаражат жинауға тыйым салуды және «Шапағат» мемлекеттік наградасын кері қайтаруды ұсынды. Мемлекеттік айыптаушы оларға «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық», қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру сияқты бірнеше бап бойынша жаза тағайындауды сұрап отыр. Ал 23 шілдеде өткен жарыссөзде зардап шеккендердің пікірі тыңдалды. Жәбірленушілер сотта Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның кінәсі толық дәлелденді деген пікірде.
Ал «Жас Алаштың» әлеуметтік желілеріндегі парақшаларда: «Жалған құжат пен жалған имидж жасаудан бастап халықтан жиналған қаражатты мақсатты түрде өз бас пайдасына жаратқандықтан 10 жыл деген орынды да шығар»; «Бір адамның осыншама қаражатты жалғыз жасырып, жаратқанына күмән көп. Сыбайластары, көлеңкедегі фигуралар бар шығар. Оны Перизаттың айтпай отырғанына да өзіндік себептер болуы мүмкін»; «Жоғары білімі жоқ адамды кеңесші еткендер де, оны мемлекеттік марапатқа ұсынғандар да ескерусіз қалмауы тиіс»; «Перизат Байбекті шақырады, Байбек Назарбаевты шақыратын шығар»; «Еліміздегі қайырымдылық қорларын тексерсе, бәрінің артынан былық шығады» деген пікірлер көп жазылып жатыр.
Расында, 2021 жылы құрылған қор халықтан ақша жинаудан бастап, еліміздегі ірі кәсіпкерлер мен банктерден, мектептер мен өзге де мекемелерден ірі көлемде қаражат алып отырған. Содан бері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек берген, карантин кезінде қоғамдық жұмыстарға атсалысып, Риддердегі өрт кезінде қол ұшын созған. Көктемдегі су тасқыны кезінде де белсенділік танытып, өздерін қорлардың ішіндегі ең оперативтісі екенін айтып мақтанған. Тіпті гуманитарлық көмектерін жеткізуде Ұлттық Ұлан мен ТЖМ-ның тікұшақтарын пайдаланып, ашықтық туралы мәлімдемелер жасаған. «Таза, жүйелі жұмыс болуы үшін ТЖ кезінде халықтан жиналған қаражат толықтай Қаржы министрлігінің және Ұлттық банктің қадағалауына өтті. «Біз біргеміз» қорының басшылығы тиісті құжаттарға қол қойды. Халықтан түскен әр тиын – үлкен аманат», – делінеді сондай хабарламалардың бірінде. Расында да, министрлік пен Ұлттық банк бақыласа, жағдай осылай болар ма еді? Көмекті алған облыстардың әкімдіктері де бақылау жасамаған. Ал аталмыш қор мен оның басшысы мемлекеттік мекемелердің атын да, затын да жақсылап пайдаланып келген секілді.
«Қайырымдылық дәстүрлі құндылықтардың, өзіндік менталитеттің арқасында қазақ мәдениетінде қалыптасқан ерекше әлеуметтік феномен. Оның осыған дейін қандай стимулмен, ниетпен, жүйемен жүзеге асқанын әдебиеттен көруімізге болады. Ал қазіргі таңда осындай қадірлі байланыс халықты алдау құралына айналғаны өкінішті.
Ескеруіміз керек, елдің асары мен «сборы» мемлекеттік саясат немесе институттар жасаған дүние емес. Бұл азаматтық қоғамның жанашырлығы мен әлеуметтік санадан туындаған, дамыған құбылыс. Оған әркім бастамашы бола алады. Көптің арасында аласы да, құласы да бар. Сол себептен де мұндай істерге қарап, қайырымдылық қорлары мен олардың жұмысына сенбей қалуға да болмайды», – дейді ерікті Аяулым Тілеуқабыл.
Баян Мұратбекқызы