Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 12 Шілде 2023

Петициямен келген Досаев петицияға кете қоя ма?

None
None

6 шілде күні Алматы тұрғындары қала әкімі Ерболат Досаевтың қызметінен кетуін талап етіп, ALASH onlinе сайтында петиция жариялады, авторы Сергей Егоров.

Осы уақытқа шейін 47 778 адам бұған ат салысып, оның 34 613-і Досаевтың жұмыстан кетуін қолдаса, 13 165 адам бұған қарсы дауыс берді.

Мұның басты себебі – қала тұрғындарының әкім қызметіне көңілдері толмайды. Петиция мәтінінде: «Құрылысқа тыйым салынған жерлерде бітпейтін құрылыстар, бүкіл қала бойынша бордюрлер ауыстырыла береді және жөндеуді қажет етпейтін жолдар жөнделеді де жатады. Сонымен қатар қала тұрғындары оның брифингте тұрғындармен сөйлесуін ұнатпайды», – деп түсіндірілген.

Енді осы мәселелерді рет-ретімен қысқаша шолып өтейік. «Тыйым салынған жерлерге құрылыс салу» ісі осыған дейін де бірнеше рет айтылды. Алайда, қала әкімі өзі мегаполис тізгінін ұстағалы жаңадан құрылыс салуға бұйрық бермегенін айтып, ақталып келеді.

Ал «ауыстырылған бордюрлер мен жөндеуді қажет етпесе де жөнделетін жолдарды» қала тұрғындары күн сайын көздерімен көріп жүр. Әсіресе өткен мерекедегі демалыс күндері қаланың бірнеше ірі көшелері жабылып, жұрт сағаттап кептелісте тұрып, әбден ығыр болды. Мұны аз десеңіз, алда тағы біраз көшелер «жөнделеді». Алматы қаласының баспасөзі таратқан ақпаратта: «10 шілдеде сағат 22:00-ден 13 шілдеде сағат 06:00-ге дейін күндізгі және түнгі уақытта Жароков көшесінен Үшкемпіров көшесіне дейін шығыс бағытта әл-Фараби даңғылының бойымен қозғалыс толығымен жабылады» делінген; сондай-ақ «9 шілде сағат 21:00-ден 11 шілде күні таңғы 6:00-ге дейін Абай даңғылымен Назарбаев даңғылынан Наурызбай батыр көшесіне дейін асфальт бетон төсеуге байланысты көлік құралдарының қозғалысын толық жабу жоспарлануда».

Бұған қоса қала әкімдігі «осындай қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрай отырып» кейбір маршрут сызбаларының да уақытша өзгертілетіні туралы айтыпты. Көнсеңіз де, көнбесеңіз де – осы. Енді осы тұста қалада осыншалық жол сүріліп, қырылып, қайта жаңартылып жатыр, оған қанша қаражат жұмсалды деген заңды сұрақ туындайды. Мұны да іздеп таптық, қаржының көлемі қомақты.

Нақтылап айтсақ, ресми ақпарат көздерінде: «қала бюджетінде ағымдағы жылы ұзындығы 200 км 230 көшені жөндеуге 20 млрд теңге қарастырылған» делінген. Енді осы қаражат игеріліп, 230 көше жөнделіп бітпейінше сіз бен біздің кептелістен көз ашпайтынымыз анық. Ал енді Досаевтың брифингте тұрғындармен қалай сөйлесетініне біраз жұрт әбден қанық (осыған дейін қала әкімінің Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуінен арнайы репортаж дайындаған болатынбыз). Түрлі әлеуметтік желілерде «тоқ бала» әкімнің тұрғындармен ұрысып, дауыс көтеріп, тіпті зілденіп, зекіп жатқаны да анық байқалады. Қош, қалай десек те Досаевтың дүмпуі қазір жер жарып тұр, аузынан шыққан әр сөзі «отыз рулы елге» лезде тарайды. Үнемі шеке басы тырысып, көзі шатынап отыратын Досаевқа жұрттың көзі үйренгелі қашан?!

