Перуашев президенттің сынынан соң «Штрафстан» деген сөзді орынсыз қолданғанын мойындады

Азат Перуашев парламентте "Штрафстан" деген терминді қолданғаным дұрыс болмады деп мойындады.
Президент 28 қаңтарда елді мазақтайтындардың ішінде өнер жұджыздары, белсенділер, тіпті депутаттар да барын айтты. Мәжіліс кулуарында журналистер депутатан Тоқаевтың бұл туралы айтқаны сізді меңзегені емес пе деп сұрады.
"Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының пікірімен келісемін. Егер еліміз туралы айтатын болсақ, бізде басқа мемлекет жоқ. Расында да, біз өз елімізді, өз мемлекетімізді сыйлауымыз керек. Әсіресе, шетелдік инвесторларды, туристерді шақырған кезде оларды не үшін шақырып отырмыз? Мақтану үшін бе, әлде жамандау үшін бе? Бұл жерде президенттің сөзі өте орынды, өте дұрыс. Ары қарай да біз сол жолдан таймауымыз керек, - дейді депутат.
Перуашев өз сөзінде айыппұлдар мен әкімшілік жазалардың пропорционалдылығына қатысты болғанын, бірақ таңдалған терминнің "орынсыз" болғанын айтты.
"Термин орынсыз болды, мұны мойындаймын. Бұл сабақ болады. Парламентте біз ресми тілді қолдануымыз керек. Бірақ көзқарасым сол күйінде қалады", - деді Перуашев Мәжіліс кулуарында.
Айта кетейік, 28 қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды кейбір азаматтар мазақтап айтатыны туралы сынаған болатын.
"Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден "керемет жетістіктерді, табыстарды" тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі "қоғам белсендісі" санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар. Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе", - деді Тоқаев.
2024 жылғы 4 желтоқсанда Мәжіліс «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев бұл құжатқа қарсы шығып, мұны "Штрафстан құрып жатырмыз" деп айыптай сөйлеген еді.