 Петиция демекші, естеріңізде болса Досаев Алматы қаласының әкімі ретінде 2022 жылы «Қаңтар оқиғасынан» кейін тағайындалды. Бұл жолы да қалада іркес-тіркес екі петиция өткен еді.

Оның алғашқысы – бұрынғы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевты «қаңтар оқиғасы кезінде қаланы ретке келтіре алмады» деген наразы топ ұйымдастырды. Оған 26 мыңдай қала тұрғыны қол қойды. Осыдан кейін Сағынтаев жұмысынан кетіп, орнына Досаев келді. Халық жаңа әкімді де петициямен қарсы алды. Бұл жолы кеткен Сағынтаевқа наразылардың санынан келген Досаевқа қарсылардың саны арта түсті, петицияға 30 мыңға жуық азамат қол қойды. Бірақ бұл 30 мың адамның қарсылығына бола Досаев су жаңа креслосын босата қоймады.

Дегенмен тұрғындардың наразылығы жаңа әкімді жылы орнынан жылжыта алмаса да оның осыған дейін істеген «шалағай істерін» ел есіне тағы бір мәрте салып өтті. Осы оқиғаларды біз де қысқаша шолып өтейік. 2006 жылы Е.Досаев Денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезде Шымкентте 149 бала АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырды. Осы оқиғадан соң Досаев отставкаға кеткен болатын. Әйтсе де бұдан соң біржола желге ұшып, жоғалып кетпеді. 2006-2012 жылдары «Қазинвестбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды (жақында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда таратылу сатысында тұрған банктердің тізімін жариялады. Онда бір кездері Досаев басқарған «Қазинвестбанк» те тізімде бар.

2016 жылы банктің лицензиясы қайтарылып алыныпты. 2018 жылдан бері тарату жүріп жатыр екен). Сөйтіп, 2012 жылы үлкен саясатқа қайта оралды. Бұл жолы оны «Экономикалық даму және сауда министрі» деген жұмсақ кресло күтіп алды. Ең қызығы дәл осы 2012 жылы Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің тізіміне еніп, 19-орыннан бір-ақ шықты. Осыдан соң Досаев біраз уақыт саясатта еркін ойқастады, ешкім бетінен қақпады, бірнеше министрлікті басқарды. Тек 2016 жылы «жер митингісінен» соң атынан ауып түсті.

Дәл сол жылы жерді жекешелендіруге, жалға беруге байланысты халықтың жаппай наразылығына ұшыраған Жер кодексіне өзгерістерді Досаев басқарып отырған Ұлттық экономика министрлігі дайындаған болатын. Тұтас елді шарпыған наразылық митингінен соң Досаев екінші рет отставкаға кетті. Алайда, «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» Досаев бұл жолы да жауын арасынан құрғақ шықты. Аз уақыттан соң экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып тағайындалды.

Бұдан кейін Досаевтың тұяғын шалатындай жолында көп кедергі жолыққан жоқ. Кілең лауазымды жұмыстардың басы-қасында келеді. Кейбір деректерде «Досаевтың байлығы 110 миллион доллар» делінеді. Forbes нұсқасы бойынша ол елдегі ең бай 50 кәсіпкердің қатарына кіреді. Сондай-ақ біздің бір байқағанымыз – жол жөндеуде, бордюрлар ауыстыруда соншалық белсенді Досаев басқаратын қала әкімдігі журналистердің ресми сауалына жауап беруде соншалықты сылбыр.

Біз Алматы қаласы әкімдігінің баспасөзіне алғашқы сауалымызды 20 маусым күні жолдағанбыз. Міне, содан бері ешқандай нақты жауап ала алмадық. Бастапқы кезде «хатыңызды қабылдап алдық» деді, бірақ жауап бермеді. Қайыра сұрағанымызда тағы да «жауап береміз» деді. Бірақ жауап жоқ. Алғашқы кезде әйтеуір «әне-міне» деп сөзбұйдаға салатын, соңғы күндері тіпті сауалымызға мүлде жауап бермейтін болды.

Тегтер: